Домбыра тартып бала емдеген...

Әр аудандағы тарихи-өлкетану музейлерінде бірқатар бағалы жәдігерлер сақталған. Ондай құнды дүниелерге келушілердің де қызығушылығы жоғары. Соның бірі – Қаратау қаласының тұрғыны Махан Жаналиевтің 30 жыл тартқан домбырасы. Ол домбыра қазіргі таңда Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталып тұр. Ақсақалдың бұл ұлттық аспаппен балаларды емдегені де – бір ерекшелік.
Осыдан бір жыл бұрын ақсақалдың домбырасын үлкен ұлы Тілепберген Жаналиев аталған музейге өткізген. Бұл көне аспаптың тарихы аз емес. Осы қалақтай ғана көне домбырамен қаншама күйлер тартылып, сырлар шертілді десеңізші!
Бір айта кетерлігі, Махан Жаналиев ақсақал Ұлы Отан соғысы жылдарында уәкілетті органда арнайы полиция қызметкері болып қызмет атқарған. Бұл Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген қызмет. Сұрапыл жылдарда полиция қызметкері болған Махан Жаналиев ақсақал кейінірек жұбайы Қамқа Байсейітова екеуі бірнеше жыл мал баққан екен. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Кейіннен екеуі де зейнетке шығып, Қаратау қаласында тұрған. Махан ақсақал зейнетке шыққан соң сынықшылық кәсіппен айналысыпты.
Сонымен қатар, домбыра тарту арқылы балаларды емдеген. Бір сөзбен айтқанда, домбыраны ән орындауға да, емшілік мақсатта да пайдаланған. Ол туралы біз ақсақалдың баласы Тілепберген Жаналиевті де сөзге тарттық.
Тарихы қызықты бұл домбыраны тамашалаушылардың қарасы қалың. Жалпы, домбыраның қазақ үшін сондай қастерлі екенін айттық. Осынау қасиетті аспабын жоғалтып алып, таба алмай жүрген қаншама танымал тұлғалар бар.
Мәселен, әйгілі ақын Жақсылық Сәтібеков өзіне Бауыржан Момышұлы сыйлаған домбыраны бір облыстық ақындар айтысында жоғалтып алған. Қанша іздесе де, таба алмапты. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген композиторы Әбиірбек Тінәлі арнайы тапсырыспен жасатқан «Әбиірбек Тінәлі» деген ірі жазуы бар домбырасын пойызда жоғалтып алғанын айтып өкінеді. Осы жағдайлардан халқымыз үшін домбыра аспабының қаншалықты құндылығын байқауға болады.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы