Әлеумет

Техникалық әрі кәсіптік білім беру қалай жүзеге асуда?

The final spritzer

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының директоры Дархан Есжановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда орталықтың атқарған жұмыстары туралы жан-жақты баяндалды.

Мемлекет басшысы жалпы еңбек қоғамын құру, жастарды кәсіптік салаға бейімдеу, жұмысшы кадрлар даярлау бағыттарында нақты тапсырмалар берген болатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, қоғамда еңбекқор, нағыз кәсіби маман болу идеясын насихаттау қажеттігін айтты.

Дархан Кеңесбекұлының айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп еңбек нарығына мамандардың қажеттілігін болжау, дуалдық оқыту бойынша кәсіпорындар базасында өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, колледж бітірушілерінің жұмысқа орналасуының мониторингін құру, республикалық, облыстық және аймақтық мақсатты бағдарламалардың орындалуына ықпал ету сынды жұмыстарды жүзеге асырып келеді екен.

Ұйымды бір салаға бейіндеу, кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі өндірістермен, университеттермен салалық кластерлер құру мәселелері бойынша білім басқармасы тарапынан 4 колледж 4 университетпен білім, техникалық, ақпараттық технологиялар, су, ауыл шаруашылығы салаларында мамандар даярлайтын 4 колледжге салалық кластерлер құрылып, серіктес жоғары оқу орны ретінде бекітіліпті. Кәсіптік білімнің ғылыми әлеуетін дамыту мақсатында жоғары оқу орындарының білікті профессорлық-оқытушы құрамымен осы колледждерге қоса атқару негізінде 9 оқытушы тартылған.

«Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Автокөлікке қызмет көрсету», «Дәнекерлеу ісі», «Педагогика» бағыттары бойынша 5 тірек колледжі бекітіліп, тірек колледждерге осы бағыттар бойынша 30 магниттік колледж нақтыланыпты. Тірек колледждер магнитті колледждердің озық технологиялар мен білім беру стандарттарының тиімді орындалуына әдістемелік қолдау көрсетуде. Мұндай ауқымды шаралар жалғасын таба бермек деді баяндамашы.

Сондай-ақ, өткен жылы қазан айында орталықтан халықаралық бөлім ашылыпты. Халықаралық бөлім жұмысында облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесіп алыс-жақын шет елдегі колледждердің жұмыс тәжірибесі негізінде оқу үрдісін басқару жүйесін жетілдіруді ұйымдастыру қолға алынуда. Биылғы оқу жылында облыстағы колледждер Белоруссия, Сингапур, Түркия, Қытай мемлекеттеріне барып, халықаралық ынтымақтастық орнатуда. Атап айтсақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжі Сингапурлық білім беру контенттерін пайдалана отырып оқытудың үздік тәсілдерін тәжірибеге енгізуді қолға алса, №7 Бетқайнар колледжіне Қытай мемлекетінің «Халықаралық білім беру корпорациясы» тарапынан «Автокөлік құрастыру» мамандығын ашуға 100 миллион теңге инвестиция тартылыпты. Сонымен қатар, кадр дайындауда белгілі бір мамандығымен ерекшеленген Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің «ІТ», №7 Бетқайнар колледжінің «BK-7 Textile» мамандықтары бренд мамандық ретінде оқытыла бастапты.

Дуалды оқыту жүйесі бойынша 503 әлеуметтік серіктестермен 8679 келісім шарт жасалып, 524 маман тәлімгерлік етуде. Әлеуметтік серіктестердің 62-сі шаруа қожалығы, 174 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 155 жеке кәсіпкерлік, 112-сі мемлекеттік мекемелер болып саналады. Кәсіпорындағы 208 тәлімгердің 194-не колледж тарапынан, 14-не кәсіпорын есебінен еңбекақы төленуде.

Өңірде колледждерді немесе олардағы мамандықтарды ірі бизнес пен кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беру практикасы енгізілді. Бүгінгі күні 30-ға жуық колледжді 120-дан аса кәсіпорын шефтік қамқорлыққа алу бойынша келісімдерге қол қойылған. Өткен жылы 6 инвестициялық жобаға 5 колледждің 27 түлегі 11 жұмысшы мамандықтарына жұмысқа нәтижелі орналасқан.

Биылғы жылы 51 инвест жобамен 1594 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасуы мақсатында 113 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді. 1315 адамды қысқа мерзімді оқыту, 500 орын мақсатты тапсырысқа қабылдау, 3500 орын жұмысшы мамандарына кадр дайындау шаралары да жүзеге асырылады. Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету мақсатында халықаралық – 1 Agroskills, республикалық – 2 «Jas Skills», «MedikalSoftSkills», облыстық – 4 «Junior», «WorldSkills», «DeafSkills», «MamandykFest» конкурсын өткізу жоспарда бар екен.

Сондай-ақ, «Worldskills Kazahstan – 2024» чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша І орын, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын және 11 медаль алыпты.

Еліміздің ертеңгі абыройын асқақтату – ол біздің бүгінгі өреңдеріміздің мерейлі міндеті. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА