Мәдениет

Қазақтың астауын Еуропаға танытқан шебер

The final spritzer

Қаламызда ағаштан түйін түйіп, қазақы ыдыс-аяқтарды қолдан жасап, ұлттық кәсіпті жаңғыртып жүрген шебер бар. Ол он саусағынан өнері тамған алтын қолды ағаш ұстасы –Олжас Шамшадинов. Жұбайы Зарина Шамшадинова екеуі бірлесіп отбасылық кәсіп құрған. 2016 жылы ашылған цехта бастапқыда небәрі екі адам жұмыс істеген. Олжастың өзі мен досы Константин Терягин екеуі ерінбестен астау жасап бастаған. Жастайынан аттың ер-тұрманын, қазақтың қара домбырасын қолдан жасаған ол қолөнер шебері ретінде әбден пісіп жетілген. Ал бүгінде мұнда 90 адам жұмыс істейді. Қолөнерші әлі де 30 шақты адамды жұмыспен қамтысам деп отыр. Мұнда жұмыс істейтін әр шебердің еңбегі зор. Астауды жонып, қолмен сызып, бояп, әрлейтін қолөнер шеберлерінің ісі ерен. Өркен жайған бизнесті, яғни, ақ қайыңнан жасалған астауларды біз де барып көріп, шеберлермен сөйлесіп қайттық.

Ата-бабамыз қолданған экологиялық таза ағаштан жасалған ыдыстар мұнда самсап тұр. Астау, оқтай, тақтай, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі сынды қолдан жасалған бұйымдар бұл күнде өз тұтынушысын тапқан. Дәстүрлі мұрамызды жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен- күнге артып келеді. Өйткені, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Ең өтімдісі – астау. Біз барған уақытта үш үлкен ет салатын астауды белгілі әнші Алтынбек Қоразбаевқа арнап жасап жатыр екен. Айтуларынша, танымал адамдар да тапсырыс беріп алып кетеді екен. Олжастың астаулары қыр асып, Францияда, Германияда, Ресейде жүр. Ол жақтан қыдырып келген қонақтар бір-бір астау жасатып елдеріне әкетеді екен.

Осында Ерлан Түменбаев есімді азамат программист болып жұмыс істейді. Ол арнайы станокта астауды жасап шығарады. Жарылқасын Бекзат та осы құрылғымен жұмыс істейді. Аппарат арқылы тек астау емес тақтай, есік, пышақ сынды тегіс заттарды жасап шығарамыз деп отыр. ЧПУ станок деп аталатын бұл құрылғының Қазақстанда баламасы жоқ. Кореядан әкелінген. 5 миллион 800 мың тұратын апараттың 5 түрлі функциясы бар. Екі сағаттың ішінде 12 астау жасап шығарады. Мұнда күніне 100 астау, айына 3000 астау жасайды.

Шындығында мұнда жалғызбасты аналар, көпбалалы әкелер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді екен. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі азамат Александр. Ол 300 мыңдай айлық алады. Астауды, тақтайды кесіп дайындайды. Ал Ерлан Оспановтың мұнда жұмыс істегеніне алты жылдай болыпты. Астауды кесіп, қалыпқа келтірумен айналысады. Қарамағында төрт адам бар. 40 астауды күніне кесіп дайындап береді. Инабат Әжібаева есімді маман астауды, тақтайларды өңдеп, сырлаумен айналысады. Алижон Азизхановтың бір басында үш кредиті бар екен. Сол себепті мұнда ол екі жерде жұмыс істейді. Астауды жасайды, екінші жерде астауды майлаумен айналысады. Біз барғанда мақсары майына астауды сырлап жатыр екен. Екі рет майлаймыз дейді ол. Ақ қайыңнан жасалған ыдысқа салынған ет суымайды дейді ол.

Екінші аппарат «Ресмус» деп аталады. Германиядан әкеліпті. Қисықты түзулейтін, кесетін құрылғы. Тіпті мұндағы ағаштан қалған қалдықтар да әжетке жарайды екен. Адамдар оны тегін малдың астына пайдалануға, бау-бақшаға әкетеді.

Бүгінде зергерлік бұйымдарды жасаумен қатар, оны сата білу де маңызды. Цехта дайындалған бұйымдар «OLX», «Instagram» сату алаңдарында да сатылады. Бұл іспен Олжастың жұбайы Зарина айналысады.

Ата-бабадан келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген Олжас Шамшадиновке осы кәсіп саласында тасы өрге домалауына біз де тілекшіміз. Алға қойған мақсаты, жүйелі жоспары орындалып, қазақтың брэнді қалыптасатын нышаны бөлек өнімдері арта берсін демекпіз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА