Қайран біздің әкелер, соғыс көрген...

Отбасы фотоальбомдары мен 2023 жылы баспадан шыққан «Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен» атты кітапты парақтап отырып, осы мақаланың жазылуына себепкер болған соғыс ардагері, майдангер Серікбек аға туралы көптеген қызықты мәліметтерге кезіктім. Адам тағдыры, майдангер тағдыры көз алдымда кинолентадай жылжып өтіп жатты. Сұрапыл соғысқа 19 жасында қатысып, кескілескен майданда екі рет жарақат алып, ұзақ уақыт бірнеше әскери госпитальдарда емделіп, жеңісті жақындатуға үлесін қосып, туған елге оралып, қажырлықпен қызу еңбекке араласып, көп жылдар құқық қорғау саласында абыроймен еңбек еткен Серікбек Орынбекұлының өмір белестері тақтайдай теп-тегіс болмапты.
Назарларыңызды Серікбек ағаның өз қолымен 1974 жылдың қыркүйек айында жазылған өмірбаянына аударайық. Онда былай деп баяндалыпты: «Мен, Орынбеков Серікбек, 1922 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Ленин атындағы ауыл советінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. В.И.Ленин атындағы орта мектепті тәмамдап, 1942 жылы 1 қаңтарда Сарысу аудандық әскери комиссариатымен әскерге алындым. Алғашқыда Алматы қаласында құрылған 29-шы атқыштар полк құрамында әскери дайындықтан өттім. Наурыз айында сол әскери құрамымызбен майданға аттандық. 1942 жылы сәуірде Харьков түбінде соғысқа қатысып, сәл кейін 503- ші атқыштар полкының құрамына енгізіліп, Сталинград түбіндегі соғыс даласында 1.09.1942 күні жарақат алдым. Астрахань қаласындағы №375-ші әскери эвакуациондық госпитальда емделдім. Одан сауығып шыққаннан соң №159 ерекше атқыштар бригадасында болып, соғысқа қатысуымды жалғастырдым. 1943 жылдың көктемінде №130 атқыштар дивизиясының №151–ші барлаушылар ротасына барлаушы болып ауыстырылдым. 1943 жылы 30-шы шілдеде Донецк облысының майдан даласында екінші рет жарақат алдым. Астрахань қаласының №5468 эвакуациялық әскери госпиталында ұзақ уақыт ем-дом қабылдадым. Денсаулығыма байланысты ары қарай соғысқа жарамай, 1944 жылдың маусым айының соңына қарай медкомиссияның шешімімен демоблизацияландым. 1944 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың 15 наурызы арасында Сарысу аудандық әскери комиссариатында, одан кейінгі жылдары қызметім ішкі істер бөлімінде, яғни құқық қорғау органдарында болды. Алғашқы кезде (15.03.1945 – 16.08.1949) Сарысу аудандық НКВД секреатарь- счетовод, 1953 жылдың 13 наурызынан 1961 жылдың 1-ші шілдесіне дейін Байқадамның комендатурасында комендант, одан кейінгі жылдары Сарысу аудандық милицияның паспорт столының бастығы қызметін атқардым. 1.07.1963 жылға дейін Талас аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек еттім. 1965 жылдың 29-ші қаңтарына Қаратау қаласының милициясында тергеуші болдым. 29.01.1965-14.12.1966 жылдары Қаратау қалалық ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары, одан 1.07.1969 жылға дейін тергеуші, аға тергеуші қызметін атқардым. 1974 жылдың 13 тамызына дейін облыстық ішкі істер басқармасында аға тергеуші болдым. Одан кейін Жамбыл қаласындағы Завод аудандық милиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметінде болып жүріп зейнетке шықтым.
Әкем – Үсенбаев Орынбек, 1897 жылы туған. Ұлы Отан Соғысына алынып, хабарсыз кеткен.
Анам – Үсенбаева Ақбике, 1885 жылы дүниеге келген. Бізбен бірге тұрады.
Әйелім – Жиенбаева Дауылкүл, 1925 жылы туған. Қаратау байыту комбинатында жұмысшы.
Балаларым:
1.Орынбеков Мұханмадияр, 1946 жылы туған, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы университеттің философия факультетін озық тәмамдап, кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған. Қазақстанның Ұлттық академиясының аға ғылыми қызметкері, профессор.
3.Орынбекова Дамеш, 1952 жылы туған. Қаратау қаласының Ю.Гагарин атындағы орта мектепте мұғалім.
4.Орынбекова Дина, 1955 жылы туған. Шымкент педагогикалық институтында ұстаз.
5.Орынбеков Бекболат, 1957 жылы туған. Алматы политехникалық институтының Қаратаудағы филиалының студенті.
6. Орынбекова Айкен, 1960 жылы туған.
7. Орынбекова Ақтолқын, 1962 жылы туған.
8. Орынбекова Айгүл, 1964 жылы туылған, бәрі мектеп оқушылары.
Білімім: 1960 жылы ҚазГУ-дің заң факультетін сырттай тәмамдадым.
1944 жылдың қараша айынан бері КПСС мүшесімін. Қызмет бабында жаза, сөгіс және тағы басқа ескертулер болған емес.
Көптеген мемлекеттік медальдармен, Ішкі Істер министрлігінің мақтау грамоталарымен, төсбелгілерімен марапатталғанмын.
С.Орынбеков 10.09.1974.».
Мені қызықтырған тағы бір дүние – отбасында майдан даласынан 1942- 1944 жылдары жазылған ондаған үшбұрыш хаттардың, уақытпен сарғая бастаған ақ-қара түсті фотосуреттердің ерекше ұқыптылықпен сақталғандығы.
Жылдар жылжып, айлар бәйгеге түскен жүйрік сәйгүліктей зулап уақыт деген уыста тұрмай, еш жеткізбей алға тартып барады. Өткен жылдарға ой жүгіртіп, кеткен күндерді електен өткізіп, сағынышқа толы кезеңдерді еске алып, кей сәтте көңілді толқытатынымыз бар. Иә, «Әкеңіз туралы не айтасыз?» дегенде әкемнің бейнесі көз алдыма келіп тұра қалғандай болды. Әкеміздің арқасында жаманшылық көрмедік, отбасымыздағы береке тірлік, баянды бақытты шақ күні кешегідей көңілде сайрап тұр.
Әкеміз Серікбек замандастарының арасында білімділігімен, өмірге деген өз көзқарасымен, жағымды мінезімен ерекшеленді. Ұлы Отан соғысынан жарадар болып елге оралғаннан кейін, қызметсіз көп жүрмей, 1944 жылы қызу еңбекке араласып кетті. Сарысу аудандық құқық қорғау қызметіне лейтенант шенімен орналасып, паспорт столының бастығы, кейін зейнетке шыққанша тергеу қызметкері болып, сол салада абыроймен еңбек етті. 1945 жылы Игілік ауылының бойжеткені Дауылкүл Жиенбайқызымен шаңырақ көтерді. Шешеміз 1925 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Шешемнің екі сіңлісі Сырғакүл мен Сарқыт бізбен бірге тұрды. Өмірдің ыстық-суығына, бары мен жоғына аса түсіністікпен қарап, біздерді, ұл-қыздарын мәпелеп өсіріп, жақсы тәрбие берді, еңбекке баулыды. Әрине, шиеттей бала-шағаны (үш ұл мен бес қыз) қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай топалаң соғыстан кейінгі ауыр кезеңде тәрбиелеп, өсіру жеңіл жұмыс болмағаны белгілі. Бірақ, сол қиындықтарды әкеміз бен анамыз жеңе білді. Бәрімізді тәрбиелеп, аяғымызға тұрғызып, жоғары білім берді. Олар ата- аналық парыздарын біздің алдымызда толық орындады. Сондықтан олардың рухына әркез басымызды иеміз.
Әкеміз Серікбек ішкі органдарда қызмет ете жүріп, 1960 жылы ҚазМУ- дің заңгерлік факультетін сырттай «қызыл дипломмен» үздік тәмамдады. Ұзақ жылдар, яки 1961 жылдан Шолақтау поселкесінде – Қаратау қалалық ішкі істер басқармасында тергеуші, аға тергеуші, бөлім бастығы, қалалық ішкі істер басқармасының бастығының орынбасары (1967 жыл) қызметтерінде болды. 1970-шы жылдары облыс орталығын Жамбыл қаласына қызметке ауысып, облыстық тергеу басқармасының бастығы болып қызмет етті. 1975 жылы майдан даласында алған жарақаты – сан етіндегі қорғасын оқ белгі беріп, Алматыдағы республикалық госпитальда жатып, ота жасатты.
Бірақ, жарақат денсаулығына әсер етіп, бір аяғымен ақсап жүретін болды. Майор шенімен зейнетке шыққаннан кейін Қаратау қаласында нотариальдық кеңсе ашып, бірер жыл нотариус болып еңбек етті.
Серікбек әкем соғыс туралы көп әңгіме қозғамайтын. Тек анда- санда, көңілі түссе, өткен өмірі мен көзімен көрген аласапыран соғыстан сиректеу естеліктер айтатын. Мысалы, Сталинград қаласында және оның маңайында қырғын, кескілескен соғыс болғаны тарихтан белгілі. Бірде Орта Азия мемлекеттерінен әскерге алынған жас солдаттар келе жатқан әскери эшалонына немістер тұтқиылдан шабуыл жасап, оқ астына алып, тас-талқан етіп, майдан даласына жетпей-ақ жас өмірлері қиылғаны жүректі ауыртады. Тағы бірде Дон өзені жағасында кескілескен, текетірес қырғын қантөгіс соғыс болады. Өзеннің арғы жағы мен бергі жағасы 800 метрдей. Суға жүзе білетін солдаттар шамалы екен. Сондықтан, аттарының жалынан, құйрығынан ұстап суық суда олармен бірге әупірімдеп қарсы жағаға жеткендер болған. Бораған оқ пен снарядтардың жарылысынан солдаттар қынадай қырылып жатты. Сонда кейбір солдаттар командирлерінің бұйрықтарын орындамай, олардың өздеріне қарсылық жасаған кездер болады. Тіпті, командирін атып тастаған оқиғалар да тіркеледі. Соғыс елді есеңгіретіп, көптеген қиындықтар туғызғаны белгілі. «Біздің көргенімізді жастар, балаларымыз көрмесін. Елде тыныштық болсын», – деп отырушы еді жарықтық әкеміз.
– Әкем өте сауатты, сөзге шешен, іске келгенде тым шебер кісі болды. Көңілі көтеріңкі кездері ашық аспандай ашылып, жақынға да, жатқа да ақтарыла әңгімесін айтатын еді. Ал, былайғы күндері үнемі бір ойдың, «қайтсем екен?» дегендей, сұрақтың жетегінде жүретін. Әкемді қарапайым еңбек, қара жұмыс шыңдады, шынықтырды, өсірді. Таза еңбектің, маңдай термен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты.
Әкем 19 жасында әскерге алынып, 1942-1944 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында екі рет жарақат алып, әскери госпитальдарда емделіп, арнайы медкомиссияның шешімі бойынша елге оралды. Елдегі қиындықтарды, жұрттың тұрмыс- тіршілігін көзімен көріп, уақыт созбай еңбекке араласады. Аудандық әскери комиссариатына қарапайым қызметкер болып жұмысқа орналасып, кейінірек ішкі істер қызметіне ауысып, қалған барлық саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Осылайша, тіршілігі қара қазандай қайнаған өмірде әкемнің еңбек жолы басталады. Оның айтуынша, бала кезінде әкесінен айырылыпты. Өзінің қабілет-қарымымен, әспеттеп айтқанда қайраты қара тасты үгіткен бойындағы бұла күшімен жалғыз анасын жанына ертіп, Байқадамға келуінің өзі естіген адамды бей-жай қалдырмайтын құбылыс емес пе? Бұрын-соңды көз көріп, еті үйренбеген мекенге сіңіп кету даланы жатырқамаған жігітке қиынға соқсын ба? Керісінше, қыстақтағы ескі үйлердің біріне орналасып, өңірдің тыныс-тіршілігімен етене танысып, қызу еңбекке араласа бастайды. Өз күшімен Байқадамда саман кірпіштен үй тұрғызыпты. Үйіміздің есігі әркез ашық болып, қонақтардан үзілмейтін. Бір шаңырақың астында 5 қыз, 3 ұл тату-тәтті өмір сүрдік. Перзенттерінің барлығы бұл күндері жоғары білім алған, еліміздің әр түкпірінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр.
Әкем мінезге бай, көпшіл еді. Алдына келген адамдардан көмегін аямайтын. Музыкалық аспаптарды (домбыра, қобыз, баян) бір адамдай меңгеріп, бізді де оған үйретті. Менің гитарада ойнап, ән салатыным, сірә, әкемнің қанынан берілген болу керек.
Адамзаттың асылы с ана лған Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бауырынан тараған балаларын көзінің нұрына балаған емес пе? Сол сияқты әкем Серікбек пен анам Дауылкүл де Алланың берген байлықтары – балаларын көп көрмей, олардың дендерінің сау, өмірлерінің өрісті болуларына жан жүректерімен ерекше мән берді. Біздер үшін табан етін сөгіп, маңдай терін төгіп жүріп, тәлімді тәрбие берді. Әрқайсымыздың білім алып, білікті маман атануымызға аянбай еңбек етті, тер төкті. «Серікбек қара қылды қақ жарған әділ адам еді. Қашанда қиянатқа бармай, шындықтың, әділеттің жолымен жүрді», – деп отыратын әріптес-замандастары.
Қаратауда қызмет етіп жүргенде мынадай бір оқиға болады. Орыс жігіттері топтасып алып, қазақ жігіттерін аямай соққыға жығады. Содан екі жас жігіт мертігіп, жарақаттанып ауруханаға түседі. Мұны білген жұрт «Неге бұзақыларды құрықтамайды, неге олар бостандықта жүр?», – деп шу шығарады. Менің әкем ол кезде қалалық милицияда тергеу бөлімше сінің басшысы болатын. Әлгі сотқар, бұзақы орыс жігіттерінің үстінен іс қозғайды. Сөйтсе, әлгі бұзақылардың арасында қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Качесовтың баласы да бар болып шығады. Качесов өз қызметін пайдаланып, бұзақылардың ісін жауып тастауға нұсқау береді. Бірақ, менің әкем: «Жоқ, олай ете алмаймын, заң алдында әркім өзінің ісіне жауап беру керек», – деп еш көнбейді. Кейінірек бір себептерден менің әкемді горкомның партбюросының отырысына шақырып, бірінші хатшы Качесов орынсыз тиісіп, әкемді партия мүшелігінен алмақ болады. Сонда әкем: «Партиялық билетті сіздер берген жоқсыздар. Мен оны сонау 1942 жылы қырғын соғыс даласында, сыр окопта жатып, Отан қорғап жүргенде алғанмын. Сондықтан, мен партбилетімді сіздерге бере алмаймын», – дейді де орнынан тұрып, шығатын есікті тарс еткізіп қатты жауып, жөніне кете барады. Бұл мысалдар менің әкемнің мінезі мен принципшілдігі, қызметіне адал болғанының белгісі емес пе?, – деп еске алады әкесін еліміздің Сенат депутаты Бекболат Орынбеков.
Ия, биыл міне ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлауға әлем болып дайындалып жатырмыз. Ол қандай қиындықпен, қандай еңбекпен келгенін қазіргі жас толқын – жастар терең біле бермейді, сезінулері де қиын. Білсе де, тек кинолар мен оқыған кітаптарынан еміс-еміс біледі. Ортамызды жүрген соғыс ардагерлерінің өзі бүгіндері бірең-сараң, жылдар өткен сайын олар тым сиреп барады. Оған не дейсің? Бұл – өмір заңы. Олардың отбасында сақталып қалған сарғайған фотосуреттері мен майдан даласынан, сыр окопта жатып жазған, оқ-дәрінің исі сіңген үшбұрыш хаттары сол сұрапыл отқа оранған күндерді еріксіз еске түсіреді. Уақыт табымен әбден сарғайған үшбұрыш хаттарда боздақтардың көкірегіндегі көп жай тұмшаланып жатқандай. Әбден тозған, үлбіреген үшбұрыш хаттарды оқи бастағанда жан дүниеңді әлдебір алай- дүлей сезім баурап алады екен...
Ойға беріле отырып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мына жыр жолдары еске түсті:
Ескі көздер бара жатыр азайып,
(Олар жайлы ойламаудың өзі айып).
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық!
Кетті олар. Келмеске енді жол алды,
Қажымайтын солдаты еді қоғамның.
Қасиетін паш етейік олардың,
Қателігін кешірейік олардың...
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді – біріміз.
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей.
Ия, қайран біздің әкелер, соғыс көрген, оның жалындаған, әлемді шарпыған отын сөндіруге үлес қосып, мына бейбіт өмірді сыйлағандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіріп, басымызды иеміз... Рухтарыңыз пейіште шалқысын! Сіздерге мың тағзым!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
облыстың Құрметті азаматы.
Тараз қаласы