Аймақ

Байзақ пен Жамбыл аудандарында мал ұрлығы неге өршіп тұр?

The final spritzer

Хәкім Абайдың: «Қазақтың міні – мал ұрлығы» дегені бар. Ұлы ақын қалай дәл тауып айтқан десеңізші. Жаугершілік пен барымтаның заманы артта қалған қазіргі заманда да мал ұрлығы азаяр емес. Бұл күнде жылдың қай мезгілінде де төрт түлігінен қапыда көз жазып қалған азаматтардың қарасы қалың. Ал, қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таянғанда бұл қылмыстың жиілеп кететіні тағы бар.

Рас, әулиеаталықтардың 70–80 пайызы мал шаруашылығымен шұғылданады. Міне, осы төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырған тұрғындардың дегбірін барымташылар қашырып отыр. Мұндай ұрлықты ұйымдастырушылар – кәнігі қылмыскерлермен қатар, жалған құжат жасайтындар, ұрланған малды тасымалдаушылар, қасапшылар, қара базардағы алып-сатарлар, бір сөзбен айтқанда, сыбайласқан топ. Полицейлер ұрыларды темір торға топырлатып тоғытып жатса да, төрт түлікті қолды етушілер тыйылар емес. Өңірлік полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Еркебұлан Сәрсенбаевтың айтуынша, соңғы жылдары облыс аумағында мал ұрлығы бәсеңдей түскен.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен 23,2 пайызға азайған және нақ осы қылмыстың ашылуы 55,3 пайызға артқан. Тәртіп сақшысы бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізуге Ішкі істер министірлігі қабылдаған 2024-2026 жылдарға арналған бағдарлама өз септігін тигізгенін атап өтті.

Сонымен қатар спикер мал ұрлығының алдын алу мақсатында 5 бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, алғашқы бағытқа сәйкес, мал сою орындарын тексеру кезінде облыс аумағында 54 мал соятын орындардың барлығы сүзгіден өткен. Нәтижесінде, бас аяғы 26 мал сою орны жұмыс істемейтіндігі анықталса, Тараз қаласынан заңсыз мал соятын орын әшкереленген. Ал, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 406-бабы бойынша мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 246, 408 бапқа сәйкес, мал жаю ережелерін бұзудың 573 фактісі тіркелген. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері «Қашар» іс-шарасы кезінде де айдың-күннің аманында төрт түлікті қолды еткендердің жолын кесіпті.

Өкінішке қарай, мал ұрлығы Байзақ пен Жамбыл аудандарында өршіп тұр. Тәртіп сақшылары мұны төрт түліктің құмды алқаптарда жайылатын және тұрғындардың өз малын ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдыруымен байланыстырады. Осы себепті, полицейлер азаматтарды мал жаю ережелерін мұқият сақтауға, қылмыс орын алған жағдайда дер кезінде 102 арнасына қоңырау шалуға шақырады. Олардың сөзінше, тұрғындар жоғалған малдарын өз күштерімен іздеуге әуес.

Алайда, одан нәтиже аз екен. Еске салайық, Қылмыстық Кодекстің мал ұрлығына қатысты бабына енгізілген өзгеріске сәйкес, мал ұрлығына қатысы бар адам 5 жылдан 7 жылға, ал егер ол ұйымдасқан қылмыстық топ болатын болса, 10 жылдан 12 жылға дейін дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мал ұрлығына қатысы бар адамға бұрынғыдай бітімгершілікке келу мен кешірім қарастырылмаған. Демек, төрт түлікті қолды еткен адам абақтыға қамалып, жазасын өтейді. Сондықтан, тепсе темір үзетін кейбір жігіттер қылмыстың өтеуі – жаза екенін ұмытпай, адал еңбекпен мал табуға әрекеттенсе дейміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ