Мәдениет

Әулиеаталықтарды әсерге бөлеген әлемдік классика

The final spritzer

А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының репертуары тағы да бір тың дүниемен толықты. Ол ғасырлар өтінде үзілмей сақталып, әлем елдерінде үздіксіз мойындалып келе жатқан Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклі. Аталған туынды театрдың тоқсан жылдық тарихында алғаш рет сахналанып отыр.

Махаббат атты мәңгілік тақырыпты ту еткен әлемдік классиканың өз көрерменін жалықтырмай, ұдайы көз іздеп, көңіл сусап жүріп көретін туынды қатарынан табылуының сыры неде? Ол шығарманың қай кезеңде де сол дәуірге икемделіп, замана шындығын әрқилы формада суреттей білуінде болса керек. Театр сахнасындағы жаңа туынды әуелден-ақ осыны аңғартты. Мұндағы өзара дүрдараз екі әулет Капулетти мен Монтеккилердің билік үшін күресі о бастан лас әрекеттерге толы болатын. Мұны Белорусь режиссері Даниил Филиппович бензин мен су құйылған ақ және қара канистр ыдыстары арқылы екі әулеттің кәсіп көзі екі түрлі болғандығын, алайда содан түскен табыс арқылы екеуі де князьдің қалтасын толтыруға асығатындығын түсіндіреді. Осы әрекеті арқылы режиссер қоғамның жемқорлыққа батқандығын да көрсетіп өтеді.

Алайда Мопассан былыққа батқан Парижден де романтикалық сезімдер мен адами құндылықтардың жиынтығын тауып алатыны секілді Веронада да көп ұзамай қылуетке түскен сәуледей бір құбылыс пайда болады. Ол қос әулеттің өрімдей жастары Джульетта мен Ромеоның бірін-бірі ұнатып қалуы болатын. Капулетти әулеті Веронаның ығайы мен сығайын жиған балға Ромеоны достары Бенволио мен Меркуцоны ертіп алып, үшеуі ұлан-асыр тойға ұрланып, ұрын барады. Дәл осы кеште тоғысқан қош ғашықтың ішкі сезімдерін дәл беруде режиссер құлаққаптарды пайдаланған. Яғни, құлаққап киген жастар өзінен өзгені естімейді, елең қылмайды да. Сол кештегі бетперделерінде де қолдар бейнеленген. Оның бірі адамның көзін жапса, бірі құлағын басады. Сол арқылы кештегілердің қылмысқа баланған әрекетті көрмегендей болғандығын аңғартады. Бұл жағынан режиссер бүгінгі қоғамдағы адамдардың әлеуметтік психологиясын нысана еткен. Осылайша кей дүниені көре тұра түзетпейтіндігімізді, біле тұра білмегендей кейіп танытатын енжарлық пен тобырлық инстинкті өткір сынға алады.

Өзара көзқарастар қақтығысын шебер суреттеп, контрасты бояуларымен ерекшеленген қойылымда түрлі элементтер бар. Мұнда батыс пен шығыстық, Ислам мен католистік, көне мен жаңаның дүниетанымдық детальдары шебер тандем құра білген. Сол арқылы жергілікті театрсүйер қауымды өнердің шекарасы жоқтығына сендірген қойылымда бірнеше сүйекті образдар төбе көрсетеді. Алғашында көрермен үшін крест алқасы бар пірәдар болмысы мен Ғайып ерен, қырық шілтеннен медет сұраған Ромео образы көрермен үшін қызық әрі таңсық болып көрінгенімен, кейіннен актерлік құрам мен сүйекті кейіпкерлер арқылы бұл күмән біржола ғайып болады. Солардың арасында көпшілік қауымға кескін-келбетімен, актерлік шеберлігі, шығармашылық энтузиазмы арқылы ұмытылмас әсер сыйлаған Капулетти ханым мен бауыры Тибальттың образдарын айрықша атап өтуге болады. Капулетти ханым рөлін театр актрисасы Гаухар Сұлтанбекова өз биігінде сомдаса, жас актер Азамат Тұраров Тибальт рөлін актерлік ойыны арқылы өз деңгейінде орындап шықты. Капулеттилер үйіндегі кеште Ромеоны даусынан танып қойған да осы Тибальт болатын. Алайда үй иесі қызына құда түскелі отырған граф Паристің алдында кештің сиқын бұзуына жол бермейді.

Осылайша ел-жұртының көзіне түспей кездесіп жүрген Ромео мен Джульеттаның іңкәр сезімі шынайы махаббатқа ұласады. Екеуі бір-біріне махаббат пен адалдық антын беріп, Лоренцо пірәдарға барып некелестіруін өтінеді. Алғашында пірәдар қарсылық танытқанымен, кейін бұл неке екі әулетті татуластырар деген оймен оларды жасырын түрде некелестіреді. Бұдан кейінгі оқиғаның шарықтау шегіндегі Лоренцо пірәдардың Джульеттаға у беріп ұйықтатуы, Ромеоға жіберген хабардың жетпеуі мен қабір басында Паристің өлтірілуі секілді эпизодтар шығарманы одан әрі байыта түсетін элементтер саналғанымен, бұл оқиғалар қойылымнан төбе көрсетпеді. Соған қарап бұл режиссердің шығармашылық шешімі болар деп топшыладық.

Дегенмен мұндағы көрермен үшін қойылымның шешімін, режиссер идеясын аңғартатын декоративтік детальдар миссиясын өз деңгейінде атқарды деуімізге болады. Мәселен, спектакльдегі Микеланджелоның әйгілі «Адамның жаратылуы» картинасындағы бір-біріне ұмтылған екі қолдың бейнесі араздасқан әулеттерді суреттесе, олардың ортасында орналасқан адам жүрегі қос ғашықтың махаббатын аңғартады. Мұны Ромео мен Джульеттаның кеште құлаққап киген сәтінде жүректің алқызыл түске енуінен байқауға болады. Дәл сол секілді сахна фонындағы зауыт мұржасын суреттейтін мұнаралар қойылымның бүгінгі заманға икемделгенін айқындай түседі. Кейде осы қос мұржа әулет қамалдарының мұнаралары ұқсап менмұндалайды...

Туынды трагедиялық жанрда болғандықтан сахнадағы адамдардың ұсқыны, киім үлгілері тегіс қара немесе қоңыр түсте таңдалған. Мұны өз кезегінде режиссер «Қара түнекке, былыққа батқан қоғамда да ізгіліктің ізі бар екендігін ұмытпау үшін жасалды» деп түсіндіріп өтті. Расында аталмыш туындыны тамашалаған көрермен лай судан тұнық тамшы іздегендей күй кешетіндігі анық.

Спектакльде әдеттегідей жас буынға басымдық берілгендігі байқалады. Қойылымда басты кейіпкер Джульетта мен Ромео образдарын театрдың талантты жастары – Аружан Райымбек пен Нұрасыл Шегетай сомдады. Бұдан өзге, Капулетти рөлінде актер Мәмбет Қожалиев, Монтекки ханымды сомдаған Жадыра Құлтаева, пірәдар Лоренцо кейіпіндегі Кенен Ақүрпеков секілді мәдениет саласының үздіктері жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің де маңызды рөл атқаратындығын байқатты.

Қойылым соңы үш адамның – Ромео, Джульетта мен Паристің өлімімен аяқталады. Қабір басында пірәдар Лоренцо болған бүкіл жайтты түсіндіреді. Жылдар бойы бір-бірімен өштесіп, араздасқан Монтекки мен Капулетти әулеттері балаларының мәйіттерінің жанында татуласады. Осы арқылы автор да, режиссер де қоғам үшін қымбат құндылықтардың өтемі арзанға түспейтіндігін аңғартқандай.

Жалпы Шекспирге шикілік пен шалағайлық арқылы бару мүмкін емес. Олай болғанда ағылшын драматургінің бірегей туындылары бүгінгі күнге жете қоймасы анық еді. Сондықтан театр ұжымының бұған үлкен тәуекелмен, еңбекпен келгендігі байқалып тұр. Аталған қойылым биыл тоқсан жылдығын атап өткелі отырған өнер ордасының шетелдік мамандармен бірге сахналаған алғашқы қойылымы емес. Жыл басында-ақ театр ұжымы өзбекстандық Сайфуддин Мелиевпен бірге «Келіндер көтерілісін» сахналаған болатын.

 

Нұрболат АМАНБЕК