Шөлдалалық ата-аналар жандарын шүберекке түйіп жүр

Тараз қаласының аумағына маңайындағы елді мекендер енгізіліп, шаһар жақында 2 ауданға бөлінді. Жібек жолы аталған ауданға қарасты Шөлдала алқабындағы көшелерге жол салынбағаны, түнгі жарықтандырылмағаны және балаларға арналған қосымша үйірмелердің болмауы тұрғындарды алаңдатады. Осы аймақтың бір тұрғыны бізге хабарласып, «Шөлдалаға қашан көңіл бөлінеді?» деп мұңын шақты.
Әрине, біз айтылған мәселеге анық көз жеткізу үшін аталған аумаққа бардық. Осындағы екі мектептің алдындағы орталық көшесі ғана жарықтандырылған, өзге көшелер расымен де түнгі қараңғылық құшағында. Бізге хабарласқан Жансая Серікбаева қараңғылық пен мектеп алдындағы көшенің тарлығынан көршісінің баласын екі кештің арасында көлік қағып кеткенін айтып, өз балалары үшін де қатты уайымдайтынын жасырмады.
Алайда, біз Шөлдалаға барғанда дәл сол бала оқиды деген №59 мектептің инспекторы ондай жағдайдан бейхабар екенін жеткізді. Бәлкім, естімей қалған болар дейін десек, баланы көлік қаққан сәтте ата-аналардың whatsapp желісіндегі тобына жазылған, бәрі хабардар етілген. Яғни, мектеп инспекторы Әділет Қуатұлының бұл жауабы жауапкершіліктен қашу ма әлде қызметтік міндетіне жүктелген сенімді сезінбеу ме?
Жібек жолы ауданы 2-аумақтық округтің бас инспекторы Жарас Алтынбековтен «Шөлдаладағы мектепке баратын балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?» деген сұрағымызға «Мектеп инспекторы барлық уақытта осында болады, оқушыларды күтіп алып, сабақ аяқталғанда шығарып салады» деген болатын. Дәл осылай сенім жүктелген мектеп инспекторы да мектептің алдында 3-сынып оқушысын көлік қаққанынан бейхабар екенін айтты бізге. Инспектор бұл қызметіне жақында ғана кіріскен екен. Оқыс жайттан хабарсыз болғаны содан да болар деген ой келді.
Мұнда балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа баулитын үйірмелер жоқ екен. Сондықтан, сабақтан тыс уақытта жеткіншектер көшеде жиналып, ересектердің қадағалауынсыз қалатын көрінеді.
Ал, осы аумаққа жауапты бас инспектор Жарас Алтынбеков мектеп алдындағы орталық көшеге жаяу жүргінші жолын салуға биыл қиыршық тас төселетінін айтты.
Шөлдалалық тұрғындар айтып отырған мәселенің шешімі алдағы уақыттары болуы мүмкін, жоспар бойынша. Ал, әзірге ата-аналарға балаларын үйден шығармай, мектеп, балабақшаға өздері жетектеп апарып-әкелуге тура келеді. Алайда, ойын баласын үйде қамап ұстап отыру мүмкін бе? Ал, азаннан кешке дейін жұмыста жүретін ата-аналардың балалары қайтпек? Бұл сұрақтардың жауабын Тараз қалалық әкімдігінен күтеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА