Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие?
Жұмысшы мамандықтарының ел экономикасын ілгерілетуге қосар үлесі қомақты. Сондықтан да болар, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамдарының беделін көтерер, адал ісін насихаттайтын іс-шараларға биліктің назарын аудартты. Әрине, қандай істі атқарсаң да оның қыр-сырын білу үшін білім қажет. Механизатор, тракторшы, құрылысшы, наубайханашыдан бөлек, тіпті қарапайым шопан болу үшін де малдың қыр-сырын білу керек. Биылғы атаулы жылда білім беру саласы нендей іс атқармақ? Бұл жөнінде облыс әкімдігінің білім басқармасынан сұрадық.
Үкіметтің 2024 жылғы 30 желтоқс андағы №1134 қаулысымен «Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу» жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспардың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыру, кәсіби бағдар беруді жетілдіру және еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлау. Облыс әкімінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы №2 өкіміне сәйкес, осы мақсатта арнайы штаб құрылып, 6 бағыттан тұратын 123 іс-шара әзірленген.
Ләззат Әбілдақызының айтуынша, қаржы орталығы арқылы кәсіпкер тарапынан колледж студенттеріне биыл 120 орын, келесі жылы №9 Меркі колледжіне 100 орындық жатақхана құрылысы салынады деп күтілуде. Сондай-ақ, сәуір айында Жамбыл инновациялық жоғары колледжі базасында «1С» сертификаттау орталығы сжұмысын бастамақшы.
Тағы бір қуанарлық жағдай – қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар ашылмақшы. Шетелден инвестор тарту арқылы анығырақ айтқанда, Сиань қаласының кәсіптік білім комитетінің инвесторлығымен облысымыздан «Автомобиль құрастыру» мамандығын ашу жоспарлануда. Ол №7 Бетқайнар колледжінде болады. Сондай-ақ, «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы жаңадан енгізіледі. Колледждерде «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау», «Гидротехникалық құрылыс» бағыты бойынша «Жұмысшылар кешені» құрылады.
Сонымен қатар, 6 салалық (hub) кешен ашу жоспарланып отыр. Олар Жамбыл индустриалды- технологиялық колледжінде «Дәнекерлеу» полигоны, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Agro hub», Қаратау құрылыс техникалық колледжінде «Автотехнопарк», Жаңатас көпсалалы колледжінде «AUTO SKILLS» орталығы, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде «IT hub», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде химия саласында құзіреттілік орталығы құрылады.
Мұнымен қоса, жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтырып, еңбекке тарту мақсатында «Үздік топ-10 студент» конкурсы, «Мен – кәсіпкермін» гранд турнирі, республикалық хакатон және басқа да іс-шаралар белгіленген. Сондай-ақ, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы тұрғын үй бағдарламалары аясында «Әулиеата жастары» жұмысшы қызметкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну жұмыстары жүргізіледі.
Қорыта айтқанда, биыл атқарылатын кешенді іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін биіктетіп, осы салада сапалы мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалар мен бағдарламалар алдағы жылдары да өз жалғасын табады дейді жауаптылар. Міне, осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жетілдіріліп, жастарға жаңа мүмкіндіктер берілмек.
Қамар ҚАРАСАЕВА