«Арландарға» жеңіс сыйлаған үш батыр
«Арландарға» жеңіс сыйлаған үш батыр
Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші кезеңінде «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Польшаға «қонаққа» барды. Жергілікті «Польша гусарлары» командасымен қолғап түйістірген біздің «арландар» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Сыртта олжа салған жерлестеріміздің жекпе-жектеріне жеке-жеке тоқталайық.
Олжас Сәттібаев – Хамза Туба
Алдымен рингке 52 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлері беттеді. Аталмыш салмақта «Астана арландарының» намысын жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаев қорғады. Бұл кездесуде Олжас қарсыласынан анағұрлым жылдам болды. Шабуыл, сосын кейін шалт қимылмен шегініп үлгеру. Соңғы раундтарда басымдығы тіпті анық аңғарылды. Сол жылдамдық шешуші рөл атқарды. Жамбылдық өрен осылайша алғашқы ұпайды қоржынға салып, Хамза Тубаны 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Закир Сафиуллин – Давид Михелиус
Алпыс келіде соңғы ел біріншілігінде атой салған шымкенттік Закир Сафиуллин шаршы рингке екінші болып шықты. Салмақ өлшеу рәсімінде Закирдің қарсыласы жеңіліп қалған сияқты еді. Олай емес екен. Сафиуллин – сөзсіз жақсы боксшы. Бірақ, шабуылдан соң жабылып үлгере алмай жатты. Соның нәтижесінде қарсыласы Давид Михелиус өз соққыларын дарыта білді. Жеңісті бір ғана ұпай айырмасымен үш төреші алаң қожайынына берді. Шетел рингінде қарсыласыңнан айқын басым болмасаң жеңіске жету қиын. Мадияр Әшкеев – Стивен Жеррард
69 келі салмақ дәрежесіндегі Мадияр Әшкеев ағылшындық «Ливерпуль» футбол клубының аңызына айналған футболшы Стивен Жеррард атты аттасынан жеңіліп қалды. Ол өз соққыларын дөп тигізе алды. Бірақ, қарсыласының көп шабуылын өткізіп қойды. Әшкеевтің осал тұсы басын төмен ұстап алғаны болды. Сырттан «басыңды көтер, қорқып қалдың ба, жеңіліп жатырсың» деген бапкерінің жан дауысы көп жайтты аңғартса керек. Әйтпесе, қарсылас соншалықты мықты емес. Басын төмен ұстаған боксшының қарсыласын көре қоюы екіталай.
Хрвое Сэп – Маттеуш Трыц
Есепте қарсыластарына есе жіберіп жатқан «арландардың» бар үміті Хрвое батырда. Ол жеңсе, таразы басы теңеседі. Ал есе жіберіп алса, матчта жеңіліске ұшыраймыз. Шыны керек, футболда легионерлерді сынаймыз. Бокста мақтап қою керек. Хрвое Сэп – ерекше боксшы. Қайтпайды. Соққыны жаудыра береді. Қаймығу деген мүлде жоқ. Оның бесінші раундтағы белсенділігі жеңіс сыйлады. Төрт раундтың қорытындысы бойынша есеп тең болатын. Соңғы раундтағы басымдылық арқылы таразы басы теңесті. Маттеуш Трыцтың екпіні басылды.
Шешуші кездесу: Филип Хргович – Павел Вржебицкий
Жеңуіміз де, жеңілуіміз де легионердің қолында. Филип Хргович бұл жолы қарсыласы Павел Вржебицкийден екі бас жоғары болды. Ол оған еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Павелге польшалықтар бес раунд шыдас бергеніне риза болуы керек. Хрговичтің соққыларынан қаймыққан талай боксшы соңына дейін шыдас бере алмай кеткен болатын. Керемет! Осымен «Астана арландарына» үшінші мәрте легионерлер жеңіс сыйлады! Үш батырдың ерекше екпінін де айта кеткен жөн.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».