«Ойды қуып осы жасқа жетсем де, Ойлай білмес ойсыздардан қорқамын»

Шаңырағы күнге, керегесі көкжиекке ұласқан ұланғайыр Ұлы далаға көрік берген көктемнің әр сәті лирикалық лепке толы. Сәруәр сәуірдің әр атқан таңы дала дастанына жаңа жыр болып жазылып жатқандай. Жер дүние жаңарып, туған өлкеге құс қанатындағы сағыныш сыр айтатын кезең жүректің һәм өлеңнің, хакім Абайша айтқанда «сөз патшасының» сөйлейтін сәті. Сондықтан, топырағы толғана тарихтан сыр ақтарып, жусанынан жыр аңқитын киелі Әулиеата өлкесінің сұлулығын, көңіл күмбірін өлеңмен өрнектеген талантты ақын, «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды», «Дала төсіндегі ән» кітаптарының авторы Сәт Мәлібековтың өлеңдерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Керегімді күзден күтем
Жүрген шақта таптырмай іздегенім,
Сары кірпік келіпті-ау күз дегенің.
Сыртқа шықпай жатсам да үй ішінде,
Ойларым жүр қаңғырып түзде менің.
Менің де көп бүгінде аңсағаным,
Керексінем желпінтер таң самалын.
Артта қалған күндерге көз жүгіртіп,
Еске алуға әр күнін жан саламын.
Қайта оралмас басымнан жазы өткен,
Құстар әні сондағы назды неткен.
Бұғып қалған көңілдің тереңінде,
Тірілте алмай әуремін сазды шөккен.
Көктем артқан шаттығы кіл есімде,
Мендік жайды інім-ау білесің бе?
Жүрмін десем жетпісте өлең қуып,
Құптайсың ба, жоқ әлде күлесің бе?
Жетеме деп о, шалым ерік-күшің,
Мұқатсаң да, сөксең де еріктісің.
Әр мезгілдің бар болса сұлу сәні,
Күз сыйлайды дәл маған көріктісін.
Уақыт мені тергеуде
Күннің көргем ұясына батқанын,
Бүгін көрдім арайланып атқанын.
Жерді басып жүргенің де бір бақыт,
«Шал» десең де көңілім жас, патшамын.
Ауызға алып жиі-жиі Құдайды,
Күн өтті деп санам іштей жылайды.
Көңілім жүр алға ұмтылып дес бермей,
Білем ол да түбінде бір құлайды.
«Шүкір» деймін жаңа күнді көргенге,
Аптығады мендік мына өр кеуде,
Не тындырдым, жауап берер кез келді,
Мазамды алып уақыт мені тергеуде.
Мұң шақырып ойға қалам не дермін,
Мойындаймын өніп-өсіп, көгердім.
Келмейтінін қайдан білсін бұл, шіркін,
Атанымды жол үстіне шөгергім.
Уақыт деген ерке қыз ба кекілді,
Кеш түскен бе ауып кетіп екінді.
Артқа қарап мен өмірді аядым,
Өмір болса мені аяйтын секілді.
Жаратқанға
(Көсемәлі Сәттібайұлының ұлы Досхан қаза болғанда)
Көсемнің жыртып жағасын,
Әкеттің, көнді, ағасын.
Алардай саған не жазды,
Қыршыннан қиып баласын.
Кешпеген жердің лайсаңын,
Жаны жомарт жайсаңым.
Өшіріп алды-ау қайтейін,
Қолындағы май шамын.
Кімнің де тілеп өскенін,
Елдікі деген еккенім.
Азамат, атпал тау ұлдың,
Көрмекпін қалай шөккенін.
Қанатын мұқап қайырып,
Ұлынан ерте айырып.
Дедің бе айтшы, Жаратқан,
Атағы кетті жайылып.
Шеменді шерін қозғатып,
Қайғының күлін қоздатып.
Талантты ұлың не жазды,
Күңірентердей боздатып.
Талаймен мен де сыйласқам,
Шашқаны болса жинасқам.
Жүруші ем өзін бел санап,
Жамандыққа қимастан.
Пейілін көргем, сыйын да,
Сөйлеу жеңіл жиында.
Досты қалай жұбатам,
Көңіл айту қиын, ә...
Менен күдер үзбеңдер
Ешбір жанға артар кінә, өкпем жоқ,
Адамдардан жырақтап та кеткем жоқ.
Үй маңында жалғыз қалдың деп сөкпе,
Көңілім жүр сағым қуып көктем боп.
Жасқа жеттім егделік дер шау тартқан,
Күш те қайтқан құлаш жетпес бауды артқан.
Сұлулыққа қарап қалам сұқтанып,
Қуса-дағы кәрілік дер жау арттан.
Жанар солғын жанған кеше шырақтай,
Жігер де жоқ төске өрлеген құр аттай.
Басқа жанмын кешегіден десем де,
Жүрмін, шүкір, сезім туын құлатпай.
Мейлің құпта, мейлің сенбе жігітім,
Жетелейді алға жүр деп үмітім.
Күдер үзу әлі менен ертерек,
Түте алмаған жүн етеді түбітін.
Менің-дағы мақсатым бар жан білмес,
Армандарым шашасына шаңды ілмес.
Тұрсам анау биік қырдың басында,
Таңданғанмен жаңа атқан таң күлмес.
Мені жұрттан айырма
Білгіш айтса теңізде де ағын бар,
Шақырады қолын бұлғап сағымдар.
Болмас тегі қолға қалам алмасам,
Жазбай кетті деп жазғырған шағым бар.
Өтінемін, мені жұрттан айырма,
Кемем тоқтап қалмақ емес қайырда.
Үміт, сенім, қайрат-жігер керек-ақ,
Шабыттанар жетпістегі шайырға.
Өлең жазам қоңыр мұңға қосақтап,
Олқым болса алар мені дос ақтап.
Көктем, жаздан қол үзгенмін қоштаспай,
Енді менің кім сыртымнан тас атпақ?
Көкте құстар еркін қақса қанатын,
Жерде менмін солардан ән алатын.
Жастық шақта желден-дағы әуездер,
Сәулеленіп көңіліме қонатын.
Кемемді айдап шығам шалқар теңізге,
Білсең айтшы, өнер, өлең егіз бе?
О, Жаратқан, мені пендем дер болсаң,
Мен бейбаққа біттім, семдім дегізбе!
Өмірді бағалау
Өтіп кеткен жастық атты дәуренім,
Ыстық шақты еске алумен әуремін.
Ой жүгіртіп отырам да өкінем,
Жазған хатын сақтамаппын Сәуленің.
Кім ұмытар білгені мен көргенін,
Әлі есімде қырдың гүлін тергенім.
Өз даламда кеудемменен көк тіреп,
Шайыр болып сөзден өлең өргенім.
Тәтті сәттер тірі менің санамда,
Мұң балынан сусап ішсем қанам ба?
Қайта оралмас шомыламын елеске,
Бірде суып, бірде от боп жанам да.
Еске алудың жоқ демеймін пайдасы,
Өткен күндер болмысымның айнасы.
Шалыс басып сан жасағам әбестік,
Өлеңім ,сен соны жұртқа жаймашы.
Кім айтады мені көктен түсті деп,
Тірліктің тек бал шарабын ішті деп.
Әрең жеткем осы жасқа мойындап,
Шіркін, өмір, мына менен күшті деп.
Арманым бар, араймын
Көңіл қайда саулығыма қарасқан,
Сәнім қайда өн бойыма жарасқан.
Өзімді іздеп таба алмай сабылып,
Арманым жүр дала кезіп адасқан.
Іздеп жүр ме сағынышпен өткенін,
Тапты ма екен гүлін терген көк белін.
Жөні де жоқ жоғалардай себепсіз,
Ол да мендей аңсай ма екен көктемін.
Арман менен, мен арманнан адасқам,
Айтшы кімің жанашыр боп қарасқан.
Талап, үміт, ой үшеуі бас қосып,
Жақ ашпастан үнсіз ғана тарасқан.
Жан болмады мендік жоқты іздескен,
Қиялды ерттеп өзім шығып із кескем.
Жастық шағым өткен қырдың төсінен,
Тауып алып қуанышпен жүздескем.
Арманым бар, шуақ шашқан араймын,
Әрбір жанға күлкі сеуіп қараймын.
Адамдардың көңіліне нұр төгіп,
Құт түнетер жиһазы дүр сараймын.
Жүргендеймін аманатты арқалап
Тоқырауда отап шапқан тоғайдай,
Қатарларым сиреп қалды ой, Алла-ай.
Жерді басып жүргенімді қайтейін,
Көңіл шөккен, тірлігім жүр оңалмай.
Еңбек еттім дей алмадым еселі,
Қария да бола алмадым көшелі.
Қос қолымды көтеремін қарсы боп,
Кейбіреулер мені азамат деседі.
Керім шақтың ұмытқам жоқ түгін де,
Бәрі кетіп үшеу қалдық бүгінде.
Шеттерінен аптал еді, нар тұлға,
Біз солардың есе алмаушы-ек жібін де.
Шеттерінен өнерлі еді, сері еді,
Орындары әрбір үйдің төрі еді.
Өкінішпен жоқтағаннан не пайда,
Мақтаудың да болмас енді керегі.
Оқылмаған қалды олардың жырлары,
Өздерімен кетті айтылмай сырлары.
Көрік, сәні солар еді даламның,
Сағынуда жазығы мен қырлары.
Тірі жүрмін, өлең жазам, жазамын,
Себебі бар, жабуласам таза мұң.
Шыға алмасам көңілінен жұртымның,
Дей алмаспын ар алдында тазамын!
Сәт МӘЛІБЕКОВ,
ақын.
Шу ауданы