Әлеумет

ТЖД хабарлайды

The final spritzer

ТЖД хабарлайды

ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Облысқа жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков өңірдегі су тасқынының алдын алу бойынша профилактикалық шаралардың орындалу барысымен танысты.

 

Сапар барысында комитет төрағасы облыстың бірнеше аудандарын аралап, арналар мен өзендердегі механикалық тазалау жұмыстарын, сондай-ақ су арналарының бойындағы дамбалар мен бөгеттерді жасау және жағалау сызықтарын нығайту жұмыстарын көріп шықты. Су тасқынына қарсы қорғау жүйесінде маңызды рөл атқаратын бірнеше көпірлер мен су қоймаларын тексерді. Сонымен қатар, сел мен қар және жаңбыр суларының еруінен болатын қауіптерден халықты қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесіп, су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бірлесіп шешілуі тиіс міндеттер айқындады.

БІР АПТАДА – 7692 ҚОҢЫРАУ

Өткен аптада, яғни 3-10 наурыз аралығында төтенше жағдайлар қызметінің құтқару және өрт сөндіру бөлімшелері 76 рет шақыртуға шықты. Оның ішінде, өрт сөндіруші-құтқарушылар 40 рет, яғни 8 өрт оқиғасына, 21 жану оқиғасына, 11 апаттық-құтқару жұмыстарына шығып, 21 адамды құтқарды. Оның ішінде, 4 бала мен 7 ересек адам эвакуацияланды. Сондай-ақ жедел-құтқару жасағы 36 рет түрлі сипаттағы апаттық-құтқару жұмыстарына шығып, нәтижесінде 2 адам құтқарылды.

Апта ішінде облыста 10 төтенше жағдай тіркелді. Оның 1-еуі табиғи сипаттағы (қауіпті метеорологиялық құбылыс) оқиға болса, 8 техногендік сипаттағы (өрттер) және 1 еріген қар суының жүріп өту жағдайы болды. Өткен аптада 9 дауылды ескерту жарияланып, тұрғындарға 26 SMS-хабарлама жіберілді. Жалпы, «101» және «112» қызметтеріне 7 692 қоңырау түссе, оның 598-і шұғыл шақырту болды.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Өрт немесе төтенше жағдайлар орын алса, «101» және «112» нөмірлеріне тегін қоңырау шала аласыз.

СУ ТАСҚЫНЫН БОЛДЫРМАУ – МАҢЫЗДЫ

Жамбыл өңірінде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар тиісті шаралар қолға алынуда.

Осыған орай облыстық мәслихаттың депутаттары Жанат Бастаубаева, Керімқұл Бегалиев, Рүстем Айдынбеков және Жансая Сатыбалдиевадан құрылған жұмыс тобы Жуалы ауданындағы өзен-көлдер, көпірлер мен су өткізу құрылғыларының жалпы жай-күйлерін зерделеді. Аталған шараға ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдрайымов та қатысты.

Жұмыс тобының қатысуымен көктемгі мезгілде еріген қар суы мен өзен-көлдердің арнасынан асып-тасуы нәтижесінде орын алатын су басу жағдайларының алдын алуға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

ГИДРОПОСТТАРДАҒЫ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА

Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазгидромет» кәсіпорнының облыс бойынша филиалының қызметкерлері және Жуалы ауданының жергілікті атқарушы органдары су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Теріс өзенінің Нұрлыкент ауылында және Шоқпақ өзенінің Жұрымбай ауылындағы өлшеу жұмыстарын жүргізді.

Шоқпақ өзені Жұрымбай ауылындағы гидропостта су деңгейі 196 сантиметр, су өтімі секундына 1,98 текше метр болды. Теріс өзені Нұрлыкент ауылындағы гидропостта су деңгейі 221 сантиметр, ал су өтімі секундына 6,75 текше метрді құрады.

ҚАЙЫҚТАҒЫ АҢШЫ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Бірер апта бұрын Әулиекөл көлінде екпінді жел аңшыны қайығымен қамыс арасына алып кетіп, ол өз бетінше жағаға шыға алмай қалған. Құтқарушыларға басқа аңшы көмек сұрап хабарласты.

Құтқарушылар арнайы сүңгуірлік киімдерін киіп, көлдің ортасында қалып қойған азаматты жағаға шығарып, «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне тапсырды. Ер адам қатты тоңып, аяқ-қолдары жансызданған, себебі желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетіп, көлде толқын биіктігі 1-1,5 метрге дейін көтерілген.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарынан ауа райының қолайсыз кезеңдерінде мүмкіндігінше қандай да бір сапарлар мен саяхаттарды кейінге қалдыруды сұрайды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП