Басты жаңалық

Салық түсімдерін қалай көбейтуге болады?

The final spritzer

Өңірде таяу уақытта үш бірдей ірі кәсіпорынның құрылысы басталмақ. Бұл туралы сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың жиырма екінші сессиясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев айтты.

Облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Мұханбеталы Шалқарбеков ашып, жүргізіп отырған сессия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Жиында аймақ басшысының орынбасары Нұржан Календеров жергілікті бюджет қаражатының пайдалану тиімділігін арттыру және салық түсімдерін ұлғайту жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, сессия күн тәртібінде «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәслихаттың 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №20-4 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, аталған өзгерістер бюджет қаражатын жоспарлау мен тиімді пайдалану, бюджеттік бағдарламада көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелей түспек. Ал, 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік кірістердің 47,7 пайызын құрайтын табыс салығы, яғни, 49 миллиард теңге аудандар бюджетіне беріліп, облыстық бюджеттің өзіндік кірісі 34 миллиард теңгеге азаймақ.

Осыдан кейін жергілікті бюджет қаражатын басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мен салық түсімдерін ұлғайту жөнінде атқарылған жұмыстарды зерделеу қорытындысымен депутат Д.Бейсенқұлов таныстырды. Сондай-ақ, сессияда бұдан бөлек 12 мәселе қаралып, оның 11-і депутаттар тарапынан толық қолдауға ие болды. Тек облыс аумағында үй жануарларын ұстау және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы ұсынған мәселе тұрақты комиссия отырысында сарапқа салынып, қайта қарауға жіберілді.

Сессия отырысында бірқатар халық қалаулылары жұршылықты алаңдатқан мәселелерді алға тартты. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірге елеулі еңбегі сіңген меценат-шопан, Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевтың есімін есте қалдыруға байланысты іс-шаралар өткізілсе деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, ол Шөлдала алқабында орналасқан №34 «Бақыт» бөбекжай-бақшасы мен Тараз қаласындағы №53 Қ.Тұрысов атындағы мектептегі спорт алаңшасының жағдайы көңіл көншітпейтіндігін жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қала аумағындағы өткен ғасырдың 70-80 жылдары аралығында соғылған білім ошақтарының жағдайы мәз емес екендігін, тиісінше аталған олқылықтар көбіне ескі білім ошақтарында орын алатындығын атап өтті. Сол себепті аймақ басшысы Тараз қаласының әкіміне тиісті сараптама жүргізіп, мәселенің шешімін қарастыру бойынша тапсырма берді. Бұдан бөлек, сессия отырысында депутаттар Айгүл Ақшалова мен Дамир Ташқараев «Зербұлақ» демалыс аймағындағы жер иелену бойынша туындаған мәселе мен облыс орталығына қосылған аудандардағы жер мен үй кезегіне қатысты сауалдарын жолдады.

Жиын соңында облыс әкімі сессияда қабылданған шешімдердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екендігін атап өтіп, дәл қазіргі кезеңде облыс инвестициялық серпілістің алдында тұрғандығын айтты. Өйткені, осы жылы облыста ірі үш бірдей кәсіпорынның құрылысы басталмақ.

Аталған жобалар іске асқан жағдайда өңір экономикасына айтарлықтай өсім пайда болатындығын атап өткен аймақ басшысы облыста жүгері белдеуін қалыптастыру жоспарда бар екендігін айтты.

 

Нұрболат АМАНБЕК