«Ешкімнің алдына марапат сұрап барған емеспін»

Мемлекеттік қызметке адал болған жандар өңірімізде аз емес. Олардың атқарған еңбектері жас толқынға үлгі. Алдыңғы толқынның тәжірибесін үйренгеннен жастардың мүмкіншілігі арта түсетіні анық. Гендерлік саясатқа үлес қосқан басшы әйелдерді де қоғам ерекше бағалайды. Солардың қатарында ерекше орны бар, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Мемлекеттік қызметтің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үртай Сапақовамен сұхбаттасқан едік.
– Кеңестік кезеңде комсомол, партия жұмыстарында жүрдіңіз. Ол кезең басқа, қазіргі уақыт басқа. Дегенмен, ол кезеңнің тәртібін айтып жүргендер көп. Сіз жалпы комсомол, коммунистік партия кезеңдерін қалай бағалайсыз?
– Ол уақытта Кеңес Одағының құрамында болдық. Бір ғана коммунистік партияның ықпалымен жүрдік. Партия, комсомол, кеңес жұмыстары ең абыройлы іс саналды. Мен тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша институт бітіргеніммен, өз мамандығым бойынша екі жылға жетпейтін уақыт ғана еңбек еттім. Ашық сабақтар өткізіп, облыстық, республикалық семинарларға қатысып жүрдім. Осы белсенділігімнің нәтижесінде аудандық комсомол комитетіне мектеп жөніндегі хатшы болып сайландым. Мектепті, балалармен жұмысты жақсы көруші едім. Бұл қызмет те көңілімнен шығып, тез алып кеттім. Көп ұзамай екінші, артынша бірінші хатшы болып сайландым. Ол кезде басты талап – ауылдағы жастарды шаруашылық жұмыстарына тарту.
Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол жастары жаппай бастама көтеріп, республикаға сол бастама насихатталып жатқан кез. Талас ауданының әр шаруашылығында да комсомол жастар бригадалары құрылды. Ең үлкен «Балауса» комсомол жастар бригадасы «Ойық» кеңшарында құрылып, осы бригадада еңбек еткен белсенді жас Әшкен Қожагелдиевтің Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайлануы біз үшін үлкен мәртебе болды. Ол кезеңде жастардың көрінуіне осындай мүмкіндіктер болатын. Дегенмен, қызмет бір сарын, бір бағытта, ешқандай таңдау, талдау еркі жоқ заманда басшылық қызмет етуге тура келді. Қазақстан Компартиясы ХХVІІ съезд делегаты, Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мүшесі болып сайландым. Соған қарамастан таңдау қажет болса, ол кезеңді емес, әр арайлап атқан таңын Көк тумен, өз Әнұранымызбен қарсы алатын тәуелсіз елімізді таңдар едім.
– Талас ауданы, «Ойық» кеңшарында партия комитеті хатшысы болған кезіңізді таластықтар есінен шығармайды. Сол жылдар туралы не айтасыз ?
– Аудандық атқару комитеті төраға орынбасары болып жүрген кезімде жоғары саяси білім алғым келіп, Алматы жоғары партия мектебіне оқуға сұрандым. Педагогикалық институтта бітіргенім тарих мамандығы болғанымен, бізге ежелгі тарих пен КСРО тарихын ғана оқытты. Ал Қазақстан тарихын мүлдем оқымадық десек болады. Қазақстан тарихын жазған біраз ғалымдарды жазаға тартқанын біз кейінірек білдік. Бұл да – қорланатын мәселе. Ал, республикалық, облыстық деңгейдегі жиналыстардың өзі көбінесе орыс тілінде өтіп, «Қазақ тілінде сөйлеуіме бола ма?» деп, кейде қазақшаны өтініш арқылы әрең сөйлейтінбіз. Қанша орыс тілін оқығанмен, мінберде алдыңда отырған адамға еркін ойыңды жеткізу, оларды мәселеге көзін жеткізетіндей деңгейде сөйлеу өте қиын, тіптен өз тіліңде де бұлай сөйлеу оңай емес екені белгілі. Сондықтан саяси деңгейде тіл сындыру мақсатында оқуға аттандым. Бұл 1985-1987 жылдар аралығы еді. Осы кез менің де саяси көзқарасымды өзгерткен, жалпы Қазақстан үшін өте ерекше тарихи кезең болғаны баршаға мәлім. Желтоқсан оқиғасы мен үшін де, өзін қазақпын деп есептейтін, көкірегінде елім, жерім, тілім дейтін сәулесі бар кез келген адам үшін өміріне, санасына өзгеріс әкелген кез болды. Мен де сол екі күн бойғы Желтоқсан оқиғасының басы-қасында жүрдім. Бізге жастар арасында тәртіпке шақыру, тіптен арандап қалмасын дегендей, өтініш тапсырма болды. Жастардың рухын көріп, өзімнің де көңілімде бір әсер пайда болды. Бұрын бір ғана жүйеге бағынып, бір ғана бағытпен жүргенімізді айттым. «Мемлекетім – КСРО, астанам – Москва» деп келдік. Қазақ КСР-нің өз Әнұраны бола тұра, біз КСРО-ның әнұранын ғана айтатын едік. Желтоқсан оқиғасы көзімізді ашып, алдымызда күңгірттеніп тұрған бар тұманды сейілткен, өз ұлтым, елім, өз тарихымыз бар екенін алдыға жайып, жол салған тарихи шындық болды.
Партия мектебінде жүргенімде Жамбыл, Меркі аудандары әртүрлі қызметке шақырды. Бірақ, мен келісім бермей, оқуымды толық аяқтадым. Аталған мектепті бітірген соң Талас ауданы, «Ойық» кеңшарының партия комитетінің хатшылығына бардым. Сан салалы үлкен шаруашылық болатын. Бұрын мен ауданда комсомол, кеңес жұмыстарында жүргенімде қарапайым тұрғындармен, еңбек адамдарымен біте қайнасып жұмыс істедім деп айта алмаймын. Тіпті, жұмысты бастауыш партия ұйымынан, яғни төменнен, шаруашылықтан бастаған жақсы екен деген ой қалыптасты. Партия хатшысы кезінде егіс даласында күн ыстықта ерні кезерген сушыны, аязда малдың амандығы жолында арпалысқан малшыны өзің аралап көзбен көруіңе тура келеді. Себебі, партия жиналысында біреуді сынап, жұмыс талап ету үшін, мамандардың кейбір олқылығын дәлелдеу үшін көзінен ауыр бейнет байқалып, маңдайынан тер ағып тұрған еңбек адамын көрмесең, ол мүмкін емес. Алғашында қызметтік көлігім болған жоқ. Бірақ, мен ауылда өскен адаммын. Кез келген жанармай тасушы, су тасушы машиналарға, жылжымалы автодүкеннің кабинасына отырып, малшы, сушыларды аралап көріп, пікірім өзгеріп, өзіме ой түйіп жүрдім. Ол көліктердің көпшілігі ескі, іші жылымайды. Үстіме тон, аяққа пима киіп жүріп, еңбек адамдарының қасынан табылуға тырыстым. Мен кеңшар директорының ығына жығылып, бас шұлғи салатындардың қатарынан болмадым. Көзіммен көрген жағдайды партия жиналысында ашық, батыл айтатынмын, қатаң сынайтынмын, баяндаманың өзегі сондай мәселеден тұратын. Кеңшар директоры кей күндері сағат таңғы 6-7- де «Пяти минутка» деп аталатын қысқа-нұсқа жиналыс жасайтын, мені ол жиынға көбінесе шақырмайды. Сонда да таң қараңғысынан тұрып, жиынға қатысатынмын. Кейбір мәселе бойынша ашық сөйлеп, кейде қатты сөзге де барып қалып жүрдік. Шаруашылық директоры жасы үлкен, өте тәжірибелі кісі болатын. Жалпы, ол кеңшарда өз ісінің шеберіне айналған бас мамандар, ұйым, ферма басшылары еңбек еткенін мойындауым керек. Сол кісілерден де көп тәжірибе жинадым. Партия комитетін басқара жүріп ауылдан әжелер ансамблін құруға ықпал еттім. Оған себеп тойларда, жиындарда үлкен апайлардың табанда суырып- салма өлең құрайтын ақындықтары, әншілігі маған ерекше әсер етті, соны пайдалану қажет деп есептедім. Республикада тұңғыш рет болған Наурыз мерекесін Алматыда ашқандардың бірі – Ойықтың әжелер ансамблі. Танымал композитор Сәрсенбек Бәкірдің әулетінен отбасылық ансамбль құру жұмысы басталып, аяғына жеткізе алмадым, партия тарап кетті. Бірақ, сол ниеттің өзінен шабыт алған Сәрсенбектің қандай деңгейдегі өнерпаз, кең танылған композитор болғанын білесіздер. Кеңшардың саяси басшысы ретінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен тығыз байланыс жасадық. Оларды үнемі назарға алып, құрметтеп отырдық. Кезекпен пәтер беру мәселесін де қолға алдым. Кеңшарда үлкен қызметте істейтін кісінің заңсыз алған үйі қайтарылып, 12 ұл-қызы бар отбасыға берілуі соның көрінісі. Ол уақытта мұндай сеңді бұзып, батыл қадамға бару оңай емес. Маған шаруашылық партия комитетінің хатшысы ретінде сондай мәселені де шешуге тура келді. Ол кезде Мәскеуде СОКП Орталық комитетінде бүгін болған жиналыс ақпараттары ертеңіне КСРО-ның барлық шаруашылықтарындағы бүкіл коммунистерге жеткізілуі керек. Оның жолы – «Правда» газетін дер кезінде жеткізу. Коммунистер кеңшар орталығында ғана тұрмайды, алыс мал жайылымдарындағы малшылар, сушылар, егіншілер. Сондықтан, цехтық партия ұйымы хатшылары таңертеңмен су, май, жем таситын көліктер арқылы «Правда» газеті, тағы басқа газеттерді еңбек адамдарына жеткізетін. Мен «Ойық» кеңшарының директоры Ералы Дадабаевтан көп нәрсе үйрендім. Сондай бір қарапайым әдет – машинасының артында қымыз, шұбат, нан, сусындар жүретін. Егіс даласында еріні кезеріп тұрған сушыға бір кесе қымыз ұсынса, әлгі еңбеккердің көзі оттай жанып, ризашылық білдіретін. Мен де кейінірек көлігіме тәттілер, жемістер, сусындар салып жүруді әдетке айналдырдым.
Сол жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов Талас ауданын аралап келіп, «Үшарал» асыл тұқымды мал зауытының партия комитетінің хатшысын алып тастап, «Ойық» кеңшарына келді. Ашулы күйде келіп, «Балауса» комсомол жастар бригадасында еңбеккерлер арасында тұрып, менен жемнің жасалу құрамын сұрады. Алдында өзім үшін оны да бір зерделеп алғанмын. Айтып бердім. Ауылдағы халық санын, қаншасы ер, қаншасы әйел, тағы қанша жастар бар, бәрін сұрап жатыр. Жаратушы күш беріп, мүдірмедім. Аудан басшыларына мені мақтап кетіпті. Осылай, бір жолымның болған сәті естен кетпейді.
Жалпы өз басым, қай жерге басшы болып барсам да «Мен басшымын, айтқаным болу керек, бұрынғылардың ісі дұрыс емес» деген ойдан аулақ болатынмын. Себебі барлық жұмыс орындарында, мекемелерде бұрыннан қалыптасқан жүйе барын білемін, оны жаңаша әдістермен дамыту керек. Сол ұжымды, мекеме мамандарын тыңдау арқылы өзім жұмыс барысын түсініп, өзіме бағыт аламын, тәжірибе жинақтаймын.
– Мәдениет, ішкі саясат басқармасында басшы орынбасары болдыңыз. Не мәселені шеше алдыңыз? Ол жылдардан қандай естеліктер қалды?
– Облыс әкімдігінде алты жылға жуық мәдениет саласына жетекші қызметінде болғаннан кейін, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне бардым. Бұл қызметте әкімдікте атқарған ісімді әрі қарай жалғастырдым десем болады. Себебі, мәдениет басқармасының басшысы өнер адамы болды. Менің негізгі жұмысым мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Жалпы, жұмыс жүріп жатқанымен әртүрлі ұйым, мекемелермен байланысып, құжаттамалар толтыру, іс-қағаздарын реттеу оңай шаруа емес. Ол менің машықтанған жұмысым болғандықтан, абыройлы атқардым деп ойлаймын. Бірде-бір рет ұятқа қалып, келеңсіздікке жол берген жағдай болған емес. Өнер адамдарымен жұмыс істесек те, мемлекеттік қызметтің мән-мағынасын түсіндіре алдым, тәртіпке шақыра алдым деп есептеймін. Яғни, өтіп жатқан концерттің, қойылымдардың, кітапханадағы іс-шаралардың мақсаты, жүзеге асырылуы, жоғарыға берілуі тиіс ақпараттардың сауатты, мұқият орындалуы дұрыс реттеліп отырды.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына ауысқанымда жаныма жақын жұмысқа келгенімді сезіндім. Мамандығым тарихшы және саясаттанушы болғандықтан, бұл төңіректе өзімді еркін сезіндім. Әрі бұл басқармада бұрын көрмеген, араласпаған бағыттарды көріп, біліп, көзім ашылды деп айтсам қателеспеймін. Мысалы, мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс, дін мәселесі, бұқаралық ақпарат құралдарының әрқайсысы үлкен сала. Ішкі саясатта жүрген жылдарда әртүрлі сайлаулар жиі өтіп, түрлі партиялар құрылып, өздерінің биліктерін қорғап, бағыттарын түсіндіру үшін шерулер жиі өткізіліп жатқан кез еді. Сол мәселелерге араласа жүріп, іс үйрендік. Әртүрлі саяси жұмыстарға толы қызықты кезеңдерім деп ол жылдарды ризашылықпен есіме аламын және сол кезде басқармада жақсы тәрбие алған, шыңдалған мамандар еңбек еткенін айтуым керек. Мемлекеттік жұмыстың ішкі саясатына терең үңілген, саяси көзқарасымды дамытқан жылдар болған сол бір кезеңге ризашылығымды білдіремін.
– Өмірлік ұстаздарыңыз кім? Сізге шәкірт болғандар бар ма?
– Өмірлік ұстазым ақын Нарша Қашағанұлы айтқандай, «Ол да бір оқымаған дала данасы» атанған Кеңес Сапақов деген кісі. Алты айлығымнан бауырына басып тәрбиелеген ағам. Өзіндік пікірі мен көзқарасын батыл айта алатын адам. Сонан соң өзім қызмет істеген шаруашылықтағы мамандар мен қарапайым еңбеккерлер маған ұстаз болды. Ал, шәкірт мәселесіне келсек, біраз жастарды жұмысқа алдым, тәрбиеледім. Бірақ, олар мені ұстаз санай ма, санамай ма, олардан сұрау керек. Мектеп мұғалімі болып еңбек жолымды бастаған кезде Сұлушаш Құрманбековаға да сабақ бердім. Ол мен сабақ берген сыныптың үздігі болды. «Үртай әпкейдей тарихшы ұстаз болғым келеді» деп аудандық газетке мақала жазды. Ол менің жеке архивімде сақтаулы. Сұлушаш шынымен де тарих мамандығын бітіріп шықты. Ал, Самат Төрегелдиев, Мөлдір Ахметова, Алдияр Сұраншы мен Нұрзат Әмірбеков сияқты өз істеріне адал, көп ізденетін, ұятқа қалдырмайтын мамандармен жұмыс істеу көңілге хош әкелді, бәрін бақылап, барлығы үшін қуанып отырамын, үнемі байланыстағы, әлі де өзім білгенімді жеткізіп, білмегенімді сұрап, толықтырып отыратын көмекшілерім деп есептеймін.
– Тілдерді дамыту басқармасына жетекшілік еттіңіз. Ономастика, көше, ауыл, мекемелерге ат беру, тілге қатысты мәселелерді қалай шештіңіз?
– Тілге қатысты мәселелер үнемі назарымда. Қазақ тілін өркендетуге қатысты әлі де өз ойымды айтып келемін. Қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болуы тиіс. Осындай ұстанымда екенімді жасырмаймын.
Мен тілдерді дамыту басқармасына келген жылдар аудандарда орыс тілділерді мемлекеттік тілге оқыту баяу жүріп жатқан кез еді. Осыған қатысты бір жағдай есімде. Бірде сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев облыстық Ассамблея хатшылығының жиынына қатысты да: «Облыстың әр тұрғыны қазақ тілін білуі тиіс. Қажет болса, әр адамның үйіне барып оқытамыз. «Если Магомед не идет к горе, гора идет к Магомеду». Солай емес пе?» деп мені орнымнан тұрғызды. «Солай, әрине» деп жауап бердім.
Ономастикаға қатысты да бір ғана жағдайды айтайын. Мен басқармаға келген кезде «Атамның аты ауылға, көкемнің аты көшеге» деген көзқарас өршіп тұрған кез еді. Біз осы көзқараспен аянбай күрестік. Жалпы, ертеректе Қазақстанды басқарған Мирзоян деген кісі болғанын білесіздер. Оны қазақтар еркелетіп «Мырзажан» деп атаған. Ол болса жыл сайын пәлен мың қазақты жойып отыру туралы жасырын тапсырма алып, орындап отырған. Жоғарыға берген ақпарында «Бұл жолы 3 мың қазақты жойдық. Енді тағы көбірек жоспар бере берсеңіздер де орындаймыз» деп мәлімет берген. Бұл ақпараттар архивте сақтаулы. Мен осы жағдайды естіген кезде өте ауыр қабылдадым. Көзіме жас та келді. Не деген жауыздық. Ал, Тараз қаласында ол кезде ұзын әрі кең Мирзоян көшесі бар болатын. Сол көшенің атауын өзгертуді өзіме перзенттік парыз санадым. Ұзақ жыл облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Сейілхан Аққозиев ақсақалға көше атауын беру туралы ұсынысты пайдаланып, сол кездегі облыс әкіміне және облыстық ономастикалық комиссиясына Мирзоян көшесін Аққозиев ақсақалдың атына беру туралы ұсыныс жасадым. Осылайша, Мирзоян атауынан құтылдық. Мұндай атау барлық облыстарда бар еді. Ең алғаш болып Мирзоян көшесін алып тастаған Жамбыл облысы екенін мақтанышпен айта аламын.
– Музей басқарған жылдар несімен есіңізде қалды? Сіз үшін мансап пен марапаттың маңызы бар ма?
– Өңіріміздегі облыстық тарихи-өлкетану музейі экспонаттардың қоры жағынан да, маңызы жағынан да республикада алдыңғы қатарда тұрады. Музейдің әр құнды жәдігерін тау мен тас, даланы кезіп жүріп көп еңбек еткен кісінің бірі де, бірегейі – Күзембай Байбосынов. Мен музей басшысы ретінде Байбосынов бұрышын аштырып, оқуларын өткіздім. Оны бір табысты жұмысым деп есептеймін. Музейдің 85 жылдық тарихын жаздырып, «Музей – тарих айнасы» атты кітап шығарып, тұңғыш рет 85 жылдық мерейтойын атап өтуге қол жеткіздім.
Ұзақ жылдар қызмет істеген адам болғандықтан, мансаптың маңызы жоқ деп айта алмаймын. Маңызы бар. Ал, ешкімнің алдына марапат сұрап барған емеспін. Облыс әкімі мені басқарма басшысы қызметіне жіберерде «Жоғары партия мектебін бітіріпсіз. Комсомол, кеңес, партия жұмыстарында істепсіз. Бірақ, марапатыңыз жоқ екен» деп қалды. «Ұмтылған емеспін. Оны алудың да жолы әртүрлі емес пе?» деп жауап бердім. Көп ұзамай «Мемлекеттік қызметтің үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалін қатар алдым. Бастысы, еңбегің ескеріліп, марапаттап жатса ешқашан артық болмайды. Кейінірек Талас ауданының Құрметті азаматы атандым.
– Сіз үшін зиялы деген кімдер?
– Айтқан сөзі мен ісі үнемі сәйкес келетін, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұлтының, елінің нағыз патриоты, ол үшін ашық пікірін білдіре алатын, жағымпаздық, өтірік айтудан алшақ, кез келген ортада өзін еркін сезіну үшін үнемі ізденісте болатын, кітапты көп оқитын, елінде болып жатқан жақсы, жаман жаңалықтардан мүмкіндігінше хабардар, мәдениетті, адамгершілігі мол азаматтар.
– Қоғамда қандай мәселеге алаңдайсыз?
– Қоғамда алаңдайтын мәселе аз болмай тұр. Тілімнің әлі өз тұғырына толық қона алмауына еш көңілім толмайды. Жемқорлықты жеңе алмай келе жатқанымыз жаныма батады. Әлі де әр жерден «Анау пәлен миллион теңгемен ұсталыпты», «Түген жемқорлық бойынша кісенделіпті» деп естіп жүрміз. Осы жағы алаңдатады. Өз басым ұлтымды құрметтеуден, мақтан етуден еш жалықпаймын. Толып жатқан кемшіліктерге қарамастан қазіргі Тәуелсіз елімді ардақтаймын, елімнің әр жетістігіне қуанамын. Егемен елімнің мәртебесі биік болсын, көк байрағымыз көкте желбірей берсін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.