Қырық мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр

Аймақ тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары биыл да өз жалғасын табуда. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаевтың айтуынша, облыстық коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 39503 азамат тіркелген. Кезектегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асыру жоспарланған. Жалпы, осы жылдар аралығында облыс аумағында 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.
Жалпы, өткен жылы құрылыс саласына 330,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 116,2 пайызға асыра орындалса, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 104,5 пайызды құрады. Оның 30 пайызы бюджет қаражаты есебінен, 70 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен бой көтерген. Бүгінгі күнге коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 39503 азамат тіркелген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 9705, әлеуметтік осал топтағылар – 16228, жетім балалар – 3054, бюджет қызметкерлері – 10513, авариялық құрылымнан – 3 адам бар.
Былтыр кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 40,7 миллиард тенге бөлініп, нәтижесінде 2830 тұрғын баспаналы болды. Оның 1819 әлеуметтік осал топтағылар. Атап айтсақ, 17,5 миллиард теңгеге 3709 пәтерлі 78 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1159 пәтерге арналған 26 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, жеке меншік инвестиция есебінен 1547 пәтерлі 38 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 23,2 миллиард теңгеге 1575 пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен, былтыр 1671 пәтер сатып алынды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сатып алынған пәтер екі есеге (2023 – 864 пәтер), ал қаражат көлемі үш есеге (2023 – 7,8 миллиард, 2024 – 23,2 миллиард) артты. Сөйтіп, өткен жыл қорытындысымен 304 азаматқа 299,5 теңгеге тұрғын үй сертификаты беріліп, баспаналы болуына қолдау көрсетілді. «Отбасы банк» АҚ-ның «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы 840 отбасы баспаналы болды. Ал жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 198671 азамат тіркелген.
Марат ҚҰЛИБАЕВ