Құмды қыздырып шыны шығарады

Облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он төрт жылдан бері аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік пен өнеркәсіп ошақтарының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қордың облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исаковтың айтуынша, «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде.
«Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы іске асырылған сәттен бастап облыс кәсіпкерлерінің жалпы құны 255,9 миллиард теңгені құрайтын 4700-ден астам жобасы қолдау тапқан. Оның ішінде 3200- ден астам жобаға «Даму» қорының кепілдігі беріліп, алынған несиенің жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгені құраған. Қордан қаржылық қолдауды алған өндіріс орындарының бірі – «Достық и К» ЖШС.
Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкілерді шығарумен айналысады. Аталған кәсіпорын 2020 жылы «Даму » қоры «Бизне стің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ, өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған.
Несие сомасы 314 миллион теңгені құрады. Ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құраған еді. Серікте стіктің цех бастығы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкілер шығаратын цехтың жұмыс бастағанына да алты жылға жуықтапты. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкілері өндірісі жақсы жолға қойылған. Зауытта тәулігіне 70-80 мың шыны банкі шығарылады.
Яғни, банкінің 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам жұмыс істейді. Ондағы бір желі сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкілерді шығаруға арналған. Екі жыл бұрын оның екінші желісі іске қосылып, екінші желіде сыйымдылығы 2 мен 3 литр аралығындағы банкілер шығарылуда.
Зауыт ауласында әжептәуір шикізат қоры жиақталған. Цех басшысы Есберген Еламанов шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты. Кейбір маңызды қоспаларын Ресей мен Өзбекстан Республикасынан алдырады екен.
Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкілер құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтін де көзбен көрдік.
Дайын өнім Қырғыз және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда. Ал зауыттың Қазақстандағы негізгі тұтынушысы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы консервілеу зауыттары екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы