Әлеумет

Сібір жарасына жеңіл қарауға болмайды

Сібір жарасы – жіті, аса қауіпті инфекция, халық арасында күйдіргі, түйнеме деп аталады. Бұл – аса қауіпті жұқпалы ауру, оның қоздырғышы – сібір жарасының таяқшасы (Bacillus anthracis). Сібір жарасының үш түрі бар: тері, өкпе және ішекте дамиды. Көбінесе тері жамылғысында пайда болады. Ал, өкпе мен ішекте сепсис түрінде өтуі сирек кездеседі. Сібір жарасының қоздырғышы қоршаған ортаға төзімді, ол топырақта ондаған жылдар бойы сақталады.

Бұл дерт Сібірде кең таралғандықтан «Сібір жарасы» деген атауға ие болған. Орыс дәрігері Степан Андреевский сібір жарасының адам мен жануарларға ортақ ауру екенін және ол жануарлардан адамға жұғатынын дәлелдеген. Сібір жарасы қойда – топалаң, ірі қарада – қараталақ, түйеде – ақшелек немесе қарабез, жылқыда – жамандат деп аталады. Сондай-ақ, жабайы жануарлар да сібір жарасы ауруымен ауырады. Сібір жарасының инкубациялық кезеңі – орташа есеппен алғанда 2-3 күн. Бірнеше сағаттан соң 8-14 тәулікке дейін ауытқуы мүмкін. Ауру тез басталады. Алғашқы сағатта науқастың дене температурасы 38-40 градусқа дейін күрт жоғарылайды, әлсіздік пайда болады. Сібір жарасы қан (сепсис) жұқтырудың кез келген түрі арқылы дамиды.

Сібір жарасы адамға ауру жұққан жануардың терісінен, жүнінен немесе еттен жұғады, көбінесе адамдар бұл ауруды мал сойып, терісін өңдеп, сыпырғанда, бактерия түскен ауыз су, тамақты ішіп-жегенде, эндемиялық аймақтарда егістікте ластанған топырақты қолданғанда, ауа, шаң арқылы, жәндіктердің шағуы (шыбын, масалар) жұқтырып алуы мүмкін. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының симптомдары: бас ауруы, дене қызуының жоғары болуы, әлсіздік, тері зақымдалғанда ісіну мен қышуы, кеуденің ауыруы мен тұншығу (өкпе), қан аралас іш өту және іштің түйілуі, қан аралас құсу (ішек).

Сібір жарасының белгілері байқалған кезде дереу дәрігерге хабарласу қажет. Ем-дом дер уақытында басталса, науқас сауығып кетеді. Емдеу процесі тек стационарда жүргізіледі. Науқас антибиотик немесе басқа да препараттарды дәрігердің кеңесінсіз, өз бетінше қолданбағаны абзал. Аса ауыр жағдайда науқас сібір жарасынан көз жұмуы да мүмкін. Сол себепті, аурудың алғашқы белгісі байқалғанда науқасты дереу ауруханаға жатқызу керек.

Емдеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым тиімді нәтижеге жету мүмкіндігі жоғары болады! Сібір жарасының алдын алу ветеринариялық (жануарларды егу; ауру жануарларды анықтау және оқшаулау, малдың өлі денесін өртеу; ауру объектілерді құрамында хлор бар препараттармен залалсыздандыру; сібір жарасымен ауыратын малды және оның өнімдерін жою) және медициналық-санитариялық шараларды жүргізуден тұрады:

Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинацияға ет комбинаттарында, мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, етті тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, қатысатын адамдар жатады. Сонымен қатар, егумен үй жануарлары да егіледі. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығы қамтылуы тиіс. Жануарларды егу жұмыстары тегін жүргізіледі. Өлген жануарды тиісті құзырлы мекеме өртеп, жояды. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Есіңізде болсын! Алдын алу шаралары, әсіресе қауіпті аймақта болсаңыз, сібір жарасын жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі.

- Кездейсоқ базарлардан жеке тұлғалардан ет сатып алмаңыз!

- Ветеринариялық мөрі болмаса және сатушының ветеринариялық ілеспе құжаттары болмаса ет сатып алмаңыз.

- Шикі етпен жұмыс істегенде қолғап киіңіз.

- Тұтынбас бұрын етті жақсылап термиялық өңдеуден өткізіңіз.

- Егер эндемиялық аймақта тұрсаңыз немесе қоздырғышы болуы мүмкін топырақпен, жануарлармен немесе материалдармен жұмыс істесеңіз, дәрігеріңізбен вакцинациялау мүмкіндігін талқылауыңыз керек.

- Ауыл шаруашылығында немесе бактериялардың әсер ету қаупі бар басқа ортада жұмыс істесеңіз, қолғап пен қорғаныс киімін киіңіз.

- Инфекция белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.

- Ауру жануарлармен немесе жұқпалы материалмен байланыста болған адамдарды 2 апталық белсенді медициналық бақылау қажет.

 

Сәкен ЖҰМАНҚҰЛ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бас маманы.