Экономика

«Көлеңкелі экономика көсегемізді көгертпейді»

The final spritzer

Көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету – маңызды міндеттердің бірі. Яғни, бюджет есебінен сытылып, әлдекімдердің қалтасына түсіп жатқан жасырын табыстарды анықтап, мемлекет қазынасына қайта құю – күн тәртібінен түспек емес. Өйткені, мұның негізінде жемқорлықтың жолын кесу мен ашық қоғамға қадам басу жолдары жатыр. Ал, бұл бағыттағы жұмыстар легінде құзырлы органдардың алар орны айрықша. Осы себепті, өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Руслан Қасымовты сөзге тартқан едік.

– Руслан Мұратұлы, ең әуелі әңгімемізді «көлеңкелі экономика деген не?» дейтін сұрақтан бастасақ. Жалпы, қарапайым халықтың күнделікті күйбең тіршілігінде көлеңкелі экономиканың көріністері болуы мүмкін бе?

– Соңғы кезде тілдік қолданыста көлеңкелі экономика деп аталып кеткен бұл экономикалық ұғым бюджеттен айналып, салықтан сытылып шығатын сектордың үлесіндегі қаржыны қамтиды. Жалған кәсіпкерліктің дамуы, экономикалық қылмыстардың негізі де осынау көлеңкелі тұста жатыр. Жалпы, ел азаматтарының көпшілігіне көлеңкелі экономика таңсық емес. Айталық, салықты төлемей бейресми түрде пәтерлерді жалға беру және дүкендерде сатушылар салық қызметінен табысты жасыру үшін кассалық чек бермеуі – қара нарықтың белгілері. Сондай-ақ, көлеңкелі экономика ұғымына заңсыз өндіріс, заңсыз заттармен сауда-саттық, қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын-сауық бизнестері де жатады. Шын мәнінде, олар жеке табыс салығын төлеп, салық органдарының есебінде тіркелуі тиіс. Азаматтарымыз көлеңкелі экономика деңгейінің артуы – алдымен экономиканы құлдырататынын ұғуы қажет. Себебі, бұл жегі құрттай мүжи беретін қауіп.

– Қарапайым сөздермен түсіндірсеңіз, көленкелі экономика қоғамға несімен қауіпті?

– Жалпы, көлеңкелі экономиканың қоғамдық қауіптерінің көп аспектілері бар. Біріншіден, аталған құбылыс заңсыз болғандықтан, салық төленбей мемлекеттік бюджетке зиян келтіреді. Екіншіден, жұмысшылар ресми түрде айлық алмайды. Бір сөзбен айтқанда, олар әлеуметтік жағынан қорғалмайды. Үшіншіден, көлеңкелі айналымда есептен тыс қолма-қол ақша жиналады. Ал, аталған қаражат қылмыстық мақсаттарға да пайдаланылуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек бұл заңсыз қызмет – ұйымдасқан қылмыстың өсуіне де өз ықпалын тигізуі ықтимал.

– Қаржылық мониторинг органдары көлеңкелі экономикамен күрес жүргізетіні түсінікті. Бірақ, бұл құбылыспен тек құқық қорғау органдары ғана айналысуы керек пе?

– Қаржы мониторинг органдарының негізгі мақсаты – егемен еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғау. Бұл ретте департамент қызметінің басты мақсаты – көлеңкелі экономикаға қарсы күрес атап айтқанда, қылмыстардың алдын алу, ашу және жолын кесу. Сонымен қатар, көлеңкелі экономика қоғамның барлық салаларында болуына байланысты көлеңкелі экономикаға қарсы күрес тек қылмыстарды ашумен ғана шектелмейтінін түсіну қажет. Себебі, бұл – көлеңкелі экономиканың кішкентай бөлігі. Екі жыл бұрын ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары осы сөзімізге дәлел. Мұнда экономиканың барлық салаларында яғни, сауда-саттық, құрылыс, көлік, қаржы және тағы басқа салаларда төлеу мен қаржы операцияларының ашықтығын арттыруға арналған шаралар көзделген. Демек, осының негізінде барлық қоғамның, мемлекеттік органдардың және әр азаматтың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономикаға қарсы күрес болуы тиіс. Өйткені, көлеңкелі экономика көсегені көгертпейді.

– Сарапшылардың пікірінше, әлем бойынша көлеңкелі экономиканың үлесі жыл сайын 2 немесе 3 триллион долларды құрайды. Бұл – әлем елдері экономикасының 10-20 пайызына тең. Осы тұста экономикалық тергеп-тексеру қызметі «тауарлардың көлеңкелі айналымымен қалай күреседі?» деген заңды сұрақ туады. Мәселен, соңғы жылдары заңсыз шылым өнімдерін ұстау деректері жөнінде ақпараттар көп. Осы бағытта оң нәтижелер бар ма?

– Біздің облыста көлеңкелі экономиканың үлесі – 2022 жылы 25,2 пайыз болса, былтыр 2,1 пайызға азайып, 23,1 пайызды құрады. Осы бағытта департаментпен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың қатысуымен акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын-сауық бизнесі, қаржы пирамидалары тақырыптары бойынша тұрақты түрде жиындар ұйымдастырылады. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің құрамдас бөлігі – акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы іс-шара екені рас. Себебі, бұл – ел экономикасы мен адал кәсіпкерлерге аса ірі зиянын келтіріп, халықтың денсаулығына зор қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда біз акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымымен белсенді түрде күресіп жатырмыз. Дәл қазір біздің облыстағы өзекті мәселенің бірі – жанар-жағармайды көршілес Қырғыз еліне заңсыз шығару. Аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудің алгоритмі әзірленген. Нәтижесінде, жанар-жағармайды заңсыз шығару үрдісі 65 пайызға бәсеңдеді. Сондай-ақ, өткен жылы облыс аумағында 5 миллиард теңгеден асатын акциздік өнімдердің заңсыз айналымына қатысты деректер бойынша бас-аяғы 22 қылмыстық іс тіркелді. Бұдан бөлек заңсыз айналымнан 7 миллион қорап көлеміндегі темекі өнімдері тәркіленді.

– Елімізде көпшілікке зиян келтіретін қаржылық алаяқтықтың негізгі түрі – қаржы пирамидалары. Мыңдаған қазақстандықтар әлеуметтік желілер оның ішінде, интернет-ресурстардағы жарнама, YouTube арналары және мессенджерлер арқылы осы заңсыз әрекеттің құрығына ілінуде. Сіздердің тараптарыңыздан осы зұлымдыққа қарсы қандай жұмыстар жүргізілуде? Нәтижесі қандай?

– Былтыр жәбірленушілердің арыздары негізінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты облыстық қаржылық мониторинг агенттігі департаментімен 3 қылмыстық іс тіркелді. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қаржы пирамидаларын заңға қайшы жарнамалау дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 217-1 бабына сәйкес, 5 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы, соңғы үш жылда қаржы пирамидаларының салдарынан өңірде 200-ден астам азамат зардап шеккен. Бұл – экономикалық тергеу қызметіне өтініш білдіргендердің ғана саны. 2023-2024 жылдар аралығындағы тергеп-тексеру барысында департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде, алаяқтардың құрығына ілінген азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Біз осы бағытта барлық қажетті шараларды қабылдадық. Мәселен, «Chia Tai» қаржылық пирамидасының ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Әдетте, ірі алаяқтық ұйымдар өздерінің қылмыстық схемаларын бүкіл ел аумағында жүзеге асырады. Мысал ретінде Қаржылық мониторинг агенттігінің кең ауқымды операциясын айтуға болады. Оның барысында осы жылдың 8-10 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде тұтыну кооперативінің атын жамылған «Асар Баспана» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды. Жалпы, департамент қызметкерлері қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру әрі оларды алаяқтардың құрығына түсірмеу бағытында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізеді. Оның ішінде интернет кеңістігінде және халыққа қатысты түсіндірме жұмыстарынан көптеп көңіл бөлінуде. Өткен жылы қаржылық пирамида белгілері бар сайттарға тосқауыл қою мақсатында 4 300 сілтеме бұғатталды. Арамниеттілер тарапынан салымшыларға жылжымайтын мүлік, көлік құралдары мен тұрмыстық өнімдерді сатып алу үшін қаражат салу жиі ұсынылатынын жеткізгіміз келеді. Өз кезегінде қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары әрбір ай сайын салынған қаражаттың 30 пайызына дейін пайда табуға уәде береді. Дәл осындай компаниялардың кеңселері мен күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және ішінде премиум класты 13 автокөлік тәркіленді. Осылайша, екі қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы құрықталып, сот санкциясының негізінде екі ай мерзімге қамауға алынды. Алаяқтықтың жаңа түрлері деп «дропперлік схемаларды» атап өтуге болады. Осы схемалар бойынша алаяқтар азаматтарға заңсыз қаржылық операцияларды жүргізу үшін жеке банктік карталарын пайдалануға ұсынады. Мұндай схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке дейін зардаптарға әкелуі мүмкін. Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері Қылмыстық Кодекстің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз. Сонымен қатар, қаржылық пирамидасын жарнамалау әрекетіне байланысты Қылмыстық Кодекстің 217-1 бабына сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Біз азаматтарды қырағы болуға және өз қаражаттарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ.