Аймақ

Жағдай тұрақты

Облыс аумағында 28 наурыз күні сағат 3-тен 42 минут өткенде болған жер сілкінісіне қатысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарына арнайы барып, штаб құрған. Бұл туралы журналистерге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мәлім етті.

Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік батысқа қарай 323 шақырымда белгіленген. Бұл жер Меркі ауданының аумағына кіреді.

Меркі ауданында осыдан 160 жыл бұрын үлкен жер сілкінісі тіркелген екен, 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында да жердің қатты дүмпуі болғаны есте. Оның зардабын қалпына келтіру жұмыстары сәтті атқарылған болатын. Жер сілкінісі мәселесі жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында, облыстық штаб жұмыс істеп тұр. Арнайы телефон желісіде жұмыс істейді, оған 12 хабарлама түскен. Онда тұрғындар негізінен «Жер сілкінісі қайталанбайды ма? Оған қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» деп сұраған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аса үлкен қауіп жоқ. Жол, көпірлер, электр желілері, байланыс желілері және басқа да коммуникациялық қызметтерде ешқандай мәселе жоқ. Барлық пойыздар, қоғамдық көліктер кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА