Улы газдан қалай сақтану керек?

Улы газ – исі жоқ, түссіз газ. Пештегі жарықтар мен түтін құбырларының бітелуі улы газдардың үйдің бөлмелеріне таралуына, ал пешке таза ауаның жетіспеуі үйдің ішінде улы газдардың жиналуына әкеліп соқтырады. Үйдің тар құрылымы да, еркін ауа алмасу жоқтықтан, газбен уланудың қауіп-қатерін күшейтеді. Улы газды сумен немесе басқа да заттармен басуға мүмкіндік жоқ. Газбен улану көбінесе түнгі уақытта болады. Ұйықтап жатқан адамға пеші бықсыған бөлмеде бірнеше минут болудың арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.
Улы газ кез келген отын, мысалы, бензин, май, керосин, ағаш немесе көмірді жағу нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Газбен уланудың жиі орын алатын түрі иіс тию деп аталады. Әдетте бұл пешті қолдану қағидаларын бұзу салдарынан немесе өрт кезінде болады. Газбен улану жағдайы көлікті гаражда қыздыру немесе жөндеу кезінде де орын алып жатады. Сондықтан тұрғындар қауіпсіздік ережелерін сақтап, от жағу пештерін жөндеп, күлден тазалау жұмыстарын уақытылы жасағандары дұрыс.
Тұрғындардың улы газдан уланудың алдын алу үшін мынадай негізгі сақтық шараларын сақтағаны жөн.
1. Жабдықтарды тексеру және қызмет көрсету:
– отын жағатын жылыту құрылғыларын, қазандықтарды, пештерді және басқа да жабдықтарды үнемі тексеріп отырыңыз;
– олардың дұрыс жұмыс істеуіне және кәсіби орнатылғанына көз жеткізіңіз;
– тек дұрыс жұмыс істейтін құрылғыларды пайдаланыңыз және газ жабдықтарын өз бетіңізше жөндеуден аулақ болыңыз.
2. Жақсы желдету:
– газ немесе қатты отынды пайдаланатын бөлмеде жеткілікті желдету бар екеніне көз жеткізіңіз;
– жабық бөлмелерде таза ауаның үнемі кіріп тұруы қажет;
– улы газ жиналмас үшін желдету арналарын және сорғыштарды үнемі тексеріп тұрыңыз.
3. Улы газ датчиктерін орнату:
– үйде немесе жұмыс орнында улы газ датчиктерін ұйықтайтын орындардың маңында және отын жағатын жабдықтардың жанында орнатыңыз. Бұл газдың ағып кетуін дер кезінде анықтауға және уланудың алдын алуға көмектеседі;
– датчиктердің жұмысын мезгіл-мезгіл тексеріп тұрыңыз, батареяларын ауыстырып, олардың жұмысын сынап көріңіз.
4. Жабық бөлмелерде қозғалтқышты қоспаңыз:
– қозғалтқышы қосулы автокөлікті жабық гаражда немесе басқа шектеулі кеңістікте қалдырмаңыз;
– генераторлар, шөп шабатын машиналар және басқа да бензинмен жұмыс істейтін техникамен көшеде жұмыс істегенде, улы газдардың бөлмеге кіріп кетпеуін қадағалаңыз.
5. Оқыту және ақпараттандыру:
– отбасы мүшелеріне немесе қызметкерлерге улы газбен уланудың белгілері (бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айнуы) туралы және газдың ағып кету белгілері байқалған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігі туралы оқыту жүргізіңіз;
– егер улы газбен улану күдігі туындаса, бөлмені дереу желдетіп, медициналық көмекке жүгініңіз.
Осы шаралар улы газбен улану қаупін азайтуға және сіздің денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қорғауға көмектеседі.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП