Аса ауылында 40 пәтер пайдалануға берілді

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бұл бағытт а мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар іске асып келеді.
Мәселен, Жамбыл ауданының Аса ауылында үй кезегінде тұрған азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталып, жаңа үйлер пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, жаңа баспана иелерін құттықтады.
Осы күні баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі – Райкүй Раева «Жұмысшылар жылында» қызметкерлердің еңбегі еленіп жатқанына шынайы ризашылығын білдірді.
Ауданда қазіргі таңда 1750 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, солардың бірқатарына жаңа қоныстан шаңырақ бұйырды. Ел игілігіне берілген жаңа нысандардың саны 40 пәтерлі 20 үйді құрайды.
Жаңа қоныстанушылардың жай-күйімен танысқан Ерлан Қыдыралыұлы алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Жалпы облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді.
Бұл бағытта 717 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 347 пәтер сатып алу, «Әулиеата жастары» жобасы аясында 100 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы