Құқық

Қылмыс хроникасы

The final spritzer

Қылмыс хроникасы

11 мың есірткі жарнамасы жойылды

БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Қазіргі таңда әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар көрінеді. Ал, жыл сайын 500 мыңнан астам азамат есірткіден қайтыс болады екен. Ұйымның мәлімдемесінде соңғы 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134 пайызға артқаны да айтылады. Бұл фактор, әсіресе Шығыс және Оңтүстік Азия мен Солтүстік Америка елдері үшін аса қауіпті. Атап өтейік, БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған. Ресми дерек бойынша қазір Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр.

Осы ретте Ішкі істер министрлігі көшелердегі жарнамалар арқылы есірткінің таралуын болдырмау үшін қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Айталық, өткен жылы ел аумағында 1700-ден астам рейд жүргізіліп, оған 13 мыңнан астам адам атсалысқан. Нәтижесінде, бүкіл ел бойынша 44 мыңнан астам есірткі граффити жойылды. Ал, биылғы жылдың екі айында 3 мың еріктінің қатысуымен 336 рейд ұйымдастырылса, бас-аяғы 11 мың граффити-сурет өшірілген.

Мыңдаған тонна прекурсор тәркіленді

«Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасының 5 күні ішінде облыс аумағында заңсыз айналымдағы 5 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, аталған департаментке бағынысты есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірлесіп, есірткі құқықбұзушылығының 40 дерегін әшкерелеген.

– Атап айтқанда, 4 қылмыс анықталды. Сондай-ақ, 9 қылмыстық теріс қылық, 27 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Олардың ішінде техникалық нығайту талаптарын бұзудың 20, фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзудың 5 және лицензиялау шарттарын бұзудың 2 фактісі бар. 33 мың 412 тонна 30 килограмм прекурсорлардың, сондай-ақ 4 469 түрлі есірткі және психотроптық препараттардың айналымы шектелді, – делінген ақпаратта.

500-ден аса көші-қон заңнамасының бұзу дерегі анықталды

Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жамбылдық тәртіп сақшылары «Заңсыз келуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл күндері полицейлер шетелдіктер тұратын мекенжайларды, құрылыс нысандарын, базарлар мен өзге елдің азаматтарының еңбегін пайдаланатын ұйымдарға тексеру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен, рейдтің төрт күнінде облыс аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 505 дерегі анықталып, 395 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, шетелдіктерді рұқсат құжаттарын алмай жұмысқа тартумен байланысты бұзушылықтың 179 фактісі тіркелген. Бұдан бөлек рейдтік іс-шаралар барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 28 жұмыс беруші жауапқа тартылған. Ал, 94 азаматқа заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін ел аумағынан кетпегені және заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарғаны үшін тағы 117 хаттама толтырылған.

Төрт түлік иелері жауапқа тартылды

Еске салайық, өткен жылы облыс көлемінде үй жануарларымен соқтығысу салдарынан 30 жол-көлік оқиғасы тіркелген еді. Өкінішке қарай, қара жолдағы апаттан 7 адам мерт болып, 38 азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Дәл осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер жүйелі жұмыстарды қолға алып, нәтижесінде, күре жолдың бойында малын қараусыз қалдырған 300-ге жуық азаматты жауапқа тартты. Осы ретте өңірлік полиция департаменті азаматтарға малды қараусыз қалдырмауды, әсіресе, жолдарға жақын аймақтарда оларды малшылардың бағуын ұйымдастыру мәселесіне қатаң назар аударуды сұрайды.

– Қараусыз мал – адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғаларының себепкері болып жатқанын иелері түсінуі керек. Олардың өз малына немқұрайлы қарауы – орны толмас жағдайларға әкеп, адам тағдырына әсер етуі мүмкін. Одан бөлек далада қараусыз қалған малды ұрылар оңай айдап әкетеді. Жыл басынан бері малын бақылаусыз қалдырған осындай 280 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Орынбасар Жалдығараев.

57 лауазымды тұлға айып арқалады

Осы жылдың алғашқы екі айында жамбылдық жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын көлік жолдарында 668 рет тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, облыс аумағындағы автожолдардан 2 709 ақау анықталған. Өңірлік полиция департаментіне бағынысты әкімшілік полиция басқармасының бастығы Азамат Бақытұлы жолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп ұстау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу бойынша 57 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, жол-техникалық инспекциясының нұсқамаларын орындамағаны үшін, автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты жеке мердігерлік мекемесінің лауазымды тұлғасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Есен ӨТЕУЛІ