Әлеумет

Сауабы мол санаулы күндер

The final spritzer

Хадисте «Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні рақымға толы, ортаңғы он күні кешірімге толы болса, соңғы он күні тозақтан қалқан» делінген екен. Айлардың сұлтаны Рамазан айы да аяқталуға жақын. Санаулы-ақ күн қалды. Әр әулетте, әрбір ұжымда оразаға ниет етіп, ауыз бекіткен жандар бар. Баршамыз үшін сауабы мол рақымды айдың соңғы күндерін қалай өткізген дұрыс болады екен? Айт мейрамы келе жатыр. Ұлық мерекенің мәнін жастарға қалай ұғындырамыз? Осы сауалдармен «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпектің пікірін білген едік.

Имамның айтуынша, қас қағым сәтте өте шыққан мыңнан да қайырлы айда не істеп үлгердік, тақуа түрде жүрегімізді таза сақтап әрі рухани азық алдық па деп өз-өзімізге есеп беру керек екенбіз. Неден тыйылдық? Қандай жақсы әдеттер қалыптастырдық? Немен қоштастық? Енді бір айдағы ең берекелі күн зулап өтпекші. Құлшылығымызды арттырып, оңашаланып, ойларымыз бен сөздерімізді екшеп, намаз оқитын қауым түнгі таһаджут намазын үзбей оқып, Жаратушыдан арман-тілегін сұрап қалатын кез екен. Бұл айдағы тілеген тілектер қайтарылмайды. Таза ниетпен сұрасаңыз, сұрағаныңыз орындалатын ғажайып ай деседі. Ораза айында балаларға, жақындарымызға сыйлық сыйлап үлгермеген болсақ, жылы сөзіміз бен сыйымызды аямай оларды қуантатын шақ. Яғни Алладан кешірім тілеп, өзгелерді, ата-ана мен балаларды қуантатын сәт келді.

Имам ауызашар бергенде де аста-төк дастарқан жайып, ысырапқа жол бермеу керектігін ескертті. Таңда ерте тұрған жанның ырысы артық болатынын қазақ баяғыда-ақ білген. Ерте тұрып, тірлігіне кірісіп, мақсаттарды тиянақтап, алға жоспарлар қойып, жаман әдеттерден арылып, әр күнімізді әсемдеу – адамның өз қолында. Ораза айында әр түні екі рәкәт намаз оқыса, сол оқылған намаз Қадір түніне дөп түссе, 83 жылдан аса күн сайын Құранды толық оқып шыққандай болады екен. Бұл жолы Қадір түні наурыздың 26-сынан 27-іне қараған түніне сай келді. Мұсылмандар Қадір түнін қалай күткені жөн дегенімізде Ғалымбек Жәпек бұл түні арнайы бекітілген құлшылық түрі жоқ екенін айтты.

«Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғ.Жәпек бар ықыласпен ораза айтта әр мұсылман орындауы тиіс сауапты амалдарды да түсіндірді.

Жалғас ӨМІРЗАҚОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.