Әлеумет

Ерекше қажеттілігі бар балаларға қамқорлық артып келеді

The final spritzer

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген еді. Ұлт саулығы үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде мүгедектігі бар жандарды оңалту және оларға қажетті қызмет көрсету ісі де өз деңгейінде жүзеге асырылып отыр.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты басқа адамның көмегін аса қажет ететін жалғызбасты мүгедектер мен қарттарға әлеуметтік көмек көрсететін 19 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтары бар. Онда қарттармен қатар І, ІІ топтағы және 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар қызмет алуда. Басқарма басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, мүгедек балалары бар үйге оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша өткен жылы 1241 балаға 71 миллион теңге төленсе, биыл 1285 мүгедек балаларды үйде оқытуға 87,3 миллион теңгеге көмек көрсету жоспарланған. Жыл басынан бүгінге дейін мүгедек балалары бар үйге оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1045 балаға 16 миллион теңге тағайындалыпты. Мүгедек балаларға былтыр 2106 протез беріліп, 102,8 миллион теңге төленсе, биыл бұл мақсатқа 119,6 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 2024 жылы 170 бала арбамен қамтылып, 446,2 миллион теңге жұмсалса, биыл арбаға 580,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Санаторлық-курорттық ем алуға өткен жылы 368 балаға 119,6 миллион теңге төленсе, биыл бұл бағытқа жоспарланған қаржы 120,2 теңгеге артық, яғни 239,8 миллион теңге жоспарланған. Әрине, мұның бәрі де мүмкіндігі шектеулі балаларды өз қатарластарынан қалмай білім алып, денсаулығын сақтап, қоғамға бейімдеуге арналуда.

Қызмет алушы балалар әдістемелік тауарлармен, гигиеналық құралдармен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Балаларға 2 мезгіл тамақ та беріледі. Өзіне-өзі толық қызмет жасай алмайтын балаларды орталық қызметкерлері тамақтандырады, шешіндіріп, киіндіреді, жөргегін ауыстырады, қажетіне қарай жүріп-тұруына және басқа да қызметіне көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар, барлық қызмет алушы балалар сабаққа қажетті құрал-саймандармен қамтылған. Яғни, олар – қоршаған ортаны қалыптастыруға арналған карточкалар, суреттер, стендтер, жемістердің, жануарлардың муляждары, монтессори тақтайшалары, нейрожаттығуларға арналған тақтайшалар мен төсеніштер, түрлі түсті қаламдар, қағаздар, санамақ түрлері, әріптер мен цифрлар жазылған кубиктер, балаларға оқуға және жазуға арналған кітаптар, сенсормоторлық түрлі ойыншықтар, құрастырмалы пазлдар, мозаикалар, сенсорлық тақтайшалар, дамытушы түрлі ойыншықтар. Орталықта оңалту шаралары үшін арнайы жабдықталған емдік дене шынықтыру залы бар. Ол вертикализаторлармен, жүгіруге арналған құрылғымен, швед қабырғасымен, велотренажерлармен, мотомедпен, гросспен, еңбектеуге арналған құралдармен, әткеншекпен, степпермен, массажды жолдармен, ортопазлмен, сенсорлық түрлі түсті және фитбол доптарымен, скакалкалармен, обручьтармен, жетек арбалармен, брусьямен, жүруге арналған текпешекпен, төсенішпен, гребня тренажерімен, балансирлік тренажермен, вестибулярлық тренажермен және салмағы 250, 500 грамдық құм қапшықтарымен, гимнастикалық орындықпен жабдықталған. Залдың еденіне денсаулық қауіпсіздігіне арналған жұмсақ мата төселінген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін мұндай қызметтер уақыт ағымына қарай жаңарып, заман талабына сай дамып отыратынына орталықты көргенде көз жеткіздік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА