Жоғарғы спорт мектебінің алар асуы алда

Өткен жылы облыс орталығындағы жоғарғы спорт мектебінің түлектері түрлі деңгейдегі айтулы жарыстарда 75 алтын, 92 күміс және 115 қола медаль иемденген. 2011 жылдың қараша айында сол кездегі облыс әкімінің қаулысымен құрылған мекемеде бүгінгі таңда 189 спортшы шеберлігін шыңдап жатыр. Оларға бас-аяғы 25 жаттықтырушы спорттың 11 түрінен білгенін үйрету үстінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде аталған мектеп басшысының орынбасары Рахман Тастеков баяндады. Оның айтуынша, мұнда сайдың тасындай іріктелген саңлақтардың төрт жылда бір рет түндігі түрілетін жазғы Олимпиада және Азия ойындарына қатысуына әрі олардың тұғыр биігіне көтерілуіне қолайлы жағдай жасалған.