Тәуекел етпей табыс жоқ

Соңғы жылдары әлемде кәсіптің жаңа түрлері пайда болып, істің көзін тапқандар табысқа кенелуде. Сондай кәсіптің бірі – көлік жабындыларын тігу. Тігіп қана қоймай, оны сату да үлкен өнер. Темір тұлпарларға арнап авточехолдар тігу тараздық Акилес Жолдасованың сүйікті кәсібіне айналған. Өзі ісмер әрі шебер Акилес әрбір көлікті жаңартып, сәнін кіргізетін осы кәсіппен айналысқанына 4 жыл болыпты.
Акилес Жолдасова – 1980 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Жас күнінен жаны тігіншілікке жақын болған ол әуелгі ісмерлік жұмысын Қызыл Жұлдыз маңындағы «Бағдат» деп аталатын техникалық қызмет көрсету стансасынан бастапты. Бір өзі көліктерге жабындылар тігіп сатқан. Бүгінде «Тараз такси» таксопаркінде шағын цехы бар. 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бастапқыда ол тедди, энигма, латте деген мата түрлерін сатып алып, авточехолдарын тігіп, алғашқы сатылымға шығара бастаған. Уақыт өткен сайын тұтынушылары да көбейіп келеді. Инстаграмнан бизнес парақшасын да ашып қойды. Матасының сапасына қарай авточехолдардың бағасын 60 мың теңгеден бастап, одан жоғарыға бағалайды. Бір чехолды тігуге 2 күн уақыт кетеді екен. Ұқыпты тігілген әп-әдемі чехолдарды біз де барып көрдік. Біз барғанда автомобиль тысқаптары қолдарына тиген тұтынушылар машиналарының бүтінделіп, жаңарып қалғанына қуанып, алғыстарын айтып жатыр екен. Тәуекел етпей табыс жоқ. Кейіпкеріміз Акилес мамандығы басқа болса да осы іске тәуекел етті.
Көбіне Акилес тапсырыс берушінің сұранысына сай тігіп шығады. Сатып алушылардың бірі ою-өрнекпен, бірі эко терімен, бірі алькантаро матасымен тіккізгенді қалайды екен.
Бұл салада табыс көзі жақсы екендігін түсінген Акилестің командасы 5000-нан астам көлікті өзгертіп, жаңалап, әр беріпті. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе көліктердің ішкі салонын жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қаптауға қажетті маталарды Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.
Басынан орамалын тастамаған қазақ қызына «Тірліктің көзін тапқан» деп айтсақ тіпті жарасады. Нарық болған соң, бәсекелістік әрқашан жоғары. Авточехол тігіп сату бизнесі Шымкент, Түркістан сынды өңірлерде басым екен. Ең бастысы тұтынушыға сапалы тауарды ұсынсам деп кәсіпке келген Акилес шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінде жұмыс ауқымды болған соң тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтысам деп отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА