Қақпа ашылып, қатынас жақсарды

Шүкіршілік, Меркі ауданының халқы 90 мыңға жуықтады. Әрине, халықтың саны артқан сайын түрлі мәселелер де көбейе түсетіні анық.
Сондай көкейкесті проблеманың бірі – көптеген жылдар бойы халыққа үйреншікті әрі ыңғайлы болған аудандық орталық ауруханаға күре жолдан кіретін тура жол болатын. Алайда, түрлі түсініксіз жағдайлармен ол қақпа жабылып, науқастар мен келушілер келесі көшені айналып, алыс жолмен ауруханаға баратын күй кешкен-ді.
Міне, жұрт үшін жанашыр ауыл ақсақалы болғандықтан, бірқатар тұрғындар маған жолығып, осы мәселенің мәнісін біліп, қақпаны қайта ашу жағынан көмек сұраған еді. Мен өз кезегімде орталық аурухананың бас дәрігерін жағаладым, нәтиже болмаған соң, сол кезде аудан әкімі болған Ж.Баубековке де қайырылдым.
Алайда, әлгі ескі қақпа ашыла қоймаған соң, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаевтың жеке қабылдауына кірдім. Ол бірден бас дәрігерді шақырып, бұл мәселенің халық үшін оң шешілгенін, яғни, жолды ашу керектігін нақтылап айтты. Ол өткен жылдың жаз мезгілі болатын.
Көп ұзамай қақпа ашылып, жұртқа өте ыңғайлы болды. Ол үшін жоғарыда аталған Қайрат Рахымбайұлына Меркі жұртшылығы атынан алғысымды айтамын.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Меркі ауданы