Денсаулық

Отбасылық дәрігерге жүгінесіз бе?

Екі, үш жылдың көлемінде елімізде «отбасылық дәрігер» деген ұғым пайда болды. Кейде жалпы тәжірибелік дәрігер деп атап та жатамыз. Яғни, ол дәрігер бір жанұяның кәрісін де, жасын да, сәбиді де қарайды, денсаулығын тексереді. Әр учаскенің дәрігері мен бір медбикесі бар.

Учаскелік дәрігердің міндеті басынан асады. Қағаздан қолы босамай, біресе үлкендерді, біресе кішілерді қабылдап жатады. Бүгінде емханалар осылай жұмыс істеуде. Ал енді осы отбасылық дәрігердің бәрі педиатр не терапевт емес. Жалпы бұл туралы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбеттің ойын білген едік.

Айнұр Жақсынбет 2020 жылдан бері №8 қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Ол 1996 жылы Жуалы ауданы, Дихан ауылында дүниеге келген. 2014-2021 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде оқып келген. Отбасылық дәрігер ұғымы бізге Еуропадан, Германиядан келген деп топшылайды ол. Алайда Қазақстанда жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында қаншама ісі бар. Алдына келген әр науқасқа 15 минут уақыт бөлінеді екен. Сол аралықта ауруды түсініп, хаттама толтырып, базаға енгізіп, ем тағайындап, диагноз қойып, науқас жанды тыңдап, оған жылы сөзбен дем беріп үлгеруіміз шарт деп отыр. Ал өзге мемлекеттерде отбасылық дәрігердің атқарар жүгі ауыр емес көрінеді.

Денсаулық – Алланың аманаты, оны күтуге әр адам өзі жауапты. Алайда, басың ауырып, балтырың сыздағанда ақ желеңді мамандарды демеу тұтатынымыз бар. Бірақ туғаннан қартайғанға дейінгі денсаулықты бір ғана отбасылық дәрігерге сеніп тапсыруда жұртшылық пікіріне жүгінген де жөн сияқты. Тараздық тұрғын Райса Қасымжанова немерелерін арнайы педиатр дәрігерге көрсеткісі келетінін айтады.

Дәрігер – мамандықтың асылы. Халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген дәрігер Айнұр Жақсынбет жас болса да өте зерек, білім мен біліктілігі тоғысқан жан. Өз учаскесіндегі әрбір үлкен-кішіні танып, олардың ауруларына да қанық. Жаңадан туған сәбилерді де үйме-үй аралап, өз көзімен көріп, қарияларды сандалтпай, үйлеріне барып тексеріп те жүр.

Дүниеде бауыр етің балаңның ауырғанынан жаманы жоқ. Бала қай жері ауырғанын да айта алмайды. Ересектер мен балалардың айырмашылығы да осында. Қазір емханаларда, ауруханаларда ересектердің дәрігері жалпылама қарайды. Қарапайым тұмаудың өршіп, созылмалы ауруларға ұласып кетіп жатқаны да осы балалар дәрігерінің болмауынан болуы мүмкін. Қызуды басып қана қоймай, оны түпкілікті қайталанбайтындай емді тек балалар дәрігері ғана бере алады.

Болашағын ойлаған ел балаға жағдай жасайды. Сондықтан емханаларда бұрынғысынша бүлдіршіндерді балалар дәрігері, ересектерді терапевт дәрігер қараса, басты байлығымыз басқаша бағаланар еді...

 

Жалғас ӨМІРЗАҚОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.