Көрікті жерлеріміз көп бірақ келушілер жағы қалай?

Туризм саласы – мемлекеттің бет-бейнесі. Қала берді өмір салтымыздың, мәдени мұраларымыз бен тарихи ескерткіштеріміздің айнасы. Бүгінде дүниежүзі бойынша туризм саласынан ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан түсетін табыстан кейінгі екінші орында тұр. Ендеше, бұл саланы дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.
Бірақ біздің қоғам әлі де болса туризмнің экономиканың кірісті саласы екенін түсіне алмай келеді. Оның үстіне бұл салаға бейімделген білікті мамандардың тым аздығы, аталған салаға қажетті инфрақұрылымдардың әлсіздігі тағы бар. Облысымыздағы туризм саясатының бүгінгі ахуалы қалай? Туризмді дамытудың негізгі жолдарын және туристік қызметтердің сапасын қалай арттыруға болады? Туристерге өңіріміздегі қандай танымал жерлермен мақтана аламыз? Өткен жылы аймаққа неше турист аяқ басқан? 2025 жылға туризм басқармасының жоспары қандай? Ендеше жауабын іздеп көрелік.
Еліміздің туристік тартымды өңірлерінің қатарында біздің облысымыз айтарлықтай туристік- рекреациялық әлеуетке және туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Тартымды климат, табиғаттың әсемдігі, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, таулы жерлердің бірегей табиғи ландшафттары мен пейзаждары халықаралық туристік қызметтер нарығында туризм аймағы ретінде біздің облыстың оң бейнесін қалыптастырады. Оның үстіне облысымызда дәстүрлі туризм түрлерімен қатар тарихи-мәдени, медициналық, этникалық, танымдық, ойын-сауық, ат спорты, экологиялық және экстремалды туризм түрлері дамуда.
Туризм туралы толық жағдайға қанығуға осы салада жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты туризм саласы мемлекеттік қолдау, дамыту, мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Жайнақұлына жолықтық. Жомарт Хажы туризмді дамыту жайымен Жамбыл облысы Қазақстан бойынша 9-орында екендігін айтып, бірқатар атқарылған шаруаларға тоқталды.
«Қазақстанның 100 киелі орны» арнайы жобасы бойынша республикалық киелі карта әзірленіпті. Оған облысымыздың «Қарахан», «Айша бибі», «Бабаджа Хатун», «Тектұрмас», «Батыр Байзақ Мәмбетұлы» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» қасиетті орны және «Ақыртас» жұмбақ сарай кешені сынды 8 тарихи мәдени нысан енгізілген. Бүгінгі таңда облыста 225 туристерді орналастыру орны, 395 тамақтану пункті, 7 санаторий, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Туристерге өз қызметтерін 16 туристік компания және 25 көлік субъектілері ұсынады. Негізгі туристік нысандардың саны 40-ты құрайды, олар бойынша 45 туристік маршрут әзірленіпті.
2024 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келген. Бұл бұрынғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 пайызға артық. Оның ішінде 2 471 шетелдік, 148 639 турист елдің басқа аймақтарынан келген. Туристерге 2,2 миллиард теңгеге қызмет көрсетіліпті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 22 миллиард 949 миллион теңгені құраған. Осылайша, 2024 жылға арналған жоспар 14 миллиард 660 миллион теңге сомасында 156,5 пайызға асыра орындалыпты.
Қалай дегенде де облысымызда жүйелі істер атқарылып, туризм саласы жанданып келеді. Қалада тіпті осы сала бойынша мамандар да даярланады. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 117 студент, Тараз сервис және технология колледжінде 25 студент осы сала бойынша білім алуда. Онда арнайы гидтер дайындалып, туризм саласын ілгерілетуге күш салынбақ.
Облысымызға келген әрбір турист – ол инвестиция. Келген қонақтарға көрікті жерлерімізді, қайталанбас қорықтарымызды, әсем тауларымызды, кесенелерімізді, салт- дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды көрсете білсек, олармен бірге облысымызға инвестицияда тартылары сөзсіз. Мамыр айында төрт күн қатарынан шетелдік аудиторияны қазақстандық туризммен таныстыру мақсатында өтетін «Taraz mob fest» мобилографтар байқауы өтпекші. Бұл байқауға журналистер де, бейнебаян түсіруші әуесқойлар да қатыспақ. Одан бөлек шөлейтті таулы аймақтарға арнайы автокөліктермен турлар өткізілмек. Джип сафари турға 50 турист қамтылмақ. Олар Мойынқұм құмдарында квадрациклмен серуендеп, құмды аймақты зерттемек. Одан соң Меркі шатқалдарын бағындыру да осы турдың аясында өтпек. Көктемнің енуімен бірге наурыз мерекесі қарсаңында «Бәйшешек» экспедициясы ұйымдастырылмақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА