Денсаулық

Шетелдік мамандар шеберлік сыныбын өткізді

The final spritzer

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Беларусь Республикасының жетекші маманының қатысуымен өткен шеберлік сыныбының аяқталуына орай баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға медицина ғылымдарының кандидаты, Беларусь Республикасы травматология және ортопедия жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының балаларға арналған травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Юрий Лихачевский, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының жетекшісі Ұлжалғас Мұхамбетова және облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Ержан Абдыхалықов қатысты.

Шеберлік сыныбы заманауи емдеу және хирургиялық әдістерді енгізуге ықпал етіп, өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Юрий Лихачевский облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жоғары кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, ол қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасудың аса құнды екенін және болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған Ұлжалғас Мұхамбетова «BI-Жұлдызай» қорының 2013 жылдан бері шетелдік мамандарды тарту арқылы дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Ол өз сөзінде осындай іс-шаралардың инновациялық әдістерді енгізу мен медицинаның дамуындағы рөлін ерекше атап өтті. Баспасөз конференциясы барысында табысты жүргізілген күрделі операциялардың нәтижелері де ұсынылды. Олардың ішінде туа біткен маймақтықты түзету, артродез, бұлшықет транспозициясы және басқа да хирургиялық араласулар бар. Бұл әдістер балалардағы ортопедиялық ауруларды емдеуде жоғары тиімділік көрсеткені айтылды. Сондай-ақ, балалар ортопедиясын дамыту, инновациялық емдеу әдістерін енгізу және балалар тәжірибесінде эндопротездеуді жетілдіру мәселелері талқыланды. Жалпы, шеберлік сыныбы облыстағы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудағы және халықаралық сарапшылармен ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА