Аймақ

Алушы көп, сатушы да дән риза

The final spritzer

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базар» алаңында кезекті жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 14,7 миллион теңгені құрайтын 21,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген.

Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық-түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне толып тұр. Алушы да, сатушы да дән риза. Өйткені, баға жүйелі.

Шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, қырыққабат басып келген Бейбіт Әбирбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы екенін айтты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін қоймада сақтап, енді жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін жеткізді. Ал «Бірлік» өндірістік кооперативі 100 литр шит майын, ал «Айгерім» ЖК макарон өнімдерін жеткізіпті. Сонымен бірге сүт және қымыз өнімдерін сөреге қойыпты. Сатушысы Қанат Болатқұл макарон өнімдерінің тез өтіп кеткенін айтты.

Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғанын құптайды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы