Әлеумет

Күн мен түн теңелгенде...

The final spritzer

Наурыз – қазақтың жыл санауында жылдың басы. Әрі қыстың аяқталып, күннің жылынар тұсы. Дәл осы кезеңде түркі тілдес халықтар «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп атап, көктемнің көкөзек шағы әз Наурызды тойлаған. Ел-жұрт болып ұлық күнді тойлау бір басқа, дәл осы күні отау құрғандар үшін қат-қабат ерекше мейрамды атап өту бір басқа.

Жастықтың қызығын бірге кешіп, шырайлы күндерді естен шығармаған, махаббаттың жылуын сезініп, мың белестен бірге асып, айтар әңгімесі таусылмаған жұп – меркілік Қапановтар отбасы. Отағасы Сейтжан Жабықпаев пен отанасы Жанна Нарымбетованың наурызда шаңырақ көтергендеріне 26 жыл. Алты ұл-қыз бен екі немере тәрбиелеп отыр. Сейтжан Қапанұлы – басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері. Ал жан жары Жанна Серікбайқызы – Меркі ауданы, Ақермен ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі. Наурыз мерекесін олар ерекше атап өтеді.

Отбасы – ауызбіршілік пен өзара қолдау мекені. Сау, сауатты отбасында «Кім биік, кім төмен?» деген сұрақ туындамайды. Кім-кімге бағынуы керек деген әңгіме айтылмайды. Ешкім ешкімге табынбайды. Бәрі тең. Отбасының әр мүшесінің өз арманы, үлкенді-кішілі жоспары бар. Осындай сыйластық пен махаббатқа құрылған жанұяның бірі – Нұрболат Әлдибек пен Гауһар Сүйімбайдың отбасы. 2014 жылы 21 наурызда шаңырақ көтерген жұптың отағасы Нұрболат – республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі. Ал жан жары Гауһар – кондитер. Өзінің шағын кондитерлік дүкені бар. Гауһардың мамандығы – филолог. Бірақ тәтті жасауға деген ықыласының арқасында нағыз кондитерге айналған.

Наурызда отау тіккен жандардың тағы бірі – Елдар Боранбек пен Балжан Оңласынбектің жанұясы. Олар 2021 жылы шаңырақ көтерген. Отау құрған 4 жылда олар үш балалы болды. Бүгінде Көзайым, Хақназар, Бекназар есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Елдар Ханжанұлы 1997 жылы 29 наурызда Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Ол Қордай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары.

Өнегелі отбасы, өрелі ұрпағы бар ел бақытты. Ел ішінде «Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған тағылымы мол отбасы» деген сөз бар. Лайым бұл үш жанұя да шаңырақтарынан шаттық есіп, көпке үлгі болып отырсын деп тілейміз. Ауызбіршілік пен сыйластық бар жерде отбасы ды мығым. Соған көзіміз жетті.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА