Қоғам

Адамның күйзеліске түсуінің басты себебі не?

The final spritzer

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстан суицидтің саны жағынан үшінші орын алады. Әсіресе, елімізде жастар арасындағы өзін-өзі өлтіру оқиғалары басқа елден үш есе көп дейді осы ұйымның сарапшылары. Бүгінгі күні бұл қауіпті феномен қорқынышты деңгейіне жетті. Өкінішке қарай, суицидке баратындардың көпшілігі 18-ге толмаған жастар. Бұл деректердің ар жағында қаншама адам тағдыры, отбасы қайғысы, елдің болашағы сияқты мәселелер тұр. Сондықтан осындай теріс оқиғалардың себептерін зерттеп, салдарының алдын алу міндеті күн тәртібінен түспей келеді.

Әрбір адам бала кезінен алдына мақсат-міндет қойып, өмірінің басты мән-мағынасын айқындап алуы үшін болашаққа жоспар құрып, соған жету жолында ар-ожданымен үйлесімге ұмтылуы маңызды. Яғни, жас адам бірден дұрыс жолды таңдауы оның өмірге деген көзқарасы, өз өмірінің толыққанды қожасы болуға деген тілегімен, өз тағдырын өзі жасауға тырысуымен астасып жатыр. Ал, мұның бәрі оның өмірдегі қандай құндылықтарды таңдап алуына келіп тіреледі.

Әлеуметтанушы ғалымдар суицид жасау қаупінің өсу деңгейіне өмірлік құндылықтар мен әлеуметтік жағдай едәуір ықпал етеді деп есептейді. Яғни, жеке адам өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіну дәрежесі – адамның ортаға бейімделуіне тікелей байланысты. Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсаудың себебі – адамның өмірдің мәнін жоғалтуына байланысты деп санайды. Жан-дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай қаңырап қалған адам үрей мен өзін-өзі кінәлауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі.

Қазіргі жастарға кез келген жолмен баю ма, әлде жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін беретін жоғары біліктілікті игеру ме, бұрынғы моральдық-адамгершілік ережелерден бас тарту ма, әлде жаңа шынайылыққа бейімделу икемділігі ме, тұлғааралық қарым қатынастардың шексіз еркіндігі ме, әлде табысты өмір сүрудің түрткісі болатын отбасын таңдау ма – олар үшін қайсысы құндырақ екендігін түрлі жағдаяттарға байланысты мінез құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар. өздерінің шешуіне тура келеді. Өмірді мағыналы өткізудің жолдары туралы сұраққа берілген жауаптар негізінен оң үрдісті көрсетті. Жастардың 95 пайызы өз өмірін шығармашылық бағытта, жаңа нәрселерді үйренумен өткізуді қалайды.

«Суицидке барудың себебі неде?», деген сұраққа келсек, оның ішінде эмоциялық күйзелістер, отбасы проблемалары, қаржы тапшылығы және тағы сол секілді себептер бар екені анық. Сонымен бірге, өзін-өзі өлтіру – психикалық аурудың нәтижесі деп есептеу де негізсіз емес. Өзін-өзі өлтіру идеясы туралы сөз қозғап жүрген балаларға назар аудару керек. Агрессиялық көңіл-күй, ашу ызаға тым жиі берілу, қатыгездік, тітіркенгіштік сияқты сәттердің көп болуы оған көмек керек деген белгі іспетті. Ал, керісінше, одан оқшаулану, жақтырмай қарау – теріс нәтижеге әкеп соғады, яғни, суицидті тездетеді. Өкінішке қарай, бұны көп жағдайда елеусіз қалдырамыз. Кейде адамның жанында жақын адамы болып, оған жағдайды түсіндіріп, ашық сөйлесуі жетпей жатады. Мұның бәрі суицидтік қауіп-қатердің алдын алу үшін ескерілуі тиіс.

Мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, демек, оның алдын алуға болады деп санайды. Оның ішінде күйзелістік жағдаятқа тап болуы, эмоциялық көңіл-күйі, мінезі, сырт бейнесі, құрдастарымен, достарымен қарым-қатынасына, қызығушылықтарына назар аударады. Оған қоса, интернеттегі парақшасы мен күнделіктері де анық ақпарат бере алады. Өйткені, «Өмірінде тым болмаса бір рет өзін-өзі өлтіру туралы ойланбаған бір де бір саналы адам жоқ шығар» (У.Джеймс). Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ. Ал, өз өмірін қиюға барудың ойластырған адамның басына ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгені туралы түйін жасауға болады. Сондықтан, «Эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебі не?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады.

Сұрау салынғандардың 40 пайызы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай жағдайға барады деп санайды. Ал, 29 пайызы өмірді қию – болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірде. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ойлауға мұршасы да бола бермейтіні анық.

Сондай-ақ, жалпы алғанда, айналасымен қарым-қатынасы кемшін, әсіресе, аяқ астынан жалғыз қалған адам қиындыққа шыдамай, өз өмірін қиюға баруы әбден мүмкін. Яғни, суицидтік үрдістерде психологиялық факторлар жетекші орын алады. Бала жасында ашу-ыза, үрей, жазалау, жанжалдар секілді жағымсыз жайттар көп болса, бірте-бірте суицидтік мінез-құлық басқа да проблемалармен қабаттасып, теріс оқиғаларды тездетеді. Өйткені, бала жаны сезімтал, сенгіш, көңіл-күйі ауытқымалы болып ерекшеленеді. Ата-ананың, ұстаздардың осы факторларды ескеруі өте қажет.

Жалпы, адамның жастық кезеңі ересек атану, бір кезеңнен басқасына өту сияқты жас шамасына ғана байланысты емес, сондай-ақ бір әлеуметтік-мәдениеттік кезеңнен келесі сатыға өтуді, алдыңғысының шектеулерінен шығуды білдіреді. Сондықтан, дәл осы өтпелі кезеңде жастардың бойына ешқашан ажырағысыз мәңгілік құндылықтар дәнегін себе білу, ең алдымен, отбасының міндеті. Себебі, адамның әлеуметтену үдерісі дүниеге шыр етіп келген кезден басталады және оның тұлға ретінде қалыптасуына ең басты ықпал ететін – ата-анасы, одан кейін білім беру мекемелері. Мұнда оның денсаулығы, білімі іспетті шарттарға баса назар аударымен қатар, мейірім, жанашырлық сезімдерін ояту маңызды.

Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздармен өзара қарым-қатынас – осының бәрі баланың бойынан көрініс табады. Осылайша, жүргізілген сауалнама нәтижелері жалпы қазіргі жастардың ортақ мінездемесі деуге әбден болады.

Бүгінгі бүкіл әлем халқын шарпыған ғаламдану, бұқаралық коммуникациялық құралдардың шарықтап дамуы және басқа трендтер ең алдымен жастар өміріне орасан зор ықпал етуде. Бұл үрдістен мүлдем бас тарту әлде оқшаулану мүмкін емес. Бірақ, оның теріс, жағымсыз үрдістерін неғұрлым азайту, алдын алу бағытында нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

Исламбек МУРЗАХМЕТОВ,

облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.