Жамбылда не жаңалық?

Наурыз көже – денге қуат, дертке шипа

The final spritzer

Жаңа күн туып, ұлы істердің бастауы болған жыл басы келгенде, әрбір үйде қазан толы наурыз көже жасалады. Наурыз көжені толтыра жасаудың себебіне қатысты ырым-наным да, болжам да көп айтылады. Ал, наурыз көженің адам ағзасына келтірер пайдасы қандай, қалай әзірлегенде зиянсыз болмақ?

Әрине, наурыз көжеге 7 түрлі дән, сүрленген ет, құрт салынып, ақ құйып пісірілетіндіктен, құнарының қандай болары белгілі. Құрамында не бар, біз соған тоқталайық. Тағамтанушы, иммунолог мамандардың айтуынша, наурыз көженің құрамындағы дәнді дақылдар ішкен жанға күш-қуат береді. Жүйке жүйесі мен жүректің жұмысына пайдалы. Еттің құрамында толық ақуыз, майлар, темір, мырыш, мыс секілді минералды элементтер, суда және майда еритін дәрумендер бар.

Ел ішінде «тілеу көже», «көп көже» деп аталып кеткен наурыз көже дайындалар сәтте әрбір дәнді салып, ағарғанды құярда «Қырманымыз дәнге толсын! Қазанымыздан ас арылмасын! Ақ мол болсын!» деп айтылатын тілектер де тағамның құрамына береке қосатынға ұқсайды. Әрине, бұл сенім, дегенмен наурыз көжені ішкен адам алғаш дәмін татқаннан-ақ молшылықты сезініп, іштей мерейі таситыны рас.

Ал, ел аузындағы аңызға ой салсақ, наурыз көженің астарында үлкен мән жатыр. Қазығұртқа Нұх Пайғамбар кемесі күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының 21 жұлдызынан 22-сіне қараған түн екен. Пайғамбар топан су апатынан аман қалғанына шүкіршілік етіп, Құдай жолына ас бермек болады. Кемедегі азық- түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі қарта, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шымшым тұз қалыпты. Нұх Пайғамбар тәуекел деп, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамдарды әр араластырған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла Тағала періштелерге: «Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына Кәусар бұлағынан су тамызыңдар, берекемді шашыңдар» депті. Жаратушының пәрменімен періштелер жиналып, қазанға Кәусардан су тамызып, береке шашады. Осылайша жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, Пайғамбар қазанынан дәм татады. Содан бері Нұхтың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталады.

Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру мұсылман халқына Нұх пайғамбардан мирас болып қалған деседі көнекөз қариялар. Бәлкім, сондықтан болар, аналарымыз жұртшылыққа наурыз көжені ұсынғанда ізгі тілегін айтса, соңынан ақсақалдар ақ батасын береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА