Өміріңді өзгерткің келсе, «Анаға тағзым» орталығына бар

Елімізде әлеуметтің әлеуетін көтеруге негізделген жұмыстар аз емес. Осы бағытта түрлі қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп, үйде отырған келіншектерге кәсіп үйретіп, өз ісін ашуға «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы елеулі септігін тигізуде. Онымен қоса мұнда қыз балаларды да өнер мен іскерлікке тәрбиелеп, қосымша оқытады. Орталықта бүгінгі уақытта әйел-аналарға арналған 8 кәсіби курс, балалар үшін 4 үйірме және заңгерлік, психологиялық кеңес беретін 2 кабинет пен 2 арнайы клуб жұмыс істейді. Осындағы курстан кәсіби білім алған бірқатар келіншектер бүгінде жеке ісін бастап, табыс тауып та жүр.
Қоғамның негізгі діңгегі – отбасын қолдау мақсатында жұмыс істейтін орталық өмірдің сан түрлі сынағына тап болғандарға жан жақты көмек көрсетеді. Мұнда келген әрбір жан психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек ала алады. Олар өз жолын тауып, болашағына сеніммен қарауы үшін орталық түрлі мүмкіндіктер ұсынады. Аналарға өз ісін бастап, жаңа кәсіп үйренуіне жол ашса, балалар қосымша білім алып, шығармашылықтарын шыңдайды. Орталық екі негізгі бағытта жұмыс істейді. Консультация беру және кешенді сүйемелдеу бөлімі – кеңес беріп, қолдау көрсетеді.
Мамандар жағдайды бағалап, тиісті көмек көрсетудің барлық шараларын қарастырып, жүзеге асырады. Егер зорлық-зомбылық қаупі болса, зардап шеккендерге уақытша баспана ұйымдастырады. Сондай-ақ, мобильді топтар арқылы жедел көмек береді. Ал, әдіснама және ақпараттық-ағарту бөлімі – отбасыларға қолдау көрсетудің тиімді жолдарын қарастырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тренингтер, семинарлар өткізіп, әйел аналарды түрлі оқыту курстарына бағыттап, балаларын үйірмелерге баулиды. Көрсетілген көмектің тиімділігін бағалап, бақылау жүргізеді.
Өткен жылы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, 67 отбасы түрлі жағдайына байланысты анықталып, әлеуметтік сүйемелдеуге алынған. Оның ішінде 12 отбасының мәселесі толықтай КЕЙС-тен шығарылыпты. Қалған отбасы мүшелері орталықтың сүйемелдеуінде. Отбасы цифрлық картасының мәліметтеріне сәйкес, 35 отбасының өмірлік қиын жағдайға түскені белгілі болған. Бұл бойынша 10 ана кәсіптік курстарға тіркеліп, бесеуі сертификат алған. Сондай-ақ, 31 әйел ана психологиялық және құқықтық көмекке жүгініп, 15 отбасының балалары орталықтың үйірмелеріне қабылданған. Бұдан бөлек қаланың 30-дан астам мектебінде арнайы жұмыстар жүргізіліп, «Жайсыз отбасы» ретінде 30 отбасы анықталыпты. Оның ішінде 2 отбасы КЕЙС-ке алынса, 10-ына материалдық және психологиялық көмек көрсетілген.
Сонымен қатар, ай сайын ұйымдастырылатын «Шарапат» акциясы аясында 87 отбасы қайырымдылық көмек алып тұрады. Бұл – тек сандар ғана емес, нақты жәрдем алған жандардың тағдыры. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы – тек көмек беретін мекеме ғана емес, қиындыққа тап болған әр адамға жаңа мүмкіндік сыйлайтын орын. Мұнда келген әрбір жанға кәсіби қолдау көрсетіліп, өмірін жақсы жаққа өзгертуге бағыт-бағдар беріледі. Осы жерден жаңа кәсіп үйреніп, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған аналар да бар.
Осы орталықтың тырнақ әрлеу курсынан білім алып, бүгінде соны кәсіп етіп жүргендердің бірі – Гүлнұр Нұрманова.
– Бала күтіміне байланысты демалыста отырған үш баланың анасы әрі жұмыссыз едім. «Анаға тағзым» орталығында түрлі кәсіпке үйрететін тегін курстар барын естіп, барғанмын. Тіпті сонда оқып жүріп-ақ көршілеріме, таныстарыма маникюр жасап, алғашқы табысымды таба бастадым. Ақша тапқан соң, өзіме сенімділік пайда болды. Содан соң сұлулық салонына барып, жұмыс істедім. Салонда жұмыс істей жүріп, «Анаға тағзым» орталығының шаш сәндеу курсына да барып, білім алдым. Жақында ғана осы орталықтағы бет әрлеу курсын да тәмамдап шықтым. Қазіргі уақытта жан-жақты шебер болып жұмыс істеп жүрмін. «Анаға тағзым» орталығындағы курс жетекшіміз Ғазиза Сүгірбаеваға алғысым шексіз, тегін үйренсек те ақылы курстардан артық білім берді. Жұмыс істеп жүріп те білмегендерімді сол кісіге барып сұрасам, уақытын бөліп үйретті. Қазір салонға келген қыз-келіншектер шаш сәндеу ме, бет немесе тырнақ әрлеу ме, қайсысын сұраса да ойындағыдай жасап бере алатын болдым. Ендігі мақсатым – өзімнің жеке сұлулық салонымды ашу, – дейді Гүлнұр Әлмұханқызы.
Көптеген аналарға кездескен кедергіні жеңуге, кәсіпкерлікке бейімделуге жол ашқан бұл орталық бүлдіршін қыздарды да бақытты болашаққа бағыттап, тіршіліктің сан қырына бейімдеп келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА