Денсаулық

Бір жылда 563 адамға көбейген...

The final spritzer

Халық даналығы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Кейінгі кездегі экологиялық ахуалдың кері әсерінен де болар, аурудың түрі көбейді. Сақтанбасаң, сырқат аяқ астынан шалдықтырады. Дәрігерлер ағзаның сыртқы кері әсерлерге төтеп беруі үшін дұрыс тамақтану, белсенді дене қимылымен қатар екпенің де маңызы зор екенін ескертеді. Күні кеше ғана қорытындыланған наурыз айында «Тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігінен хабардар болу және адам папиллома вирусына қарсы егу» айлығы өткізілді.

Облыста өткен жылдың қорытындысы бойынша 9303 адам қатерлі ісікпен есепте тұрған. Ал 2023 жылы 8740 адам болған. Байқағанымыздай, бір жылдың ішінде 563 адамға көбейіп отыр. Аурушаңдық көрсеткішінде де жоғарылау байқалады. Оның себебін мамандар облыс бойынша халық санының өсуімен және қатерлі ісіктердің ерте сатысында анықталуының артуымен байланыстырады.

Өткен жылы тоқ ішек, тік ішек обырын анықтаудан 58796 адам скринингтік тексеруден өтіпті. Тексеру барысында 17 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі анықталған, оның жетеуі I сатысында болса, тоғызы II, бір адам III сатысында анықталған. Бұл скрининг бойынша нысаналы топтағы ерлер мен әйелдердің жасы 50-ден бастап 70 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Дәрігерлер осы жастағы адамдар әр екі жыл сайын жергілікті емханада үлкен дәретте қанның бар болуы туралы анализ тапсыруы қажеттігін айтады.

Жергілікті қалалық және аудандық емханалар мәліметі бойынша шамамен 20-25 пайыз тұрғын әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген, яғни медициналық көмек көрсетілмейді немесе тек ақылы түрде жүргізіледі. Бұл электрондық медициналық құжатқа кері әсерін тигізеді.

Маман тағы бір маңызды мәселені атап айтты, ол – жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың бір түрі 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы егу жұмысы. Бұл жұмыс әлем бойынша 107 елде жүргізіледі, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан да бар. Облысымызда АПВ-ға қарсы вакцинация өткен жылдың күзінде 11 жасар қыздар үшін басталған болатын. Вакцинациядан кейін асқынулар тіркелмеген.

Тұрғындар жергілікті емханалардың әйелдер кабинетінде және гинеколог дәрігерде тұрақты тексеріліп тұрса, уақытылы скринингтен өтсе, жатыр мойны обыры ерте кезеңде анықталады. Нәтижесінде әйелдерге бұл аурудан толық айығып, емделуге мүмкіндік береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА