Студенттік құрылыс жасақтары құрылады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы мақсатта өңірімізде де еңбек адамын дәріптеу, жұмысшы мамандықтар иесін қолдау бағытындағы кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Солардың бірі ретінде облыста Студенттік құрылыс жасағын құру бастамасын айрықша атап өтуге болады. «Ауыл» партиясы облыстық филиалы тарапынан қолға алынған бастама жаз айларында ЖОО студенттерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке бейім жастарды қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ бұл құрылыс саласы бойынша білім алушы жастардың тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік болмақ.
Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша жан-жақты талқылаулар жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі ғимаратында арнайы штаб отырысы өткізілді. Жиында өңіріміздегі іргелі үш оқу орны басшылары мен «Авангард» ЖШС және «Ариас Строй Проект» ЖШС секілді мердігерлер тарапынан жобаны тиімді іске асыру барысы сарапқа салынды. Сонымен қатар студенттік жасақтардың құрамын нақтылау, олардың біліктілігін арттыру, бір мезгіл ыстық тамақпен қамту, жалақы мен жатын орын мәселелері назардан тыс қалмады.
Жиында жасақ студенттерін қысқа мерзімді біліктілік курстарынан өткізу базасы ретінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті белгіленді. Өйткені өңірде жоғары оқу орындары арасында тек осы оқу ордасында құрылыс мамандықтары оқытылады. Сондай-ақ, жатын орынмен қамту мәселесі де өзге қос жоғары оқу орындары тарапынан қолдау таппақ.
Өз кезегінде штабтық отырыстың төрағасы Серік Сәлемов жұмысшы мамандықтарына қолдау жасай отырып, жастарды еңбекке баулудың тетіктерін оңтайлы іске қосудың маңызы зор екендігін атап өтті.
Осылайша жиын соңында облыс әкімінің орынбасары тараптардың ұсыныс-пікірілері ескеріліп, жұмысшы қауіпсіздігін сақтау, еңбек шартын даярлау, жұмысшы күшін қабылдауға әзір мердігерлер қатарын арттыру бойынша жауаптыларға нақты міндеттемелер жүктеді.
Нұрболат АМАНБЕК