ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды
Маңызды мәселелер қаралды
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде мекеме басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбековтің жеке құраммен кездесуі өтті. Шарада аумақтық бөлімшелерді оңтайландыру мәселелері, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарын дамыту үшін министрлік тарапынан қойылған мақсаттар мен міндеттер талқыланды.
Кездесуде Парламент Мәжілісінің қарауында тұрған заң жобасы туралы айтылды, онда қызмет орны ауысқан кезде төленетін бірқатар төлемдер, тұрғын үй төлемдері, жекешелендіру құқықтары және басқа да қолдаулар қарастырылған. Қызметкерлердің қоғамдағы мінез-құлық стандарттарын сақтауы, Этикалық кодекс нормаларына сәйкес әрекет етуі, сондай-ақ қызметтік ақпаратты таратпау арқылы азаматтық қорғау органдарының беделін түсірмеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Шараға департамент аппаратының қызметкерлері, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамы, өрт сөндіру бөлімдері және жедел құтқару жасағының қызметкерлері, ал аудандық бөлімшелер Zoom бейнеконференциясы арқылы қатысты.
Бір аптада 29 шақыртуға шықты
24-31 наурыз аралығында жамбылдық құтқарушылар 29 рет жедел көмекке шықты.
Өрт сөндіру бөлімшелері 20 рет, оның ішінде өртке – 3, жану оқиғаларына – 16 (қоқыстың жануы – 5, қысқа тұйықталу – 5, қураған шөп – 4, ас үйдегі тағам – 2), авариялық-құтқару жұмыстарына – 1, жедел-құтқару қызметі авариялық-құтқару жұмыстарына 9 рет шықты. Жедел қызмет нөмірлеріне бір аптада 7948 қоңырау түсті, оның 664-і шұғыл сипатта болды.
Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына қандай да бір төтенше жағдай туындаса, «101» және «112» нөмірлеріне хабарласу қажеттігін ескертеді.
Мектептерде сейсможаттығулар жалғасуда
Тараз қаласының мектептерінде сейсможаттығулар жалғасуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері №3 мектеп-лицейде Жедел құтқару жасағы және департаменттің Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлерімен бірлесіп, оқушылардың, мұғалімдердің және мектеп қызметкерлерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттері мен эвакуациялауға арналған іс-шаралар өткізді.
Жаттығу барысында дабыл белгісі берілгеннен кейін, бірінші қабатта сабақ өтіп жатқан оқушылар ғимараттан шықты. Ал екінші және үшінші қабаттағы оқушылар ішкі қабырғаларға, бұрыштарға, есік жақтауларына, тірек колонналарына жақын жердегі қауіпсіз орындарды иеленді. Бірнеше минуттан кейін жоғарғы қабаттардағы оқушылар мен мектеп қызметкерлері қабырға бойымен қозғалып, баспалдақпен сыртқа шықты. Мектеп әкімшілігі оқушылардың қауіпсіз аймаққа уақытылы шығуын қадағалап, сапқа тұрғызды. Сынып жетекшілері барлық оқушыларды тізім бойынша тексеріп, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ғимараттың ішін қарап шығып, азаматтық қорғаныс басшысына ғимарат ішінде ешкім қалмағаны және барлық оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіз аймаққа шыққаны туралы баяндады.
Сапқа тұрғызу барысында оқушылар мен мектеп қызметкерлеріне жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелері түсіндірілді, сондай-ақ мектептің медицина қызметкерлері жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Өрт-тактикалық сабағы сәтті өтті
«Petro Retail» ЖШС-нің жанармай құю бекетінде Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен №8 өрт сөндіру бөлімі бірлесіп ұйымдастырған өрт-тактикалық сабағы өтті.
Шараның басты мақсаты – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлер мен шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру. Жанармай құю станциясының қызметкерлері өрт сөндіру құралдарын қолдану, эвакуациялау және жанар- жағармай төгілуі кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша тәжірибеден өтті. Өрт-тактикалық сабақ сәтті өтіп, мамандардың жоғары дайындық деңгейі мен шараның маңыздылығын дәлелдей түсті.
Аудандағы «Ашық есік күні»
Меркі ауданының №9 өрт сөндіру бөлімінде Андас батыр ауылдық округінің мектеп оқушылары үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Шара барысында оқушыларға өрт сөндіру техникасы мен өртке қарсы жабдықтар таныстырылып, олардың қызметі жайлы толық ақпарат берілді. Оқушылар өрт сөндіру мамандығына ерекше қызығушылық танытып, қызықты сұрақтар қойды. Бөлімнің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Дулат Мұратов балалардың сұрақтарына толық жауап беріп, өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Шараның ең қызықты бөлігі – оқушылардың өрт сөндірушілердің арнайы жауынгерлік киімін киіп, өздерін нағыз құтқарушы ретінде сезінуі болды. Ашық есік күні балалар үшін пайдалы әрі әсерлі өтті.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.