Денсаулық

Денедегі қалды қалдыруға да, алдыруға да асықпа

The final spritzer

Сән индустриясының дамып алға озып кеткені соншалық, кейбір нәзікжандылар бетіне қарақаттай етіп жасанды қал қойдырып жатса, кейбірі ажарын кетіріп тұрған меңдерін алдыртып әлек. Қайсысы дұрыс? Жалпы, беттегі немесе денедегі қалды алдырған дұрыс па? Бұған медицина саласы не дейді?

Мең – адам денесінде кездесетін қатерсіз өспелер. Бірақ меңнің дерматологқа жүгінуге тура келетін, назар аударуды қажет ететін түрлері де бар. Белгілі бір факторлардың әсерінен мұндай меңдер қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Мысалы, шамадан тыс күн сәулесі мен солярийден тері әдемі болып қана қоймай, күйіп қалуы да мүмкін. Ультракүлгін сәулеленудің шамадан тыс әсерінен терінің зақымдануы әртүрлі тері ісіктерінің, оның ішінде меланома пайда болуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан абайсызда меңіңізді алдыртамын деп басыңызға бәле тілеп алмаңыз.

Бүгінде елге танымал әнші, блогер сынды жандардың жарнамасының әсерінен қалды жаппай алдырту үдерісі елімізде басталып кетті. Оңбай опық жеп арты қатерлі ісікке апаруы мүмкін қал алдырту ісі – оңай нәрсе емес. Бұл жайында облысқа танымал дерматовенеролог дәрігер Сабыр Мамедахуновпен сөйлестік.

Өзін аса жарнамалауды сүймейтін тері ауруларының дәрігері Сабыр Хабибуллаұлы 27 жыл бойы облыстық тері венерологиялық диспансерінде еңбек еткен. Тек соңғы бес жылда жекеменшік клиника ашып, өз алдына жұмыс істей бастапты. Қаладағы рейтингі жоғары ақ халаттының алдына келер науқас көп.

Қазақ халқы данышпан халық. Меңмен туылған сәбиді Қалдыкүл, Қалдыбек, Меңдіқыз деп атаған. Оның мәні бар деп есептеген. Сонда қалда кішірейіп өз орнына келген. Яғни жайылып кетпеген. Иә, дәрігердің сөзі рас. Қытай ғалымдары меңнің орналасу ретіне қарай оның адам өміріне әсерін тексеріпті. Денедегі әрбір қалдың өз айтары бар екен. Бірі денсаулығыңыздан сыр шертсе, бірі байлыққа, бірі жақсылыққа деп жорамалданады екен.

Көбіне ашық, ақ сары түсті адамдарда қалдың көбеюі орын алады екен.Терісі қара адамдарда қал көп шықпайды. Қал неліктен көбейеді десеңіз, күн көзінде ұзақ жүргендіктен қал саны артады. Денеңізден, бетіңізден жаңа шыққан меңді байқасаңыз онда күн көзінде көп жүргендіктен деп біліңіз. Ультрофиолет сәулесі адам терісіне керісінше әсер етеді екен.

Дәрігердің айтуынша, меңнің пішінін немесе түсін кенеттен өзгертуі қалыпты жағдай емес екен.Ол үшін қарап тексеру кезінде келесі белгілерге назар аудару керек. Соңғы айларда меңнің түсі немесе көлемінің өзгеруі болды ма? Мең айналасындағы терінің қызаруы байқалды ма? Немесе мең қанады ма? Осы ең басты үш факторға назар аудару қажет екенбіз.

Адам болған соң әрбірімізде қал бар. Дене бөлігінің кез келген жерінен меңді байқауға болады. Олар әртүрлі мөлшерде, түстерде және пішінде келеді. Көптеген адамдардың түсінігінде қалдар тері қатерлі ісігімен, әсіресе, меланомамен тығыз байланысты, сондықтан олар, көбінесе, күдікті болып саналады.

Онкологтар атап өткендей, тері меланомасы өте қатерлі. Бүгінгі күні облысымызда меланомамен 71 науқас есепте тұр. Сырқаттану көрсеткіші – 0,8. Осындай аурудан 6 адам қайтыс болған. Сондықтан терінің кез келген өзгерісімен сіз дәрігерлерге немесе қарау кабинеттерінің мамандарына жүгінуіңіз керек.

Мең де адамның бір бөлшегі. Оны алдыртуға асықпаңыз. Қал астында қатер бар екенін ұмытпаңыз. Әсіресе жаз шығып, елдің бәрі жағалауға құмартып, күнге қыздырынып жатқанда меңі көптер ультра күлгін сәулелерден сақтанғаны жөн.

Қорыта айтқанда, денсаулығымды сақтаймын деген саналы адам егер денесінде жаңа қал пайда болып немесе бұрыннан бар қалының түсі, пішіні өзгеріп, көлемі ұлғая бастаса, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуі қажет. Сол сияқты ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, қан кететін немесе әдеттен тыс сұйықтық ағатын меңдер болса, құрылымы өзгерсе, қышып, ауырсынып, ұйығаны байқалса, бұған да көзді жұмып қарауға болмайды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА