Он саусағы он кісі

«Еңбектің наны тәтті» дегендей, адал ақы маңдай теріңмен келген табыстың дәмі тәтті болады. Әсіресе, бір мекемеде ұзақ жыл еңбек еткендердің еңбекке деген құлшынысы арта түсетіні анық. Бір мамандықтың шеберіне айналу – бақыт. Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Раушан Қуатбекованың жұмысы жемісті, ісі өнімді. Себебі, өз жұмысын бес саусақтай біліп, жақсы меңгерген маман.
Раушан Лесбекқызы 2002 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жақсы үлгеріммен бітіріп шыққан. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, дипломын ала салысымен мамандығына сай жұмысы табылды. «Аспара» колледжінде, өзге де жекеменшік білім ордаларында еңбек етіп, ұстаздық жұмыстың қыр[1]сырына қаныққан. Жалпы еңбек өтілі 23 жыл.
Оның ішінде 18 жыл бойы Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетінің бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандықтар кафедрасында өнімді еңбек етіп келеді. Раушан ұстаздықпен қоса қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап, дамытушы. Қазіргі заманауи үлгімен ши тоқиды. Боялған жүннен тақия, текемет, сырмақ, алаша жасайды. Ұлттық нақыштағы түрлі ойыншықтар осынау шебердің қолынан өтеді.
Аталған кафедра меңгерушісі Күнсұлу Тәукебаева университеттің таңдаулы оқытушылары арасында Раушан Қуатбекова да бар екенін айтады. Раушанның ойы атақ жинау емес, студенттерге сапалы білім беру, өнер үйрету. Жаңашыл ұстаздың ерен еңбегі ақталып келеді. Ол сабақ берген студенттер қазіргі таңда өзге білім ошақтарында қолөнер мен сызу өнерін дамытып, ұлттық құндылықты нақты іспен насихаттап жүр.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы