Қоғам

Жазасын өтеушілердің жартысынан астамы жұмыспен қамтылған

The final spritzer

Сот үкімімен кінәлі деп танылып, темір торға тоғытылған азаматтар еркін өмірге қадам басқан соң, табыс көзін іздейтіні белгілі. Демек, пенитенциарлық мекемелердегі арнайы контингент өкілдерін жұмысқа тарту мәселесіне бүгіннен бастап көңіл аударған жөн. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде жазасын өтеушілердің «екі қолына бір күрек» тауып беру мәселесі кеңінен талқыланды.

Облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында өткен жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура қызметкерлері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелері мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы қатысты. Басқосуда ең әуелі сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев шағын және орта бизнес өкілдерін түзеу мекемелерімен әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Ол өз сөзінде сотты болған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуде оларды еңбекпен қамтудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.

Ал, өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиевтің айтуынша, облыс аумағындағы дәл қазір бас бостандығынан айыру орындарында 2 569 адам жазасын өтеуде. Оның ішінде еңбекке жарамды 1 449 азаматтың 993-і жұмысқа орналасқан.

Жиын соңында жергілікті атқарушы орган өкілдері, кәсіпкерлер палатасы және түзеу мекемелерінің басшылығы сотталғандарды қолдау әрі олардың еңбекпен қамтылуына мүдделік таныту мақсатында меморандумға қол қойды.

 

Есен ӨТЕУЛІ