Денсаулық

«Біздің міндетіміз – балаларға күлкі сыйлау»

The final spritzer

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қазақшаға судай, ұлты украин болғанмен, жаны қазақ дәрігер жұмыс істейді. Ол жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне туа біткен әртүрлі ақаулары бар балаларға ота жасайтын бөлім меңгерушісі Иван Майсюк. Мақалдатып тұрып ана тілімізде сөйлегенде кейбір әріптес дәрігерлер мен емделушілер аузын ашып қарап қалады. Ұлы емші Гиппократ айтқандай, нағыз дәрігер сұңқардың көзіне, қыздың қолына, жыланның даналығына және арыстанның жүрегіне ие болуы керек. Осы қасиеттің барлығы жас та болса алғыр, көпшілікке шарапаты тиіп әрі қазақ тілінің дамуына зор үлес қосып жүрген Иван Викторұлына тән. Ол өз кәсібін жүрекпен таңдаған адам. Ауруханаға арнайы барып, жүрегі қазақ деп соққан көгілдір көзді, түсі жылы дәрігермен сұхбаттасып үлгердік.

– Дәрігер, айтыңызшы, қазақша қайдан білесіз? Қай жақтың тумасысыз?

– Мен 1987 жылы Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында туып-өстім. Үйде әкем де, анам да, бауырларым да қазақша сөйлейді. Мақал[1]мәтел, жұмбақ, ақындардың жырларын оқып өстім. Менің ұлтым украин демесеңіз, мен таза қазақпын. Алған жарым – қазақтың қызы. Тіліміз қазақ тілінде шықты. Ауыл балаларымен ұлттық ойындар ойнап өстік. Кіндік қаным тамып, өсіп, өнген жердің тілін құрметтеуім, білуім және сол тілде сөйлеуім шарт деп білемін.

 – Мектептен кейін қайда білім алдыңыз?

– Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында медициналық білім алдым. Он жылдың көлемі болды, осы ауруханада жұмыс істеймін. Біздің облыста мақтанғаным емес, жоғары санатты, өте білімді дәрігерлер көп. Мәселен, бізге басқа қалалардан және шет мемлекеттерден де ем іздеп келеді.

– Иван Викторұлы, бұл бөлімге қандай науқастар жүгінеді?

– Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне туа біткен әртүрлі ақаулары бар балалардың ата-аналары көп жүгінеді. Атап айтсақ, жоғарғы еріннің қысқарған френулумы, тілдің қысқарған френулумы және тағы басқа аурулармен келеді. Осылардың ішінде, жоғарғы ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балалардың ата-аналары көбірек қайырылады.

– Айына неше ота жасайсыздар?

 – Бір айда ерін мен таңдайдың туа біткен ақауларына қатысты 20-дан астам ота жасалады. Алайда, бұл жағдайда бір операцияда алғаш рет екі ақау бірден жойылады: еріннің жырығы және жырық жағында орналасқан мұрын қанатының дұрыс емес пішіні. Бұған дейін хирургиялық емдеу кезең-кезеңімен жүргізілді.

– Жақ-бет хирургінің басты міндеті не?

 – Біздің міндетіміз – балалар мен олардың ата-аналарына күлкі сыйлау. Заманауи әдістер алғашқы операция кезінде мұрынның туа біткен деформациясын жоюға ықпал етеді және алынған нәтижені сақтауға, мұрынның шеміршек құрылымдарының қалыпты өсуіне алғышарттар жасайды. Өз кезегінде, бұл операциядан кейінгі деформациялардың дамуын болдырмауға және балаларды медициналық-әлеуметтік оңалту мерзімдерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

– «Instagram» әлеуметтік желісінде белсенді екенсіз. Әлеужеліге уақытыңыз жеткілікті ме?

– Заманның ағымына қарай мен де әлеуметтік желіні ақтарып, өз парақшамды жүргіземін. Онда мен сәтті аяқталған оталарды салып отырамын. Дәрігерлердің еңбегін көрсеткім келеді. Жасап отырған адал ісімізді салып отырғанның сөкеттігі жоқ шығар. Бірақ соңғы кезде белсенділігім азайып жүр. Өйткені ота жасау, бөлімдегі балаларға жауапты болу керек, уақыт тапшы.

– Медицина қазақша қашан сөйлейді? Науқас сырқатнамасын қай тілде толтырасыздар? Диагноз қойғанда оны қазақшалап жазасыздар ма? Әлде түпнұсқа күйінде қалғаны дұрыс па?

– Медицина біртіндеп қазақша сөйлеуде. Лажы болса, медициналық терминдерге тиіспеген жөн. Өйткені бәрі латынша. Солай түсінікті әрі үйреншікті. Сырқатнама ғана емес, барлық құжаттар қазақ және орыс тілінде толтырылады. Ал диагнозды орыс тілінде жазамыз. Қазақша жазсақ науқас та, басқасы да оны түсінбейді. Яғни сырқаттың қазақша атауын білмегендіктен ортада түсінбестік пайда болады.

– Кітап оқисыз ба? Қай тілде жазылған кітаптар жаныңызға жақын?

– Әрине оқимын. Мотивациялық кітаптар оқығанды жақсы көрем. Ал өз ана тілімді түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын.

 – Халық арасында «қоян жырық, қасқыртаңдай» аталып кеткен диагноз бүгінгі күні неге жиі кездесуде? Бұл ауытқу ма, кесел ме, нышан ба? Осы кемістік толық емделе ме?

 – Айтып отырған қоянжырық, қасқыртаңдай сынды ақаулар ананың бойында жүктіліктің бірінші триместрінде пайда болады. Егер әйел вирустық ауру жұқтырса, не қатты ашуланшақ болса, дәрумендер жетіспеуінен де болуы мүмкін. Халық әрқилы айтып жатады. Бұл енді медицина тілімен айтсақ ақау ғой. Бірақ жазылады. Медицина дамыған. Өздігінен жазылып кетпейді. Ота жасалады. Сосын күтім керек, оңалту орталықтарына жіберіледі.

– Ибн Сина айтады: «Дәрігердің үш қаруы бар. Олар: пышақ, шөп, жылы сөз» деп. Сіз өз ісіңізде қайсысын бірінші қолданасыз?

– Әрине, біріншіден, пышақты біз міндетті түрде пайдаланамыз. Ота жасау арқылы қаншама нәрестенің оңалуына сеп болып отырмыз. Екіншіден, міндетті түрде жылы сөз. Ауырып тұрған адамға жылы сөйлесең, қуанып қалады. Әрі дәрігер айтқан соң сенеді. Науқастарға, олардың ата-аналарына байыппен, жай, жылы сөйлейміз. Әрі бұл дәрігердің этикасына да жатады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА