Әлеумет

Студенттер арасында дін мәселесі сараланды

Дін адамның ішкі нанымына байланысты дамиды. Әрине, жалғыз Жаратушы бары рас, хақ дін – Ислам дейміз. Алайда, әлемде 10 мыңнан аса дін бар делінеді деректерде. Ал, жер шары тұрғындарының 84 пайызы ең үлкен саналатын 5 дінді ұстанады, олар – Ислам, Христиан, Индуизм, Буддизм және Халықтық діндер. Әрине, бұл әр халықтың сеніміне байланысты.

Кейінгі уақытта адамның ішкі сенімін пайдаланып, діннің атын жамылып, астыртын саясатын жүргізетіндер де жиі көрініс берді. Әсіресе, олар оң-солын танып үлгермеген, алаңғасар жастардың сенімін жаулап, жетегіне ертуге күш салды. Сондайлардың жетегіне еріп, өзінің шыққан тегін ұмытып, шекара асып, өз еркімен қанды қырғынға араласқандар да жоқ емес. Сол себепті де ел арасында адаспас жолды нұсқап, діни тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» да халықтар мен елдер арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдаудың маңызды құралдарының бірі ретінде дінаралық диалогты нығайтуды және дамытуды көздеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізудің бастамашысы – біздің ел. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі бұрын-соңды болмаған террористік шабуылдардан кейін, адамзат өркениетаралық және дінаралық алауыздықтың алдында тұрғанда Қазақстан бір үстел басында әлемдік рухани лидерлерді біріктіретін форум өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бүкіл адамзаттың қауіпсіздігіне құрылған бұл идеяны көптеген әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері қолдады. Осылай басталған съезді дамытудың 10 жылға бағытталған тұжырымдамасы аясында жастарды діни адасушылықтан сақтандыру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде профессор оқытушылар құрамы мен студент жастарға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Алқалы жиынға «Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров және облыс әкімдігі дін істері басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлімінің бас маманы Асылхан Қалмырзаев қатысып, баяндама жасады.

Жиынды жүргізген университеттің басқарма мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек бұл оқу орнында еліміздегі конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастарға дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты.

Жастар жиналған дөңгелек үстелде университеттің зиянды әрекеттерден сақтануға шақыратын бейнеролигі көрсетілді. Басқосу қорытындысында студенттер діни нанымға қатысты көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауаптарын тыңдады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА