Алыпсатарлар азаймай, азық-түлік бағасы арзандамайды

Картоп бағамының нарықта құбылып тұрғанына бір-екі айдың жүзі болды. Бұл қалыпты жағдай дегенмен, жөнсіз өскен баға ең алдымен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретіні белгілі. Жалпы, қыс айларының соңына қарай көкөніс бағасының осылай құбылып кететіні биыл ғана орын алып отырған жоқ. Жылда қайталанатын үрдіс. Бір жылы сәбіз, келесі жылында пияз, биыл картопқа да кезек келді.
Қарап отырсаңыз, барлығы да халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары. Бүгінгі күні ірі сауда орталықтары мен сауда нүктелерінде картоптың бір килограмы 355 теңгеден жоғары өткерілуде. Ал базарда оның бағасы 450 теңгеге жеткен. Картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында тұтынушылар қорынан сауда нүктелеріне килограмы 130 теңгеден шығарылған түйнекті қазір таппайсыз.
Бұл сауда желілері мен базарды аралау барысында көз шалған баға. Ал бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа да өз әсерін тигізіп отыр.
Мәселен, соңғы апталарда экспортқа бағытталған өндірушілер арасында баға 170 теңгеден 270 теңгеге дейін жоғарылаған. Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.
Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылып отыр. Ал біздің өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданған. Алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бірлескен күш-жігерімен жүйелі негізде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы аталған мекемелердің бұған дейін берген ақпаратында, бүгінгі күні әлеуметтік дүкендерде картоп жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағадан төмен өткерілуде.
Иә, жоғарыда аталған ірі сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жүйелі. Бастапқыда тұрақтандыру қорынан жеткізілген картоп арнайы шағын қаптарға салынып, килограмы 130 теңгеден босатылды. Онымен қатар 375 теңгенің картобы да сөреде сықа толып тұрды. Қазір 130 теңгелік картоп орнын 355 теңгелік картоп алмастырған сияқты. Бұған дейін таңдау алушыда болса, енді барға қанағат етуде.
Ал әлеуметтік дүкеннің сатушысы Асыл Жалынбет күнделікті тұрақтандыру қорынан жеткілікті мөлшерде картоп жеткізіліп, әрбір сатушыдан 3-4 қап картоп өткерілетінін айтуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ