Адал ісімен аналарды бақытқа бөлеген акушер

Өмір – бір-біріне қамқор жандармен сәулелі. Адам болып жаратылған соң бұл жалғанда жақсылықтың уылдырығын төгуден артық міндет, одан артық қасиет жоқ шығар. Ел арасында осындай жанашырлық, мейірімділік қасиеті басым жандар жетерлік. Сондай ізгі жанның бірі – акушер Балдырған Сәрсенбаева. Әрдайым жүзінен нұр шашып тұратын Балдырған Дөнесханқызы облыстық перинаталдық орталықта ана мен баланың бірге болу бөлімінде акушер болып қызмет атқарады. Үздіксіз бір жерде тұрақты жұмыс істегеніне 22 жыл болыпты.
Қазақта «Жүкті әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деп адамнан адам шығу оңай еместігін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Осындай сәтте ана мен баланың сақшысы бола білген, екеуінің амандығын тілеп, қамқоршысы болған акушерлер туралы не білеміз? Акушер – әйел адамның жүкті болған күнінен бастап сәбиінің аман-есен туылғанына дейін ем жүргізетін, есепке алатын, бала босандыруға көмектесетін ізгі жан. Әйел адамның қамқоршы тілекшісі. Ол тек бір адамның өміріне жауап бермейді. Мойнына ана мен баланың жауапкершілігін қатар алады. Өз ісіне адал берілген Балдырған Сәрсенбаева 1982 жылы 12 ақпан күні Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген.
Балдырған екі мәрте алғыс хат пен марапатталыпты. Бір ананың өмірін сақтап қалғандығы үшін марапат алған. 2013 жылы бауыры іріп бара жатқан ананы құтқарып қалғандығы үшін, ал 2021 жылы бас акушер-гинеколог Қаракөз Әмірқызының қолынан екінші рет тағы да бір ананың өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс арқалапты. Себебі, Балдырған босанған аналардың талдау қорытындысынан-ақ шикілік барын сезген. Анадағы сирек кездесетін ауруды анықтап, ананың өмірін сақтап қалыпты. Қаншама ананың алғысына кенелген акушер өз ісіне мығым.
Балдырған үшін елдің алғысынан артық марапат жоқ. Дәрігерді емделушілері қаншама жылдар өтсе де іздеп келіп жатады. Өмірге келуіне өзі себепші болған балаларды көру жүрегін шаттыққа толтырып, көңілін қуанышқа бөлейді. Ұрпақ өрбітіп, өмірге бала әкелетін аналар үшін денсаулық ең маңызды тақырып, сондықтан олар өздерін ана болу бақытына ие еткен дәрігерге деген алғыс[1]ілтипаттарын білдіреді. Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қандай қуаныш бар? Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін сәби әкелу – әрбір ананың арманы. Ал құрсақтан шырылдап шыққан шақалақтың кіндігін кесіп, ең бірінші қолға алатын акушердің еңбегі тіптен ерен.
2012 жылы жолдасы Сәкен Найманхановпен отасып, екеуі бірге бір қыз тәрбиелеуде. Мейірім, білім, шыдамдылық – медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән. Медицина қызметкері пациенттерге кәсібилік, шынайы жанашырлық және моральдық қолдауымен ерекшеленеді. Көптің есінде жылы жүзімен, кәсіби шеберлігімен есте қалған Балдырған акушерде мұндай игі қасиеттер басым.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА