«Шер» прозашылар клубы құрылды
Білетіндердің айтуынша, дүниеде алдымен сөз жаралған дейді. Біздің дана халық та «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаса керек. Сөз өнері ұшан-теңіз білімге де бастайды, ойды толықтырады, іштегі шерді шығарады, терең ойды жеткізеді. Ал, «Әдебиеттің анасы – проза» дейді сөз өнерінің саңлақтары. Көркем сөзбен кестелеп, тілмен сурет салып, кейіпкердің мінезін, замана болмысын, қоғамның бет-бейнесін нақты ашып көрсету прозалық көркем туындымен жүзеге асады.
Алайда, прозалық туындылар өте көлемді, ал қазіргі қоғамда жұмысбасты жұртшылық кітап оқуға уақыт таппай, тіпті оған көңіл бөлу де қалып бара жатқаны рас. Осындай себептерден бе екен, кейінгі кездері прозаға көңіл бөлу, қолдау тым азайды. Осы мәселені өңірдегі прозаға қалам тербеп жүргендер көтеріп, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығынан «Шер» прозашылар клубы құрылды.
Жаңа бастаманың алдағы уақытқа көздеген жоспарлары да, діттеген мақсаттары да бар. Клуб ашу идеясы орталық директоры Жасұлан Әбдіхалықтың өңірдегі проза жанрында қалам тартып жүрген бірқатар қаламгерлермен кездесуінде айтылды.
Прозашылардың ұсынысы бойынша алдағы уақытта жинақ шығару мәселесі де талқыланып, күн тәртібіне қойылды. Еске сала кетейік, бұған дейін аталған орталық «Менің анам» және «Мөп-мөлдір көздің қарасы...» атты жинақтардың қалың оқырманға жол тартуына мұрындық болды. Енді прозалық көркем туындыларды жарыққа шығарып, қалың оқырманға кеңінен насихаттау да қолға алынбақ.
Қамар ҚАРАСАЕВА