Білім

Білім мен тәрбие бірге жүруі керек

The final spritzer

Облысымыз этностардың көптігі жөнінен елімізде екінші орын алатындығын ескерсек, өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала беретіндігі түсінікті. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік тілде білім беруді қолдау және көпұлтты ортада патриоттық тәрбиені нығайту мәселелерін талқылады.

Облыстық әкімдік ғимаратында өткен жиында аймақ басшысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтуға, елдік мұраттарды жүзеге асыруға қосқан үлесін жоғары бағалап, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Жиында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүніс бай, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова мемлекеттік тілде білім беруді қолдау бойынша баяндама жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков патриоттық тәрбиенің қазіргі форматтарын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталып, жастардың қызығушылығына сай жаңа тәсілдерді енгізу туралы ұсынысын жеткізді.

Патриоттық тәрбие беру ісінде сапа мен нәтижеге баса назар аудару керектігін атап өткен ол қазіргі таңда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, осы негізде ұлттық жоба мен концепция қабылдау – маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар, кездесуде облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан және облыстық ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, өзге ұлт өкілдерінің балаларын осы бағыттағы жұмыстарға тарту мәселелері жөнінде өз ойымен бөлісті. Ол этностық алуандылықты ескере отырып, патриотизмді дамыту тетіктерін күшейту керектігін айтып, бірлескен жобалар мен іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.

Кездесу барысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ҚХА өкілдеріне ел бірлігін сақтаудағы еңбектері үшін алғыс айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Еске сала кетсек, бүгінде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған облысымызда 38 өкілдік мен 41 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым- қатынас тілі ретінде қалыптастыру бойынша «Мәміле», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» және «Мың бала» секілді жобалар жүзеге асуда.

 

Нұрболат АМАНБЕК