Адам тағдырына бойлаған жазушы

Оралхан Бөкей – барша оқырманның сүйіспеншілігіне бөленіп, жүректеріне еніп кеткен қаламгер. Оның «Біздің жақта қыс ұзақ», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Кербұғы», «Қар қызы» шығармаларын әдебиетсүйер қауым қайталап оқып, әр сөзін жаттап алған шығар.
Менің қолыма Оралхан Бөкейдің 2024 жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Апамның астауы» әңгімелер жинағы түсті. 142 бетке жинақталған әңгімелерді бір деммен оқып шықтым. Сүт қатқан шай секілді өзіне тартып тұратын, ғажап шығармалар екен. Баршасына тоқталмай- ақ, екі әңгімеге басымдық бермекшімін. Біріншісі, «Апамның астауы» әңгімесі. Жазушы бұл шығармада апа мен немере арасындағы төгіліп тұрған мейірім мен шуақты шебер көрсетеді. Сол арқылы ауыл өмірінің бүкіл тынысы қамтылады. Он бес жасына дейін апасының қойнында жатуы, он бес жасына дейін апасының соңынан қалмай, әр үйден дәм татуы, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі аузынан кетпегені нанымды баяндалады. Бұл тақырыпты талай жазушы жазған, бірақ Оралханның тілі басқаша, өзіне тартып отырады. Бұл ауылда тұратын, апасы бар әр немеренің басындағы бақытты балалық сәттер. Көпшілікке таныс, сондықтан да шынайы шыққан. Әңгіме осылай жалғасып апасының күш-қайратын көрсететін алапат істеріне ұласады. Он шақырым жерден кемі 40 килограмм тартатын саулық қойды арқасына салып көтеріп келуі, соғымға дәу сиырды немересіне бауыздатып, жалғыз өзі сойып алуы – ерлікке тән істер. Бас кейіпкер құдабала болып қонаққа барғанда құдасы 1 сом береді. Ол кездегі 1 сом құнды, аздаған тиынға қой келеді. Сол ақша қалтасына түскен күні немересі апасынан бөлек жатқан. Бірнеше күн бойы бөлек жатып, апасына қимаған 1 сомы бір күні қалтасында жүріп жоғалып қалады. Немересі оны апасынан көреді. Ол кезде жоқшылық уақыт. Апасы сол 1 сомға үйге жақсы шай алған секілді.
Сондай аяулы апасын бас кейіпкер есейгенде, Алматыға тұрақтаған кезде ұмытып кетеді. Ауылға барса өз әке- шешесінен ғана қайтып жүреді. Онысын өзі мойындап өкінішпен баяндайды. Тек соңғы сәттерде ғана түсіне кіргенде есін жинап, апасына ең жақсы көйлек сатып алып, ауылға тартады. Бұл апасымен амандасып, мәре-сәре болады. Сол күні түнде аяулы апасы «Илайлолла, илайлолла» деп иманын айтып, өмірмен қоштасып кете барады. Жазушы бұл әңгімесін: «Апамды арулап, сырмаққа орап, зузаға салып көтере жөнелгенде, үйдің бұрыш-бұрышында «апам-ау, апам» деп зар еңіреп немерелері қалды. Өлген адамның сүйегі ауыр болады деген рас екен. Шүйкедей ғана кемпірді сойталдай- сойталдай он жігіт мықшыңдап әрең көтеріп келе жаттық. Жас қабір басына келіп тоқтап, сүйек салынған заузаны түсірген соң, біздерге бір-бір сомнан ақша таратты. Менің де ұйып қалған алақаныма жұмырланған бір теңгені ұстата салғанда, жүрегім дір ете түсті де, көзімнен жас ыршыды. Менің есіме сонау балалықтың алаңсыз жылдарында «ақшамды алып қойды» деп, апамның қойнына жатпай, бөлек кеткенім түсіп еді. Енді, міне, мойныма қарыз болмасын дегендей, сол бір қайнатым шай алған бір сомды өзіме қайтарып тұрғандай сезіндім. Өз-өзімді тоқтата алмай жыладым, қара жер томпайғанша жыладым.
Ертеңіне ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан апамның астауын алып, Алматыға қайттым. Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә, адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау...», – деп аяқтайды.
Келесі әңгімесі – «Маңдайдан бағың шайқалса». Мұндағы бас кейіпкер ауылдың ең мықты, қайратты, балуан жігіті – Шаған. Бір ауылдың бүкіл бозбалалары «Шағандай болсақ, әттең, қарсыласты күрескенде қырқай шалып алып ұрсақ» деген тілекпен өскенін баяндайды жазушы. Одан әрі Шағанның ащы тағдыры, жеті баланың әкесі болған уақытында ащы суға салынуы көркем тілмен көрсетілген. Бұған кінәлі нәрсе – арақ. Жазушы арақ ішкеннің барлығы жынды болып кетпегенін көріп жүрміз деп өзінше ой түйеді. Сол бір арақтың кесірінен Шаған талай рет жұмыс ауыстырған. Совхоздан қуылған күні, жол жөндеу жұмысына, бұдан қуса – балташы болып, әркімнің үйін салған. Сол арақтың кесірінен екі рет «жаман» жерге «отырып» шыққан. Ішпесе әп- әдемі. «Жаман» жерден соңғы рет шығып, үйіне келе жатқанда Өскемен әуежайында бас кейіпкермен кездесіп қалады. Үсті- басы әп-әдемі. Жақсы киініп алған. «Иә, Ораш, хал қалай, бауырым?» деп күректей алақанын ұсынды дейді. Содан екеуі ауылға бірге қайтқанын, үш күннен соң Шағанның қайта ішіп кеткенін жазушы суреттейді. Алдында ғана көрген әп- әдемі Шаған жоқ, қайтадан азып-тозып шыға келген. «Мен туралы кітап жаз», дейді бұған. «Аға, сіз туралы әлдеқашан жазып жүрмін. Бірақ, бітіре алмадым», дейді. «Неге?» деп ыршып түседі Шаған. «Себебі сіз түзелген жоқсыз. Қайтадан ішіп кеттіңіз. Қалайша өтірік жазамын?», – дейді. «Оның жөн екен. Ойлану керек екен» дейді Шаған. Жазушының бұл әңгімесі: «Мен Алматыға ұштым. Бір айдан соң ауылдан хат алдым. Шаған ішкенін қойыпты. Совхозда балташы болып жұмыс істеп жүр екен... «Ораш келсе, қонаққа шақырам, азамат емеспін бе?», – деп бір тоқтысын семіртіп жатқан көрінеді. Ал мен де ағайынның алдында өтірікші болмайын деп, осы әңгімені жаздым» деп аяқталады. Кішкентай ғана әңгіме үлкен әсерге бөлейді, ой салады.
Бұл кітаптағы шағын әңгімелер өте қызықты, жеңіл оқылады. Жастарды қазақ халқының ұлттық құндылығына жетелеп, жаманнан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуына ерекше әсер беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ