Әлеумет

Жол ақысына жеңілдік болса...

The final spritzer

Тарихы тереңнен бастау алатын көне шаһар – Тараз қаласында оқитын студенттер үшін қалаішілік қоғамдық көліктерде жол жүру ақысына қатысты жеңілдіктердің болмауы – бұл күнде білім алушыларды толғандыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, соңғы жылдары студенттер жол жүру үшін бекітілген тарифті толық төлейтін болған. Бұл өз кезегінде облыс орталығында оқып жүрген жастардың қалтасына едәуір салмақ салуда.

Ел болашағы – жас білімгер ұрпақтың қолында дейміз. Олай болса, қалада білім алып жүрген студент жастардың қаржылық жағдайына жіті көңіл аударылса, дұрыс болар еді. Әсіресе өзін-өзі қаржыландыру жүйесінде оқитын студенттердің жағдайы назар аударуға тұрарлық деп ойлаймыз. Сондай-ақ жатақханадан орын жетпей, тұратын баспана іздеп, сабылып жүретін жастардың да жетіп-артылатыны тағы бар. Осындай жағдайлардың әсерінен ата-анасының қалтасына салмақ салғысы келмей, мәжбүрлі түрде жеңіл жолмен табыс тапқысы келетін студенттердің кездесіп жататыны жасырын емес. Мысалы, құмар ойындар арқылы қаржы тауып, қажетін өтеп жүргендер де баршылық. Сонымен қатар, мейрамханалар мен түрлі дүкендерде түні бойы жұмыс істейтін студенттердің де қарасы қалың. Таңға дейін жұмыстан шаршап-шалдығып шыққан жастардың білім алуға деген ынтасының төмендейтіні айтпаса да түсінікті.

Иә, еліміздің бірқатар өңірлеріндегідей біздің Тараз қаласында да студенттер үшін жол жүру ақысына жеңілдіктер қарастырылса, бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау болары сөзсіз.

 

Аят БАТЕЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.