Кино көріп, ақша табуға шақырса... дереу қашыңыз
Кейінгі уақытта айлакерліктің алуан түрі шығып, күнкөрісін әзер тауып жүрген қарапайым жұрттың азын-аулақ тапқанын жымқырудың жолы көбейді. Осыған дейін қаржылық пирамиданың мәнін енді ұғып келе жатқан жұртты енді «Кино көріп, ақша тап» деген айлаға шақырушылар шығыпты. Оңай олжаға құныққандар ауылдағы аңғал ағайынды арбап, қаржылық пирамиданың сәл ғана өзгерген түрін көпшілікке ұсынып жүр.
Осындай озбырдан опық жегеннің бірі Нұржамал Досымқызы бастапқыда сене қоймаса да салған ақшасын 3-4 күнде қайтарып алғандарды көріп, алданып қалыпты.
Тіпті, халықты сендіру үшін әлгі «табыскерлер» салтанатты жиындар өткізіп, думандатып, оларын әлеуметтік желіде жариялап, кереметтей табысқа кенеліп жатқандарын айтыпты. Әрқайсысы кино көріп тапқан ақшасына не алғандарын айтып, мақтанған. Әйтеуір аңғал елді алдаудың жолын тапқан.
Қолындағы барын беріп, табысқа кенелеміз деп күтіп отырғанда табыс түгілі тас та жоқтың күйін кешкендер заңға шағымдануға кірісіп, уатсап желісінде топ құрып, қол жинапты. Бірақ, шағымдану үшін де дәлел мен дәйек керек. Сол компанияға кірерде ешқандай келісімшартқа қол қоймаған, қолдарында құжаты жоқ аңғал жұрт өздерінің адал ақысын да даулай алмай жүр.
Кино көріп, ақша табамын деп барынан айырылып қалғандар ауыл ішінде жетерлік. Әттең, қарапайым жұрт бабалардан қалған «Айдалада батпан құйрық, ол неғылған жатқан құйрық» дегеннің шын астарын ұғына алмай жүр. Сондай аңқаулықтың кесірінен ақшасынан айырылып ғана қоймай, кей жұбайлар ажырасып кетіп, шаңырақ шайқалып, бала- шағасының берекесін қашырғандар да бар. Ең соңында жанды жегідей жеген уайымның уыты өзіне қол жұмсатып, өмірінен де айырады.
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, соңғы үш жылда қаржы пирамидаларының әрекеттерінен облыста 200-ден астам азамат зардап шеккен. Бұл экономикалық тергеу қызметіне өтініш білдірген адамдардың ғана саны. Қолында дәлелі, тиісті құжаты болмай, шағымдануға шамасы жетпей, сан соғып жүргендер қаншама.
Күн сайын алаяқтықтың сан түрі шығып жатыр. Бірін танып білмей жатып келесісі жалт-жұлт еткен дүниемен, тегін түсер табыспен қызықтырып, аңқау жұртты арбап үлгереді. Мұндайда тек әркім өзіне сақ болғаннан басқа амал жоқ. Тегін жерден табыс түспейтінін ұғынған жөн.
Қамар ҚАРАСАЕВА