Экономика

Жүздеген азамат қаржы пирамидаларынан жапа шеккен

The final spritzer

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып отырғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, оны төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ, сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек.

Бүгінгі таңда біздің облыстағы өзекті мәселенің бірі – жанар-жағармайды көршілес Қырғыз еліне заңсыз шығару. Аталған мәселені шешу мақсатында өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудің алгоритмі әзірленген. Нәтижесінде, жанар-жағармайды заңсыз шығару үрдісі 65 пайызға бәсеңдеген. Сондай-ақ, өткен жылы облыс аумағында 5 миллиард теңгеден асатын акциздік өнімдердің заңсыз айналымына қатысты деректер бойынша бас-аяғы 22 қылмыстық іс тіркелген. Бұдан бөлек заңсыз айналымнан 7 миллион қорап көлеміндегі темекі өнімдері тәркіленген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаев көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша атқарылған іс-шараларды баяндады. Оның айтуынша, елімізде көпшілікке зиян келтіретін қаржылық алаяқтықтың негізгі түрі – қаржы пирамидалары.

Сондай-ақ, спикер арамниеттілер тарапынан салымшыларға жылжымайтын мүлік, көлік құралдары мен тұрмыстық өнімдерді сатып алу үшін қаражат салу жиі ұсынылатынын да жеткізді. Өз кезегінде қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары әрбір ай сайын салынған қаражаттың 30 пайызына дейін пайда табуға уәде береді. Дәл осындай компаниялардың кеңселері мен күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және ішінде премиум класты 13 автокөлік тәркіленген. Осылайша, екі қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы құрықталып, сот санкциясының негізінде екі ай мерзімге қамауға алынған.

Жиын соңында «дропперлік схемалар» жөнінде де мол мағлұмат берген департамент өкілі схемаларға қатысу – тұрғындарға қылмыстық жауапкершілік жүктеуі мүмкін екенін атап өтті. Айта кетейік, қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекетіне байланысты Қылмыстық Кодекстің 217-1 бабына сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

 

Есен ӨТЕУЛІ